Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Шаришев биыл атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей баяндады. Облыста жыл басынан бері «көлеңкелі» экономикаға қатысты 40 дерек анықталған. Маман келтірілген шығын көлемі 1 млрд. теңгені құрағанын, алайда оның 700 млн.-ы өтелгенін айтты.
«Жалпы биыл салық төлеуден жалтарудың 3 фактісі анықталды, оның екеуі бойынша шамамен 500 млн. теңге өндіріліп алынды», – деді Самат Шаришев.
Сондай-ақ заңсыз кәсіпкерлікпен айналысудың 4 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Бұл негізінен акцизделетін өнімнің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық істер. Өңірде бір жыл ішінде 136 мың қорап темекі мен 1 мың литрден астам алкоголь өнімі тәркіленіп, жойылған.
Жеке тұлғалардың цифрлық активтер айналымы бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызметі анықталып, үкім шығарылды. Нәтижесінде мемлекет есебіне шамамен 400 млн. теңгенің мүлкі мен криптоактивтер тәркіленді», – деді департамент өкілі.
Маманның айтуынша, қаржы пирамидаларымен күрес те тұрақты жүргізіліп келеді. Жылда қылмыстың осы түріне қатысты бірнеше дерек анықталады. Биыл қаржы пирамидасына қатысты үш қылмыстық іс тіркеліп, екеуі сотқа жіберіліпті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».