«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

7 ЖЫЛ, 9 АЙ, 22 КҮН Осынша уақыт боцы қудалау мен сергелдеңге түсіп, қаншама азапты кезеңді басынан өткерсе де, азаматтық тұлғасына мін түсірмеген әскери журналист Боташ Қажымовтың айтары аз емес

СЫЗЫ ЖАТЫР СОЛ КЕЗДЕГІ САЛҚЫННЫҢ…

– Боташ, желтоқсанның ызғарлы кездері қайда болдың?

– Степногорск қаласындағы №6636 әскери бөлімшеде прапорщик болып қызмет атқаратынмын. Бір жағынан, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқитынмын. Жас кезімізде қазақтың батыр ұлдары Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев секілді ағалардай болуды армандаушы едік. Сөйтіп жүргенде дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісі менің алға қойған мақсаттарымды ғана емес, тағдырымды мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді.

– Студент жастардың Мәскеудің әкімшіл-әміршіл өктемдігіне бейбіт түрде қарсы шығып, оның соңы қызыл қанға боялғанын қайдан естідің?

– 17 желтоқсан күні кешке қарай батальонда партия жиналысы өтіп, әскери қызметшілер тегіс қатыстырылды. Біздің негізгі қызметіміз қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау ғой. Сол күні ел шетіне жау тигендей дүрлігіп, әскери дайындықты күшейтуге пәрмен берілді. Ешкім еш нәрсені біліп болмайды. Еститініміз – тек қаңқу сөз. Жиында сөйлеушілер сол оқиғаның ішінен оралғандай Алматыда көшеге шығып, наразылық шеруін ұйымдастырған топты жамандап жатты. Бәрінен де батальон командирінің “олар шеттерінен нашақорлар, маскүнемдер” деп жерден алып жерге салған сөздеріне қаным әбден қарайып, намыс оты бойымды өртей бастады. Жиналғандардың ешқайсысы жақ ашар емес. Ақыры шыдай алмаған күйі орнымнан түрегеліп, даусымды көтере сөйледім.

– Мұндайда қазақ “не бел кетеді, не белбеу кетеді” демеуші ме еді?

– Иә. Сіздің бұл айыптауларыңызбен мүлдем келіспеймін. Мен өз ұлтымды жақсы білемін. Жастар үлкенді сыйлайды, алдын кесіп өтпейді. Жөн сөзге тоқтайды. Ондай теріс әрекеттерге еш уақытта бармайтынына кепілдік беремін деп, ішімдегі запыранды ақтарып салдым.

Кеңестік кездегі әскери тәртіптің өлшемімен қарайтын болсақ, қатардағы прапорщиктің азуын айға білеген командирге қарсы шығуы – қылмыспен тең. Жиналыста отырғандар мұндай оқыс қимылды күтпесе керек, сілтідей тына қалды. Бір қызарып, бір бозарған командир қарсы әрекетке көшті. Қанша айтқанмен, тәжірибесі мол сыралғы қу емес пе?

“Бәлкім, сен де сондай шығарсың? Соларды қолдап отырсың ғой”, – деді кекесінмен. Ұрандар көтеріп, алаңға шыққан ұлтшылдар емес, сана-сезімі жоғары студенттер, деп мен де тістесіп қалдым. “Қазақстанды жергілікті ұлт өкілдері басқаруы керек”, – деп және үстемеледім. Сол-ақ екен, заматта “ұлтшыл, шовинист, экстремист” болып шыға келдім. Содан бастап төбеме қара бұлт үйіріліп, күліп-ойнап жүрген қызметтестерім де, жора-жолдастарым да менен теріс айналды. Сәлемдеспей өте шығатындары жаныма қатты батты.

Арада үш күн өткеннен кейін Целиноградтан полк командирінің орынбасары, подполковник Подлесный арнайы келіп: “Әскер арасында іріткі салып жүргенің қалай? Түсініктеме жаз”, – деп талап қойды.

– Жаңылыппын, жаза басыппын деген пендешілік оймен кешірім сұрауға оқталған жоқсың ба?

