«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНІМІ ҚОЙДЫҢ КӨЛ-КӨСІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданындағы Надежка ауылында тұратын Константин Кириллов жиырма бес жыл қой шаруашылығымен айналысып келеді. Өзінің кәсібін дамыту арқылы ол ауылда тұрып та мол табысқа кенелуге болатынын дәлелдеуде.

Ширек ғасырдан бері қой өсірумен айналысып келе жатқан кәсіпкер бұл істі алғашында бар-жоғы он қоймен баста­ған. Бүгінде оның шаруашылығында ша­мамен 650 бас түлік бар. Кезінде бұл істі кеңейту жоспары болмағанымен, уақыт өте келе бизнесі өркендеп, табысты жо­баға айналған. Бүгінде ол өңірдегі өзге аудандарға да сапалы қой етін жеткізеді.

Константиннің шаруашылығында асыл тұқымды қойлар да өсіріледі. Олар­дың ішінде жүні жұқа африкалық дорпер тұқымы ерекше орын алады. Оны кәсіп­кер Беларусь елінен әкелген екен. Бұл тұқым фермерлер арасында жоғары баға­ланады, себебі дорперлер жергілікті кли­матқа тез бейімделіп, жоғары өнімділік көрсеткен. Қойдың салмағы 120 кило- грамға дейін жетеді, ал ұрғашы қойлар әр төлдегенде егіз табады. Қазіргі таңда Қы­зылжар ауданында арнайы қой сою цех­тары тапшы. Бұл қой етін сатуда белгілі бір қиындықтар туғызады. Констан­тиннің айтуынша, жергілікті нарықта ет сату үшін арнайы анықтамалар қажет. Талапқа сай мал арнайы орында сойы­луы тиіс. Сондықтан фермер өзінің жеке сою цехын ашуды жоспарлап отыр. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, өнімді ті­келей тұтынушыларға жеткізуге мүмкін- дік береді.

Кәсіпкер мемлекет қолдауын көріп келеді. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағ­дарламасы аясында 8,6 млн. теңге кө­лемінде жеңілдетілген несие алған. Бұл қаражатқа фермер 123 бас қой сатып алып, шаруашылығын кеңейтіпті. Оның айтуынша, 2,5 пайыз мөлшерлемемен берілетін несиенің шарттары өте тиімді, қарызды қайтару айтарлықтай қиындық тудырмайды.

Қазіргі уақытта Константин екі адам­ды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер шөпті де күздей өзі шауып, жинап алады. Биыл шамамен 400 тонна шөп дайында­ған, ал жем басқа ауыл шаруашылығы өндірушілерінен сатып алынады. Фермер болашақта жер сатып алып, астық өсіруді де көздеп отыр.

«Ауыл – тыныш әрі жайлы мекен, ең­бектенуге ниет болса, мұнда жақсы, ба­қуатты өмір сүрудің мүмкіндігі мол» – дейді Константин Кириллов.

Фархат ТАСТАМБЕК.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp