«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘКЕННІҢ КӨЗІНДЕЙ КӨК МЕКТЕП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Биыл қазақ әдебиетінің құлагері Сә­кен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толды. Ақынның әдеби мұрасынан бө­лек артында атқарған игі істері қалды.

Тайынша ауданына қарасты Аймақ деп аталатын шағын ауылдың тамыры тереңде жатыр. Бұл ауылдың іргетасы­ның қалануына, ондағы білім ошағы­ның салынуына қазақтың біртуар ақы­ны Сәкен Сейфуллиннің үлес қосқанын біз мақтан етеміз.

Мақала тақырыбына терең бойламас бұрын Алаш ардақты­сының басшылық қызмет атқар­ған жылдары ұлт болашағы жо­лындағы ерен еңбектеріне тоқта­лып өткеніміз жөн болар. Сол кездегі үкімет басында отырған Сәкен қандай да бір құжатқа қол қойса да, мөр басса да қазақ бала­сының болашағына басымдық беріп отырған. Бір ғана «Еңбекші қазақтың» өзіне үлкенді-кішілі 200-дей мақала жазып жарияла­ған. Тақырыптары әр алуан. Кө­терген мәселелерінің әрқайсысы «атан түйеге жүк боларлықтай». Сәкеннің қазақтың жоғын ізде­ген публицистикалық мақаласы да, не істерін білмей дал болған жасқа тығырықтан шығатын жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсеткен мақаласы да, соқыр көретіндей, керең еститіндей төгіп-төгіп айт­қан саяси-әлеуметтік өткір ойла­ры да, бетің бар, жүзің бар демей «сөгіп» айтқан азаматтық сөздері де «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде айнадай жарқырап жа­тыр. Сәкеннің «қазақ» деп соқ­қан жүрегін, «қазақ» деп төккен терін көргісі келетін әр оқырман 1923 жылдың 15 ақпанында «Ең­бекші қазақ» газетінде жарияла­ған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақаласын оқуы керек.

«Қазақты орыстар киргиз деп келеді, орыс патшасының төре­лері, жасауылдары қазақты бір түрлі мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде бір түрлі менмендік қияпатпен, қорлаған мазақпен айтатын… Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда «ах, ты Палкан, киргиздан да жаман­сың» дейтін… Қазақты қорқыт­қанда көзін алартып, тісін қайрап; «у,у,у, Киргиз!» деп ызбарланып айтатын», – деген сөздерден Сә­кеннің қазақтық қаны қайнап, ыза­ға булығып айтып отырғаны сезі­леді. Қазақ баласын оқу-білімге үгіттеуден жалықпаған Сәкен «Әр қазақтың жадында оқу болсын» де­ген мақаласында: «Қазақ халқына ең әуелі оқу керек, оқу керек, оқу керек!», – деп сауаттандыруға жал­пы қазақты үндейді. Мақаламыз­дың әлқиссасында айтып кеткен Аймақ ауылындағы мектеп іргета­сының қалануы асыл тұлғаның асыл мұратынан туған идея.

1927 жылы «Октябрь» ұжым­шары (бертінге дейін ауыл осылай аталып келді) құрылды. Оны құру үшін өңірге сол кездегі Халық ко­миссарлары кеңесінің төрағасы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәкен Сейфуллиннің арнайы келгенін тарихи құжаттар дәлел­дейді. Бұл оқиға туралы филоло­гия ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішев “Ескір­мейді естелік” атты кітабында да жазған. Ақынның жары Гүлбаһ­рам Батырбекқызы сол сәтті бы­лай деп еске алған екен: «… 1927 жылы жер және шабындық бөлісі болған кезде Сәкен қазіргі Көкшетау облысы, Чкалов ау­даны, Абай совхозы орнаған жерде үкімет тапсырмасын орындап, оған «Жаңа Аймақ» деп ат қойып, үлкен мектеп үйін салғызып еді. Жаңа аймаққа атақты Үкілі Ыбырай келіп, бір­неше күн аунап-қунап бізбен бірге жатқаны әлі есімде. Қолы жұмыстан босай қалғанда Сә­кен өзінің атақты «Құлагер» поэмасының соңғы тарауларын сонда жазып, Қызылордадан Ташкентке кетейік деп жатқан­да редакциясын маған көрсет­кені, оны баспаға беріп кеткені әлі күнге дейін көз алдымда…».

Сәкен Сейфуллин жаз бойы өзі ашқан Аймақта жатып, қыруар жұмыс атқарған. Мектеп қана емес, оның жанына интер­нат та салдырған. Сол интер­натта жақын маңдағы ауылдар­дан келген балалар жатып оқы­ған. Интернатқа сыймағандары ауыл тұрғындарының үйлерінде тұрып білім алыпты. Маңайда­ ғы ауылдардың тұрғындары бұл оқу ордасын «Аймақтың көк мектебі» деп атап кеткен.

«Сәкен Сейфуллин ашқан Аймақ ауылы» атты кітапта мы­надай дерек келтіріледі: «Алты қанат ақ үй тіккізіп, қызметіне кіріспестен бұрын маңайдағы елдің бетке ұстар азаматтарын жи­наған. Соның ішінде Ортақ елінің сол кездегі басқармасы Мұ­қан, Жаңатілек елінен Ысқақұлы Абдрахман, Қарағаш елінің ту­масы, ақын, сол кездегі «Бостан­дық туы» (қазіргі «Soltüstık Qazaq-stan») газетінің журналисі Жақан Сыздықов та болған екен».

Сәкеннің тапсырмасымен мектептен бөлек артель ашылып, оған Қосшығұл есімді азамат басшылыққа тағайындалады. Ір­гелес жатқан ауылдардың өнер­паздары жиналып, кешкілік уа­қытта ойын-сауық құрып, жұрт­тың көңілін көтереді. Келіпкетіп жатқан азаматтар сойысқа мал, саба-саба қымыз әкеледі екен. Сәкеннің жары мектеп са­лынарда әкеліп жатқан қымыз­дардың ішінен Үмітжан Сәдуа­қасқызының қымызын ұнатады. Бұл жайлы Үмітжанның жиені Тұрсын Тәшкенқызы: «Алты қа­нат ақ боз үй біздің үйіміз болған соң Гүлбаһраммен жиі араласып тұрдым. Айт күні бірге болып, мейрамдап, Гүлбаһрам ауылдың адамдарына айттық үлестірді. Сә­кендерді мектеп біткен соң ел бо­лып шығарып салдық», – деген анасының сөзін келтіреді.

Осы мектептің түлегі Құсни Әутенқызы соғыстан кейінгі жағ­дайды былай есіне алады: «Мен 1951-1954 оқу жылдары Октябрь жетіжылдық мектебінде оқыдым. Соғыстан кейінгі жылдары ин­тернат суық болды, тамақ жоқ, киім де жоқ, өте бір тар заманда өсіп ер жеттік. Шамның әлсіз жа­рығымен сабақ оқитынбыз. Пеш­ке жағатын талды мектепке оқу­шылар әкеледі. Осы интернатта бүкіл Чкалов ауылының балалары оқитын, Аймақ жеті жылдығынан басқа мектеп жоқ болатын».

Өкінішке қарай, Сәкен салған ағаш мектептің ғимараты кейін өр­теніп кеткен. Бұл туралы ақынның жары: «Алпысыншы жылдардың бас кезінде сол мектеп өртеніп кетті деп естідім», – деп жазған.

Үлкендердің айтуынша, мек­теп отқа оранып, оның орнына 1961 жылы қазіргі ғимарат салын­ған. Білім ошағы содан бері де 63 жылдай қызмет етіп келеді. Атауы да бірнеше рет өзгерді. Заман ағы­мына сай әр жылдары «Аймақ сегіз жылдық мектебі», «Октябрь негізгі мектебі», «Аймақ орталау мектебі» атанды. Қазіргі таңда «Аймақ негізгі мектебі» деген атауға ие. Жиырмадан астам ұстаз 59 оқушыны білім нәрімен су­сындатып, үлкен өмірге даярлау­да. Ғимарат бір қабатты. Бөлме­лері аз болғандықтан балалар екі ауысымда оқиды.

Сәкен Сейфуллиннің көзін­дей болған көк мектеп әлі күнге дейін өз жұмысын тоқтатпай оқу­ға құштар өрендердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды.

2027 жылы аталмыш білім ошағы ғасыр тойын атап өтеді. Мектебімізге күрделі жөндеу жүргізіліп, терезе мен есіктері ауыстырылып, жетіспейтін мұ­ғалімдер бөлмесі, кітапхана, ше­берхана, педагог-психолог каби­неттері ашылып, білім ордасына Сәкен Сейфуллиннің есімі беріл­се деген үкілі үмітіміз бар.

Ораз ҚҰТТЫҚОЖА,

Аймақ негізгі мектебінің

директоры.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp