«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУРИЗМНІҢ ТЫНЫСЫ АШЫЛАР КҮН АЛДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада тұрғындармен кездесті.

Вице-министр өз сөзінде Қазақстанның ту­ризмді дамытудағы әлеуеті өте жоғары екенін, соңғы жылдары туристік ағынның айтарлықтай өскенін атап өтті.

«Жыл басынан бері елімізге туристік сапар­мен 11,5 млн. адам келді. Бұл көрсеткіш, өткен жылға қарағанда, екі есе көп. Биыл 306 жаңа қо­нақүй тұрғызылды. Қазақстан туризм бойынша 119 мемлекеттің ішінде 52-ші орында тұр. Екі жыл бұрын 66-шы орында болғанбыз. Мақсаты­мыз – 50 елдің қатарына кіру», – деді Ержан Еркінбаев.

Қазақстан «Bestin Trafel» нұсқасы бойынша саяхаттауға ең қолайлы елдердің тізіміне енген. Жалпы құны 1 трлн.теңгеден асатын 293 жоба іріктеліп алынған.

Биыл іске асырылып жатқан 122 жобаға 120 млрд. теңге қарастырылған. Жол бойындағы қызмет көрсету сервисінің сапасы да жақсарып келеді.

Жиында жергілікті туризм саласын дамыту мәселе­лері талқыланып, инвестициялық әлеуетке ерекше назар аударылды. 525 млн. теңгенің 5 жобасы қолға алынып, инвестиция мөлшері 2 млрд. теңгеге жуықтаған. 115 мың адам табиғаты тамылжыған көрікті жерлерді аралап, та­рихи нысандарды тамашалаған. Имантау-Шалқар ку­рорттық аймағында 36 демалыс базасы жұмыс істейді. Келешекте тынығу орындарының санын арттыру белгі­леніп отыр. Тұтастай алғанда, 9 млрд. теңгенің 21 жоба­сы игерілмек.

Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану ор­талығының бөлім меңгерушісі Сабина Әмірова Айыртау ауданына мүмкіндігі шектеулі балаларды демалуға апар­ғанмен, толыққанды әлеуметтік жағдай жасалмағанын айта келіп, оның бір мысалы ретінде арнайы дәретхана­лардың орнатылмағанын жеткізді.

«Сауал өте орынды. Біз қанша жерден зәулім ғима­раттар, қонақүйлер салып, туризмді дамытамыз десек те, жолдар мен дәретханалар талаптағыдай болмаса, атқа­рылған жұмыстар желге ұшқанмен бірдей. Бұл мәселе кейбіреулерге ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, демалыс аймақтарын дамытуға үлкен кедергі келтіреді», – дей келіп, Ержан Еркінбаев көптеген ту­ристік ғимараттар жаңартылып, жолдардың жөндел­генін, енді демалыс орындарындағы дәретханаларды қалыпқа келтіру шаралары қарастырылып жатқанын айтты.

Туризм және спорт вице-министрі облыс аумағын­да орналасқан бірқатар туристік және спорттық нысан­дарды аралап, жағдайымен танысты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp