Биыл қазақ әдебиетінің құлагері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толды. Ақынның әдеби мұрасынан бөлек артында атқарған игі істері қалды.
Тайынша ауданына қарасты Аймақ деп аталатын шағын ауылдың тамыры тереңде жатыр. Бұл ауылдың іргетасының қалануына, ондағы білім ошағының салынуына қазақтың біртуар ақыны Сәкен Сейфуллиннің үлес қосқанын біз мақтан етеміз.
Мақала тақырыбына терең бойламас бұрын Алаш ардақтысының басшылық қызмет атқарған жылдары ұлт болашағы жолындағы ерен еңбектеріне тоқталып өткеніміз жөн болар. Сол кездегі үкімет басында отырған Сәкен қандай да бір құжатқа қол қойса да, мөр басса да қазақ баласының болашағына басымдық беріп отырған. Бір ғана «Еңбекші қазақтың» өзіне үлкенді-кішілі 200-дей мақала жазып жариялаған. Тақырыптары әр алуан. Көтерген мәселелерінің әрқайсысы «атан түйеге жүк боларлықтай». Сәкеннің қазақтың жоғын іздеген публицистикалық мақаласы да, не істерін білмей дал болған жасқа тығырықтан шығатын жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсеткен мақаласы да, соқыр көретіндей, керең еститіндей төгіп-төгіп айтқан саяси-әлеуметтік өткір ойлары да, бетің бар, жүзің бар демей «сөгіп» айтқан азаматтық сөздері де «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде айнадай жарқырап жатыр. Сәкеннің «қазақ» деп соққан жүрегін, «қазақ» деп төккен терін көргісі келетін әр оқырман 1923 жылдың 15 ақпанында «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақаласын оқуы керек.
«Қазақты орыстар киргиз деп келеді, орыс патшасының төрелері, жасауылдары қазақты бір түрлі мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде бір түрлі менмендік қияпатпен, қорлаған мазақпен айтатын… Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда «ах, ты Палкан, киргиздан да жамансың» дейтін… Қазақты қорқытқанда көзін алартып, тісін қайрап; «у,у,у, Киргиз!» деп ызбарланып айтатын», – деген сөздерден Сәкеннің қазақтық қаны қайнап, ызаға булығып айтып отырғаны сезіледі. Қазақ баласын оқу-білімге үгіттеуден жалықпаған Сәкен «Әр қазақтың жадында оқу болсын» деген мақаласында: «Қазақ халқына ең әуелі оқу керек, оқу керек, оқу керек!», – деп сауаттандыруға жалпы қазақты үндейді. Мақаламыздың әлқиссасында айтып кеткен Аймақ ауылындағы мектеп іргетасының қалануы асыл тұлғаның асыл мұратынан туған идея.
1927 жылы «Октябрь» ұжымшары (бертінге дейін ауыл осылай аталып келді) құрылды. Оны құру үшін өңірге сол кездегі Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәкен Сейфуллиннің арнайы келгенін тарихи құжаттар дәлелдейді. Бұл оқиға туралы филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішев “Ескірмейді естелік” атты кітабында да жазған. Ақынның жары Гүлбаһрам Батырбекқызы сол сәтті былай деп еске алған екен: «… 1927 жылы жер және шабындық бөлісі болған кезде Сәкен қазіргі Көкшетау облысы, Чкалов ауданы, Абай совхозы орнаған жерде үкімет тапсырмасын орындап, оған «Жаңа Аймақ» деп ат қойып, үлкен мектеп үйін салғызып еді. Жаңа аймаққа атақты Үкілі Ыбырай келіп, бірнеше күн аунап-қунап бізбен бірге жатқаны әлі есімде. Қолы жұмыстан босай қалғанда Сәкен өзінің атақты «Құлагер» поэмасының соңғы тарауларын сонда жазып, Қызылордадан Ташкентке кетейік деп жатқанда редакциясын маған көрсеткені, оны баспаға беріп кеткені әлі күнге дейін көз алдымда…».
