Оқушылар сарайында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен ел Президентінің атынан ұйымдастырылған жаңажылдық шырша мерекесі өтті.
– Жаңа жыл – өткеннен сабақ алып, болашаққа жоспар құратын мереке. Біз әсем, жарқыраған шыршаның жанына жиналып, Жаңа жылды қарсы алуға дайынбыз. Қуаныш пен ғажайыптарға толы мереке әр балаға шаттық сыйласын. Сіздердің әрқайсыларыңыздың білімді, саналы азамат болып өсетіндеріңізге сенемін, – деді өз құттықтауында облыс әкімі.
Іс-шараға өңіріміздің түкпіртүкпірінен озат оқушылар, олимпиада жүлдегерлері, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары, жетімдер мен ерекше қажеттіліктері бар сәбилер жиналды. Балалардың барлығы жылдағы дәстүр бойынша жаңажылдық шырша мерекесіне арнайы тігілген костюмдерін киіп келген. Олар үшін арнайы қойылым дайындалып, әр балаға Мемлекет басшысының атынан планшет, кітап, тәтті сыйлықтар табысталды.
Мерекелік шара кішкентай балақайлардың «Жаңа жыл» атты ән шашуымен басталды. Содан кейін мың бұралған бишілер жиналған бүлдіршіндерге әсерлі хореографиялық туындыларды ұсынды. Түрлі ертегі кейіпкерлері ортаға шығып, театрландырылған қойылым көрсетті.
«Бүгінгі шарадан ерекше әсер алдым. Маған ертегі кейіпкерлері қатты ұнады. Қар ханшайымы Кайды ұрлап әкетіп, құрбысы Герда, Бүркіт, Ганс, қарақшы, бұғы, Күн ана сынды достарымен бірге оны іздеуге кіріседі. Ұзақ, шытырманға толы саяхаттан кейін достары Кайды зұлым ханшайымның уысынан құтқарып қалады. Кейін барлығы қосылып Аяз ата мен Ақшақарды шақырды. Олар ортаға шығып, балаларды Жаңа жылмен құттықтады», – дейді шараның қонағы Ақжар ауданынан келген оқушы Аяулым Қаматай.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».