«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

60 килограммға жуық марихуана тәркіленді

Облыс полицейлері “Қарасора” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 25 қазанда Петропавлдың Қизатов пен Хименко көшелерінің қиылысында ірі көлемдегі есірткі тасып жүрген күдіктілерді ұстады.

Полицейлер 44 жастағы Петропавл тұрғыны жүргізіп бара жатқан “Toyota Mark” автокөлігін тоқтатқан. Оның қасында 1970 жылы туған серігі болған. Көліктің жүксалғышын тексергенде онда скотчпен оралған, өткір иісі бар өсімдік тектес зат салынған үш қап табылған. Сараптама қорытындысына қарағанда бұл кептірілген марихуана болып шыққан.
Алынған заттың жалпы салмағы – 59 келі 770 грамм болған, бұл аса ірі көлемге жатады. Есірткінің жолаушыға тиесілі екендігі белгілі болды. Оның айтуынша, ол есірткіні белгісіз адамнан сатып алған.
Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті уақытша қамауда ұстау изоляторына қамалды, полицейлер болған оқиғаның мән-жайын анықтауда.
“Бұл – жыл басынан алынған есірткінің ең ірі көлемінің бірі. Жыл басынан бері барлығы 390 кг астам түрлі есірткі заттары, оның ішінде 1 кг 690 грамм синтетикалық дәрі-дәрмек алынды. Қылмыстық жауапкершілікке 85 адам тартылды. Облыста мамыр мен қазан айлары аралығында өтіп жатқан “Қарасора” ЖПІШ аясында есірткімен заңсыз жұмыс істеудің 120 фактісі анықталды”, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp