Петропавлдағы Орталық алаңда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен жаңажылдық бас шыршаның шамын жағу салтанаты өтті. Көңілді кеш барысында Аяз ата мен Ақшақар көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тұрғындар жергілікті өнерпаздар әзірлеген мерекелік концертті ерекше ықыласпен тамашалады.
«Санаулы күндерден кейін біз жаңа 2025 жылға қадам басамыз. Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін сынақтарға да, игі жақсылықтарға да толы болды. Келер жылдың да қуаныш пен береке алып келетініне сенеміз. Өнерпаздар әзірлеген мерекелік бағдарлама қалалықтар мен меймандардың көңілінен шығуда. Қаламыздың орталық көшелерінің әсем безендірілгені көңілге қуаныш сыйлайды», – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Ардақ Есмағамбет.
Орталық алаңдағы мұздан жасалған әсем мүсіндер, түрлі- түсті жарқылдаған шамдар, шағын сәулет нысандары көздің жауын алады. Таңғажайып әлемде жүргендей әсер алған жергілікті тұрғындар «Көңіліміздің керегесін кеңейтіп, баршамызға береке сыйлаған жылдың он екі айына алғысымызды білдіреміз!» – деп тарқасты.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».