– Партия жиналысында айтқандарымды қағазға түсірдім. Обалы не керек, жаны ашығандар болды. Солардың бірі аға офицер С. Сурнин: “Түсініктемені жұмсартып жазғаның жөн”, – деп ақыл қосты. Бірақ мен өз пікірімнен таймадым. Түсініктеменің сиясы кеппей жатып Алматыдан бір полковник пен екі майор сау ете қалды. Осыдан жарты жыл бұрын осындағы түрмеден үш бірдей аса қауіпті рецидивист қашқан кезде бір ғана майор келген еді. Менің “ісім” одан да қауіпті болса керек. Айтқан сөзімнен қайтпайтынымды сезді білем, қарсы шаралар ұйымдастырыла бастады. Мен секілді “асауларды” жуасытып алудың небір амалдарын ойлап тапты.

– Атап айтқанда?

– Солардың бірі – сақылдаған сары аязға қарамастан, жылы тонымды шешкізіп, жарты сағат сап дайындығын өткізді. Жарғыға сай әмірлерін екі етпей өжеттене орындап едім, одан әрі ызалана түсті. Артынша жиналыс өткізіп, әскер қатарынан аластатты. Бұл қорлығы аз болғандай университет ректорына хат жолданып, 1987 жылы наурызда оқудан шығарылдым. Сонда полк командирі орынбасарының: “Егер сен журфакты бітірсең, мен иығымдағы погондарды жұлып тастауға дайынмын”, – деген сөздерін ұмыта алар емеспін.

– Жұмыстан да, оқудан да қуылдың. Алдың – тұман, артың – жар…

– Айтпа. Жел қуалаған қаңбақ құсап ой-қырды көп кездім. Ақыры Сілеті ауданындағы Ақсу тоғызжылдық мектебіне жұмысқа орналастым. Алайда, мұнда көп тұрақтай алмадым. Полктен «Қажымов партия саясатына қарсы шыққаны үшін әскерден шығарылған. Оның ұстаз болуға еш қақысы жоқ» деген хат келіп жетті. Мектеп басшылығы аупарткомнан, оқу бөлімінен өкілдер шақыртып, жиналысқа салды. Соңғы айдың жалақысын да берместен мұғалімдіктен қуды. “Жазған құлда шаршау жоқ” деген. Бұдан кейін Көкшетау аудандық “За коммунизм” газетіне жұмысқа кірдім. Мұнда да аз ғана жұмыс істедім. Әбден ізіме түсіп алған полктен тағы хат келіп, кетуге мәжбүр болдым. Қудалаудың құрығы жетпес алысқа қарамды батырайын деген ниетпен түкпірдегі Куйбышев (қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы) ауданына жол тарттым. Соңымнан тағы “полктің хаты” қуып жетті. Аудан басындағылар төсектерінен бүйі көргендей шошынды. Редактор Владимир Брюллев: “Редакцияда онсыз да маман аз, орнына адам тапқанша шығармаймын”, – деп маған шын жанашырлық танытты. Сонда бір ағайынның үйіне барғанда желкелеп қуып шыққаны есіме түсіп, жанарыма жас үйірілді. Округтік “Боевое знамя” газетінің әскери тілшісі Сапарғали Жағыпаров үнемі қолдау көрсетіп, жігеріме жігер қосып жүрді.

– Ақтау құжаттары қолға тигендегі қуанышты айтпаймысың бәрінен де!

– Мына қызықты қараңыз! 1989 жылы Мәскеуде өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясында ақын ағамыз Мұхтар Шахановтың желтоқсаншыларға қатысты әйгілі сөзін теледидардан бүкіл редакция болып тыңдадық. Сөйтіп, мені жұмыстан шығару мәселесі жайына қалып, өзімді тұңғыш рет еркін сезіндім. 1989 жылы журналистика факультетіне қайта қабылдандым. Оны бітірген соң дипломның көшірмесін “сен журфакты бітірсең иығымдағы погондарды жұлып тастаймын” деген командиріме жібердім. Бірақ ол уәдесінде тұрмады.

