Қазақстандық полицейлер жақын шет елдердегі әріптестерімен тұрақты негізде өзара іс-қимыл жасасып тұрады. Мұндай байланыс Ресей Федерациясының үш аймағымен шекаралас орналасқан Солтүстік Қазақстан облысы үшін маңызды.
Биылғы он бір айдың ішінде солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер ТМД елдерінің 38 қылмыскерін анықтап, қолға түсірді. 10 қылмыскер – Омбыда, алтауы Қорған, үшеуі Түмен облыстарында заң бұзған.
Мәселен, қарақшылық қылмысын жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген 26 жастағы ресейлік Мамлют ауданында ұсталды. Ол Түмен қаласының тұрғынын қорқытып, «Toyota» автокөлігін және ақша талап етті деген күдікке ілінген.