«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚЫ ДЕМАЛЫСТЫ ҚАЙДА ӨТКІЗГЕН ДҰРЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Табиғаты таңғажайып Қызылжар өңірінде қыстың қыраулы, қытымыр күндерінде де демалысты мазмұнды, көңілді өткізуге мүмкіндік мол. Өңірімізде жайдары жаздан гөрі қысқы туризм маусымы ұзаққа созылады. Соңғы жылдары экотуризм мәдениеті біршама артып, табиғат аясында тынығатындар қатары көбейіп келеді. Тұрғындардың дені қыста шаңғы теуіп, шанамен сырғанап, сергіп, серпіліп қайтуға асық.

Қызылжар өңір қысқы туризмді дамы­туға қолайлы аймақ саналады. Петропавл қаласы, Айыртау ауданы аумағында орна­ласқан туристік нысандар қыс айларын­да экотуризм, спорт, сауықтыру бағытын­да келушілерге қызмет көрсетуде. Облыстағы Имантау-Шалқар курорттық аймағында 46 туризм нысаны орналасса, соның тоғызы туристерді қыс уақытында да қабылдауға әзір.

Облыстық кәсіпкерлік және индус- триялық-инновациялық даму басқарма­сының мәліметінше, Айыртау ауданын­дағы қысқы демалыс базалары бір мезгіл­де 916 туристке қызмет көрсете алады. Мұндағы сұлу табиғат демалушыларды ғана емес, сонымен қатар соңғы жылдары туризм саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерді де қызықтырып отыр. Со­ның әсерінен курорттық аймақтың таны­малдығы артып келеді.

Қыста өңірге келген туристер Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған мемо­риалдық кешенге, Айғаным қонысына және Сырымбет ауылында орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этногра­фиялық музейге, Ботай қонысына бара алады.

«Айыртаудағы «Солнечный Вип» де­малыс орны туристерге жыл бойы емдеу- сауықтыру қызметін көрсетеді. Демалу­шылар панта ваннасы, панта бөшкесі, фитобөшке, фито, тұзды ванна, галока­мера, ингаляция, аяқтың гидромассажы, ароматерапия қабылдау арқылы денсау­лықтарын түзете алады. Бал қосылған дәруменді шай ағзаны тазалап, адамға күш-қуат береді. Сонымен қатар қарағай­лы орманда шаңғы тебуге және серуен­деуге болады. Монша мен сауна да бар», – дейді басқарма басшысы Дархан Әм­рин.

Шалқар және Имантау көлдері – әуес­қой балықшылар үшін таптырмас орын. Маманның айтуынша, олар бұл жерлерге отбасымен келіп, демалысты қызықты өткізе алады.

Курорттық аймақта «Изумрудное», «Тұрпан», «Көл жағасындағы үй», «Адам», «Адель», «Қазығұрт», «Имантау», «Заря» демалыс базалары және «Зейнеп» көпса­лалы колледжі туристерге өз қызметтерін ұсынуға әзір.

Шалқар көлінің жағасында орналасқан «Изумрудное» демалыс аймағына келуші­лердің қатары жыл сайын қалыңдап ке­леді. Бұл орталық 100 орынға шақталған. 120 орындық мейрамханасы, 3 моншасы бар. Шаңғы және коньки теуіп, тюбинг­пен сырғанау, аэрошана, квадроциклдер­мен серуендеу үшін барлық жағдай жа­салған.

Петропавл қаласының тұрғыны Айза­та Төлеңгітова жыл сайын қыс маусы­мында «Изумрудное» курорттық айма­ғында демалғанды ұнатады. «Біз бұл орынға желтоқсан және қаңтар айларын­да отбасымызбен баруды дәстүрге айнал­дырғанбыз. Балалар коньки тебуге құмар. Өз басым шаңғы тебуді сол жерде үй­рендім. Қызмет сапасы да жоғары», – дейді ол.

Имантау көлінің жағасында орналас­қан «Адель» ойын-сауық орталығы 105 адамды қабылдай алады. Орталық жанын­дағы 60 орындық дәмхананың тамағы тіл үйіреді, демалушыларға түрлі ем-дом шаралары көрсетіледі, көлде мұздай суға түсетіндер үшін арнайы орын жарақтан­дырылған. Мұнда да белсенді демалысты жақсы көретіндер қарағайлы орманда квадроцикл, аэрошаңғымен серуендеп, коньки және шаңғы тебе алады.

Биыл Айыртау ауданында қысқы ту­ризм нысандарының саны артқан. Енді өңір тұрғындары мен қонақтары Ақкөл көлінің жағасындағы жаңа «Заря» дема­лыс базасына да бара алады. Нысан 50 адамға арналған. Лобаново ауылындағы «Зейнеп» көпсалалы колледжі де қонақ­тарды қарсы алуға дайын. Мұнда 27 қонақ бөлмесі бар, тамақтандыру қарастырыл­ған.

Дархан Әмриннің айтуынша, соңғы жылдары туристер санын көбейту бағы­тында біршама жұмыстар атқарылуда. «Петропавлға келген қонақтар демалыс­тарын элиталық отбасылық «Green park» қонақүй-саябағында өткізе алады. Саябақ аумағында премиум-класты 5 бір қабатты, 3 екі қабатты нысан, 3 шале бар. Қыста жылы самалжайлар, квадро, караокесі бар сауықтыру моншасы орналасқан. Дема­лушылар кәуап қуырып, жылытылатын бассейнде суға шомыла алады. Қонақтар­ға ыңғайлы болу үшін 2 үлкен ашық бас­сейн салынған. Төбешіктен сырғанап, шаңғы тебуге болады. Понимен, хаски иттерімен серуендей алады», – дейді бас­қарма басшысы.

Былтыр мамандар «Көкшетау» мемле­кеттік ұлттық табиғи паркінің бас жоспа­рын бекітті. Қазір ұлттық парк аумағында жер учаскелерін алған 16 инвестор жыл бойы жұмыс істейтін заманауи эко-қона­қүйлер мен глэмпингтер салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеп жатыр. Осы мақсатқа 3,7 млрд. теңге ин­вестиция тартылмақ. Жобаны 2025-2026 жылдары іске асыру жоспарланған. Ту­ристер жыл бойы демалатын нысандар­дың санын ұлғайту және ұсынылатын қызмет спектрін кеңейтуді көздеп отыр.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp