«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«КҮМІС ЖАС» ЖҰМЫСПЕН ҚАМТИДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Статистикаға сүйенсек, біздің қоғамда зейнет жасына жақындаған азаматтарға жұмыс табу қиын. Жұмыс бе­рушілердің көпшілігі қарттарды алғысы келмейтіндіктен, олар еңбек шартынсыз, яғни бейресми түрде істеуге мәжбүр. Алайда елімізде «Күміс жас» арнайы жобасы жүзеге асырылғалы бері зейнет жасына тақаған жұмыс­сыз азаматтар жобаның игілігін көруде.

Облыстық жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасовтың ай­туынша, «Күміс жас» жобасы облыста табысты жүзеге асыры­лып жатыр. Өткен жылы жоба аясында 266 адам, биыл 332 жұ­мыс іздеуші еңбекпен қамтыл­ған. Біліктілігі төмен мамандық­тарды қоспағанда Петропавл қа­ласында 73 адам әртүрлі қызмет салаларында жұмыс істеп, нәпа­қасын тауып жүр. Жалпы аталған жоба іске асқалы бері өңірімізде зейнетке жақындаған адамдар­дың жұмыспен қамтылу деңгейі артқаны байқалады.

2022 жылы іске қосылған «Күміс жас» жобасына зейнет­керлік жасқа дейінгі адамдар қа­тыса алады. Ал соңғы өзгеріске сәйкес, яғни 2023 жылдан бастап аталған жобаға 50 жастан асқан кез келген адам қатысу мүмкін- дігіне ие.

«Күміс жас» жобасы – зей­неткерлік жасқа дейінгі жұмыс істемейтін адамдардың экономи­калық белсенділігін арттыруға және тәжірибесін жас ұрпаққа бе­руді ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерді қолдау­ды қамтамасыз етеді. Мәселен, жұмыс беруші жұмыссыздарды 3 жылға дейінгі мерзімге жұмысқа қабылдайды, ал мемлекет осы уа­қыт ішінде жұмыс берушінің жұ­мыссызға белгілеген жалақысы­ның 60-70 пайызын субсидиялай­ды. Сондықтан аталған жобаның кәсіпкерлік субъектілерін де, жұ­мыс берушілерді де, екі қолға бір күрек табуы қиын егде жастағы адамдарды да қолдауда маңызы зор.

– Еңбек шарты Еңбек ко­дексіне сәйкес жасалады. Субси­диялар мөлшері пайдаланылма­ған еңбек демалысы үшін өтема­қыны ескере отырып заңнамаға сәйкес есептеледі. Жобаға қаты­сушылар жұмыс берушілерден түскен өтінімдерге сәйкес кәсі­порындарға және жекеменшік нысанындағы ұйымдарға 3 жыл­ға дейінгі мерзімге жұмысқа қа­былданады, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов.

«Күміс жас» жобасының игілігін көріп жүргендердің бірі – 61 жастағы Уәлиханов ауданы­ның тұрғыны Қажымұрат Мұқа­шов. Ұзақ уақыт бойы жұмыс із­деген ол биыл жергілікті «Ман­сап» орталығына жүгінген. Оны жоба аясында сауда саласындағы жеке кәсіпкер жүк көлігінің жүргізушісі қылып жұмысқа қа­былдапты.

– Мен көңілімнен шығатын, ыңғайлы жұмыс тапқаныма қуа­намын. Жұмыссыз жүрген за­мандастарыма осы бағдарламаға қатысуға кеңес берер едім. Біз секілді зейнет жасына жеткен адамдарға пайдасын тигізіп жат­қан жобаны дайындаған мемле­кетке алғысым зор, – дейді Қа­жымұрат Мұқашов.

Тайынша қаласының тұрғы­ны Ғазизулла Қоздыбаевтың ай­туынша, аталған жоба алпыстың асқарына шыққан азаматқа өзін сұранысқа ие қызметкер ретінде сезінуге мүмкіндік берген.

– Соңғы жылдары аудан кө­лемінде жалақысы мардымды жұмыс таба алмай жүріп қалдым. Осындай бағдарлама бар екенін естіген соң, «Мансап» орталығы­на жүгіндім. Мамандардың нұс­қауымен «Quality» жеке кәсіп­керлігіне моторист-машинист ретінде жұмысқа орналастым. Жұмыс қиын емес, өзіме ұнайды. Бастысы, еңбек етуге ерінбеу ке­рек, – дейді ол.

Екі қолға бір күрек іздеген егде жастағы азаматтар «Күміс жас» жобасына қатысу үшін тұр­ғылықты жері бойынша «Ман­сап» орталығына жүгінеді немесе «Электрондық еңбек биржасы» порталында, я болмаса «Элект­рондық үкімет» порталы арқылы өтінім бере алады. Өтініш берген кезде өзімен бірге жеке куәлігі мен еңбек кітапшасын да ала барғаны жөн.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp