Қызылжар креативтік орталығында «Ауылға кітап» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған әлемдік бестселлер туындылардың тұсаукесері өтті. «Мазмұндама» баспасының мамандары аударған шығармалар ауыл мектептеріне сыйға берілді.
Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, «Мазмұндама» баспасының басшысы Теңіз Сейілхан, «ForteBank» облыстық филиалының директоры Диас Қазыбаев игі бастаманың өңіріміздің рухани өміріндегі маңызы туралы айтты.
–«Ауылға кітап» жобасы тек кітап шығарумен ғана шектелмейді. Оның негізгі мақсаты – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал ету. Адамды рухани байытатын кітаптардың қазақ тілінде қолжетімді болуы үшін орасан зор жұмыс атқарған «ForteBank» өңірлік филиалына және «Мазмұндама» баспасына ерекше алғысымды білдіргім келеді, – деді Жүсіп Жұмағұлов.
«Мазмұндама» баспасының басшысы Теңіз Сейілханның айтуынша, мекеме 2018 жылы құрылған. Әлемдік бестселлерді қазақ тіліне аударумен айналысып келе жатқан ұйым 6 жыл ішінде 550-ден астам туындының тұсауын кесіпті.
Жоба аясында әлемнің ондаған тілдерінде жарық көрген және миллиондаған данамен сатылған 6 культтік кітап мемлекеттік тілге аударылған. Джордан Питерсонның «Өмірдің 12 ережесі», Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсонның «Мемлекеттер неге дамымай қалады?», «Биліктің, өркендеу мен кедейліктің бастауы», Тони Шейдің «Қуаныш сыйлау», «Неге деген сұрақтан бастаңыз» Ұлы көшбасшылар әрекетке қалай шабыттандырады», Фрэнк Герберттің «Құмбел», Рид Хастингс және Эрин Мейердің «Ережесіз ереже. Netflix және ерекше басқару мәдениеті» туындылары өңір мектептеріндегі кітапханалардың сөрелерін толықтырды.
Бұл жинақтарды басып шығаруға «ForteBank»-тың өңірлік филиалы қолдау көрсетті. Қаржы ұйымы барлық алты кітаптың 3000 данасын шығаруға қаржы бөлген.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».