Қызылжар ауданындағы Надежка ауылында тұратын Константин Кириллов жиырма бес жыл қой шаруашылығымен айналысып келеді. Өзінің кәсібін дамыту арқылы ол ауылда тұрып та мол табысқа кенелуге болатынын дәлелдеуде.
Ширек ғасырдан бері қой өсірумен айналысып келе жатқан кәсіпкер бұл істі алғашында бар-жоғы он қоймен бастаған. Бүгінде оның шаруашылығында шамамен 650 бас түлік бар. Кезінде бұл істі кеңейту жоспары болмағанымен, уақыт өте келе бизнесі өркендеп, табысты жобаға айналған. Бүгінде ол өңірдегі өзге аудандарға да сапалы қой етін жеткізеді.
Константиннің шаруашылығында асыл тұқымды қойлар да өсіріледі. Олардың ішінде жүні жұқа африкалық дорпер тұқымы ерекше орын алады. Оны кәсіпкер Беларусь елінен әкелген екен. Бұл тұқым фермерлер арасында жоғары бағаланады, себебі дорперлер жергілікті климатқа тез бейімделіп, жоғары өнімділік көрсеткен. Қойдың салмағы 120 кило- грамға дейін жетеді, ал ұрғашы қойлар әр төлдегенде егіз табады. Қазіргі таңда Қызылжар ауданында арнайы қой сою цехтары тапшы. Бұл қой етін сатуда белгілі бір қиындықтар туғызады. Константиннің айтуынша, жергілікті нарықта ет сату үшін арнайы анықтамалар қажет. Талапқа сай мал арнайы орында сойылуы тиіс. Сондықтан фермер өзінің жеке сою цехын ашуды жоспарлап отыр. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, өнімді тікелей тұтынушыларға жеткізуге мүмкін- дік береді.
Кәсіпкер мемлекет қолдауын көріп келеді. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8,6 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Бұл қаражатқа фермер 123 бас қой сатып алып, шаруашылығын кеңейтіпті. Оның айтуынша, 2,5 пайыз мөлшерлемемен берілетін несиенің шарттары өте тиімді, қарызды қайтару айтарлықтай қиындық тудырмайды.
Қазіргі уақытта Константин екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер шөпті де күздей өзі шауып, жинап алады. Биыл шамамен 400 тонна шөп дайындаған, ал жем басқа ауыл шаруашылығы өндірушілерінен сатып алынады. Фермер болашақта жер сатып алып, астық өсіруді де көздеп отыр.
«Ауыл – тыныш әрі жайлы мекен, еңбектенуге ниет болса, мұнда жақсы, бақуатты өмір сүрудің мүмкіндігі мол» – дейді Константин Кириллов.
Фархат ТАСТАМБЕК.