Туған жерім Көкшетауға оралғанмен, мамандығым бойынша біраз уақыт жұмыс таппай жүрдім. 1994 жылы 23 маусымда облыстық еңбек биржасының бастығы Д. Қазбеков менің “Степной маяк” газетіне негізсіз жұмысқа тұра алмай жүргенім жайлы әкімдікке хат түсіргенімен, жауапсыз қалды. Тек осы жылы 12 шілдеде Алматы гарнизондық сотының шешімімен толық ақталғанда жан дүниемдегі толқынысты тілмен жеткізу қиын. Әскери қызметіме қайтадан құлшына кірістім. Санап отырсам, қуғын-сүргінге ұшырағаныма тұп-тура 7 жыл, 9 ай, 22 күн болыпты. Бүкіл жұмыс өтілдерім қайтадан қалпына келтірілді. Республика ішкі әскері шығаратын “Қалқан” газетінің Петропавл әскери бөлімінде ұзақ жылдар бойы меншікті тілші міндетін атқардым. Шенім прапорщиктен майорға дейін өсті.

ЕГЕМЕНДІ ЕЛ БОЛАМ ДЕП ШАРҚ ҰРҒАН…

– Боташ, Желтоқсан көтерілісі жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Десек те, демократиялық өскіннің тұңғыш қарлығаштарына баланып жүрген жастарымыз жайлы жергілікті жерлерде аз білетін секілді.

– Сауалың орынды. Біз Желтоқсан жөнінде сөз еткенде көбіне Алматыны ғана әңгімелейміз де, өзге қалаларға онша мән бермейміз. Сондай-ақ, Қайрат Рысқұлбеков, Сәбира Мұхамеджанова, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев сияқты есімдері елге белгілі ұл-қыздар жайлы кеңірек жазылады да, өзгелері жете ескерілмейді. Мәселен, Жамбыл ауданының тұрғыны Дүйсенбай Құрмашев ағамыз Алматы облысында білім жетілдіру курсында жүргенде желтоқсаншыларды қорғап сөйлегені үшін қудаланған. Партия қатарынан шығарылған. Басқалардай бұғып қалмай, өз көзқарасын ашық айтқан азаматтың батылдығы сүйсінтпей қоймайды.

Бұл тақырыпты өзің де көп жылдан бері індете зерттеп келесің. Соның арқасында 30-ға жуық солтүстікқазақстандық жастардың еліміздің әр өңірлерінде өткен қозғалыстарға, шерулерге, митингілерге қатысқаны белгілі болып отыр. Желтоқсан құрбаны Нұржан Қалиасқаров атында қоғамдық ұйым құрдың. Қазір Нұржанның есімі ерекше құрметпен аталады. Ол Алматы сәулет және құрылыс институтының бірінші курсында оқып жүргенде курстастарымен бірге екі күн бойы Брежнев алаңында болған. Қайратпен бір бөлмеде жатқанын біреу білер, біреу білмес. Жаппай жазалау кезінде ұсталып, ауыр соққы алған. Қоғамға қарсы бей-берекетсіз іс-әрекетке қатысқаны үшін кеңестік студентке лайықсыз деп табылып, оқудан, комсомолдан шығарылған. Қайтадан оқуға түсуге екі рет барса да, құжаттарын қабылдамай қойған. Кейін “желтоқсаншы” екенін жасырып, Алматы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түскен. Алған жарақатының асқынуы салдарынан 28 жасында көз жұмған. 1996 жылдан бері волейболдан еске алу турнирі тұрақты өткізіліп келеді. Биылғы шара ел Тәуелсіздігінің – 25, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына арналып отыр. Ондағы мақсат өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу болып табылады. Екі жылдан бері облыс әкімдігінің күнтізбелік жоспарына енгізіліп, өткізілу ауқымы кеңейе түсті. Ол оқыған Тимирязев ауданындағы Ақсуат мектебінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Оқу орындарында, кітапханаларда қоғамдық-саяси, тақырыптық кештер ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан.

Қайрат Оспанов, Жанна Досполова, Боташ Дайыров, Дулат Ғабдуллин, Ләззат Сапарова, Бағдат Мұқанова, Еділ Қожабеков, Нұркен Төлеков секілді жерлестеріміздің бірі сотталған, бірі ауыр жарақат алған. Айта берсе, мұндай мысалдар аз емес.

– Қоғамдық, саяси жұмыстармен де белсене шұғылданып жүрсің ғой?

– Иә, “Желтоқсан ақиқаты” республикалық бірлестігінің облыстық бөлімшесіне жетекшілік ететінім рас. Алты жылдың ішінде ішкі саясат басқармасымен, “Н.Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоғамдық қорымен бірлесе отырып, бірқатар жұмыстардың басы қайрылды. Биыл Астана қаласында Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына орай алқалы конференция ұйымдастырылып, делегат ретінде қатыстым. Онда Желтоқсан сабақтары, өскелең ұрпаққа қадір-қасиетін сездіру, отаншылдыққа баулу тағылымдарын насихаттау сияқты мәселелер көтерілді. Оқиға дегеннен гөрі көтеріліс деп неге баға бермеске деген ұсыныстар да айтылды. Жуырда Достық үйінде “1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы: 30 жылдан кейінгі көзқарас” тақырыбында өткен “дөңгелек үстелдің” ғибраты мол болды. Баяндамашылар тарихи оқиғаның мән-маңызын ашып көрсетіп, жастардың тоталитарлық режімге қарсы күресіне жоғары баға берді.

Жылдағы дәстүр бойынша қазақ мектеп-гимназиясында Нұржан бауырымызды еске алу турнирін өткіздік. Университетте, кітапханаларда, мектептерде, колледждерде түрлі кездесулер, тақырыптық кештер ұйымдастырылды. Басқа да сан-салалы жұмыстар атқарылды. Солардың арасында – облыс орталығындағы көшелердің біріне Нұржан Қалиасқаровтың есімін беру, жерлестеріміз жайлы жинақ шығару, оларға арнап символикалық белгі орнату, тағысын тағылар бар. Петропавлдағы түрмеге төрт желтоқсаншы кезеңмен әкелінген. Олар – атыраулық Алик Мұзафаров, жамбылдық Бақытбек Иманғожаев, алматылық Ержан Мәлібеков және көкшетаулық Қайыргелді Күзембаев. Әрқайсысы 3,5 жылдан 14 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылып, жазаның 8 айын осында өтеген. Мекеме бастығының орынбасары Еркебұлан Бектұров кейбіреулердің қарсылығына қарамастан, олардың тұрақты ем-дом алуларына жәрдемдесіп отырған. Бұл жөнінде жастарымыздың білері аз. Тәуелсіздік күніне орай 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқандарға түрлі әлеуметтік, отбасыларына бір реттік жәрдем сұрау қолы ашық азаматтар мен кәсіпкерлерден өтінілді.

Биыл ел Тәуелсіздігіне – 25 жыл, Демократиялық жаңару күніне 30 жыл толады. Мемлекеттік мерекелер ішіндегі ең ұлығы саналатын егемендігімізді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен. Біз шын мәнінде бақытты ұрпақпыз. Әлемдік қоғамдастық мойындаған демократиялы Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Елбасының “Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын” деген тамаша сөзі бар. Жүрекке жылылық ұялататын, көкейде өшпестей із қалдыратын егемендік, азаттық деген тәтті ұғымдар айтуға оңай болғанымен, оған жету жолындағы кермек дәмді, бұралаң жолды кейінгі ұрпақ біліп өссе дейміз.

Дүниені дүр сілкіндірген жойқын бұлқыныстың Тәуелсіздігіміздің арайлы таңына ұласуы, Елбасымыздың арнайы Жарлығымен 17 желтоқсанның Демократиялық жаңару күні ретінде белгіленуі өткен тарихтың ешқашан ұмытылмайтынын айғақтайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp