Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің төрағалығымен Қазақстан Республикасында 2025 жылғы ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындау мен өткізуге байланысты ұйымдастырушылық-нұсқаулық мәселелерді шешуге арналған өңірлік көмек комиссиясының екінші отырысы өтті.
Отырыста ауыл шаруашылығы санағына дайындық туралы Ұлттық статистика бюросы облыстық департаменті басшысының орынбасары Марал Нұржаупова баяндама жасады. Облысымызда биыл 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Петропавл қаласында, Қызылжар ауданының орталығы – Бескөлде, Айыртау ауданының Сырымбет ауылында қанатқақты жоба ретінде ауыл шаруашылығы санағы өтті.
Оның негізгі мақсаты – санақ сауалнамасын, әдістемесін, бағдарламалық қамтамасыз етуді, бюджетті бағалауды және мерзімдерін тестілеу. Сауалнамаға заңды тұлғалар да, ауыл шаруашылығы қызметімен айналысатын тұрғындар да қатысты. Барлығы 1894 үй шаруашылығы және 1376 кәсіпорын мен шаруа қожалығы зерттелді.
Ендігі мақсат – келесі жылы өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына сапалы дайындалу. Әсіресе картографиялық материалды дайындау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, санақ қызметкерлерін іріктеу, тікелей сауалнама жүргізу кезеңінде санақ қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне мән берілді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».