Өңірде «МСАК көшбасшысы» байқауы қорытындыланды. Оны «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы ұйымдастырды. Қыркүйек айынан қараша айына дейін өткен байқауға 18 медициналық ұйым қатысты. Оның 13-і аудандық, бесеуі – қалалық емхана.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қаныш Бижановтың айтуынша, өңірде алғашқы медициналықсанитарлық көмекті 19 медициналық ұйым, 13 аудандық, 6 қалалық мекеме көрсетеді. Оның ішінде үшеуі – жекеменшік. Емханаларда көрсетілетін алғашқы медициналық-санитарлық көмек – бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің орталық буыны. Диагностиканы және емдеуді қамтитын медициналық көмектің орны ерек. Өткізілген байқау міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі бастапқы медициналықсанитарлық көмек көрсететін ұйымдардың маңыздылығын айқындады.
– Байқаудың негізгі мақсаты – медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру. Өйткені, тиімді алғашқы медициналық-санитарлық көмек әртүрлі аурулардың алдын алуда және ерте кезеңде анықтауда маңызды рөл атқарады. Байқауға қатысушылардың белсенділігі, ақпараттық материалдарды жариялауы, МӘМС туралы түсіндіру және науқастарды қолдау қызметтерін ұйымдастыруы бағаланды, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Айнагүл Дәулетшина.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды жеңіп алған Ақжар аудандық ауруханасына фармацевтикалық хф-400-2 «ПОЗИС»тоңазытқышы табысталды. Екінші орынды иеленген №1 қалалық емханаға фармацевтикалық хф-250-2 тоңазытқышы, ал үштікті түйіндеген Қызылжар аудандық ауруханасына Мed well ТКМ-3 арбасы сыйға берілді. Сонымен қатар байқау комиссияның шешімімен Айыртау аудандық ауруханасына ынталандыру сыйлығы – бактерицидтік ауа рециркуляторы табысталды.
Байқаудың жоғары деңгейде өтуіне «Гелика» және «КАЗАХМЕДИМПОРТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері демеушілік көрсеткен.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».