Сәкен Сейфуллин жаз бойы өзі ашқан Аймақта жатып, қыруар жұмыс атқарған. Мектеп қана емес, оның жанына интернат та салдырған. Сол интернатта жақын маңдағы ауылдардан келген балалар жатып оқыған. Интернатқа сыймағандары ауыл тұрғындарының үйлерінде тұрып білім алыпты. Маңайда ғы ауылдардың тұрғындары бұл оқу ордасын «Аймақтың көк мектебі» деп атап кеткен.
«Сәкен Сейфуллин ашқан Аймақ ауылы» атты кітапта мынадай дерек келтіріледі: «Алты қанат ақ үй тіккізіп, қызметіне кіріспестен бұрын маңайдағы елдің бетке ұстар азаматтарын жинаған. Соның ішінде Ортақ елінің сол кездегі басқармасы Мұқан, Жаңатілек елінен Ысқақұлы Абдрахман, Қарағаш елінің тумасы, ақын, сол кездегі «Бостандық туы» (қазіргі «Soltüstık Qazaq-stan») газетінің журналисі Жақан Сыздықов та болған екен».
Сәкеннің тапсырмасымен мектептен бөлек артель ашылып, оған Қосшығұл есімді азамат басшылыққа тағайындалады. Іргелес жатқан ауылдардың өнерпаздары жиналып, кешкілік уақытта ойын-сауық құрып, жұрттың көңілін көтереді. Келіпкетіп жатқан азаматтар сойысқа мал, саба-саба қымыз әкеледі екен. Сәкеннің жары мектеп салынарда әкеліп жатқан қымыздардың ішінен Үмітжан Сәдуақасқызының қымызын ұнатады. Бұл жайлы Үмітжанның жиені Тұрсын Тәшкенқызы: «Алты қанат ақ боз үй біздің үйіміз болған соң Гүлбаһраммен жиі араласып тұрдым. Айт күні бірге болып, мейрамдап, Гүлбаһрам ауылдың адамдарына айттық үлестірді. Сәкендерді мектеп біткен соң ел болып шығарып салдық», – деген анасының сөзін келтіреді.
Осы мектептің түлегі Құсни Әутенқызы соғыстан кейінгі жағдайды былай есіне алады: «Мен 1951-1954 оқу жылдары Октябрь жетіжылдық мектебінде оқыдым. Соғыстан кейінгі жылдары интернат суық болды, тамақ жоқ, киім де жоқ, өте бір тар заманда өсіп ер жеттік. Шамның әлсіз жарығымен сабақ оқитынбыз. Пешке жағатын талды мектепке оқушылар әкеледі. Осы интернатта бүкіл Чкалов ауылының балалары оқитын, Аймақ жеті жылдығынан басқа мектеп жоқ болатын».
Өкінішке қарай, Сәкен салған ағаш мектептің ғимараты кейін өртеніп кеткен. Бұл туралы ақынның жары: «Алпысыншы жылдардың бас кезінде сол мектеп өртеніп кетті деп естідім», – деп жазған.
Үлкендердің айтуынша, мектеп отқа оранып, оның орнына 1961 жылы қазіргі ғимарат салынған. Білім ошағы содан бері де 63 жылдай қызмет етіп келеді. Атауы да бірнеше рет өзгерді. Заман ағымына сай әр жылдары «Аймақ сегіз жылдық мектебі», «Октябрь негізгі мектебі», «Аймақ орталау мектебі» атанды. Қазіргі таңда «Аймақ негізгі мектебі» деген атауға ие. Жиырмадан астам ұстаз 59 оқушыны білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге даярлауда. Ғимарат бір қабатты. Бөлмелері аз болғандықтан балалар екі ауысымда оқиды.
Сәкен Сейфуллиннің көзіндей болған көк мектеп әлі күнге дейін өз жұмысын тоқтатпай оқуға құштар өрендердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды.
2027 жылы аталмыш білім ошағы ғасыр тойын атап өтеді. Мектебімізге күрделі жөндеу жүргізіліп, терезе мен есіктері ауыстырылып, жетіспейтін мұғалімдер бөлмесі, кітапхана, шеберхана, педагог-психолог кабинеттері ашылып, білім ордасына Сәкен Сейфуллиннің есімі берілсе деген үкілі үмітіміз бар.
Ораз ҚҰТТЫҚОЖА,
Аймақ негізгі мектебінің
директоры.
Тайынша ауданы.