Биыл 76 солтүстікқазақстандық ит пен мысық асырау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Александр Розбахтың айтуына қарағанда, облыстық мәслихаттың 2015 жылғы шешімімен ит пен мысықты асырау және серуендету ережесі бекітілген. Осы ережеге сәйкес үй жануарларын аулаларда, балалар алаңдарында, мектепке дейінгі мекемелердің телімдерінде, мектеп алаңдарында, емдеу-алдын алу және денсаулық сақтау мекемелерінің аумақтарында, стадиондарда, саябақтарда, саяжолдарда серуендетуге болмайды. Егер де жануарлар кіреберістерде, баспалдақ алаңдарында, спорттық, балалар алаңдарында, гүлзарларда, тротуарларда, саябақ және саяжол аумақтарында дәрет сындырса, оны иелері дереу жинауға тиіс. Иттердің декоративті түрлерінен басқаларын тұмылдырықпен серуендету қажет.
Петропавл қаласында Мәдениет және демалыс саябағында иттерді серуендетуге алаң бөлінген. Сондай-ақ, көп қабатты үйлердің тұрғындары ПИК төрағаларының қатысуымен өтетін жалпы жиналыстарда үйдің айналасынан ит пен мысықты серуендетуге арнайы орындар бөлуге құқылы. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 408-бабына сәйкес ит пен мысықты асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас ит пен мысықты аулау және жою қағидаларын бұзғаны үшін үш айлық есептік көрсеткіш, яғни, 7 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Жалпы жыл басынан осындай құқық бұзушылық үшін солтүстікқазақстандықтар 500 мыңнан аса айыппұл төледі.