Екінші дүниежүзілік соғыс қолына қару алып, қан майданға аттанған, содан хабар-ошарсыз кеткен асыл аталары мен әкелерін, ағалары мен жан жарларын, балалары мен бауырларын әлі күнге дейін күткен, қай жерде қаза тауып, қай жерде жерленгенін білуден күдерлерін үзбеген отбасылар, әулеттер жоқ емес. Солардың бірі – Тұрғыновтар әулеті.
Әулеттің тұтқасы болған Тұрғын мен Қанапия Сақтағановтар бұрынғы Ленин, қазіргі Есіл ауданындағы Бірлік ауылында тұрды. Соғыс басталғанда шаңырақтың тірегі – Тұрғын ауылдан алғашқылардың бірі болып ел қорғауға аттанады. Ұлдың үлкені Бимолда да әкесінің соңынан соғысқа сұранады. Бірақ Ленин аудандық әскери комиссариаты жасың толмайды деп оны кейін қайтарып жібереді. Ақыры Бимолда он сегізге толар-толмаста, 1942 жылы әкесінің артынан майданға кетеді. Тұрғынның жары Қанапия Байман, Амангелді, Сейітжан, Аманжол есімді төрт ұлымен, Қуаныш есімді бір қызымен олардың артында қалады. Өмірдің қыспағына қарамастан, колхозда еңбек етіп, сол ұл-қыздарын өсіріп, оқытады. Соғысқа кеткен Тұрғыннан да, Бимолдадан да еш хабар болмайды. Күйеуі мен тұңғыш ұлы “хабар-ошарсыз кеткендер” тізіміне кірсе де, күдерін үзбейді. Сол жүрегіне батқан қайғы-қасіретпен жүріп, кейуана 2005 жылы 103 жасында дүниеден өтеді.
Тұрғынның ұлы Байман Мамлют ауданында 25 жыл бас агроном болып, қажырлы еңбегімен екі мәрте Ленин орденін кеудесіне тағып, Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Кейінгі ұл-қыздары да өмірден өз орындарын тауып, еңбектерімен елге еленіп, үйлі-баранды болды. Байман мен Сейітжан аналары Қанапияның аманатын әрдайым естерінде ұстап, ұзақ жылдар бойы әкелері Тұрғынды, ағалары Бимолданы іздеп, Мәскеудің тиісті орындарына хат жазумен болды. Іздестірудің соңына түскен Байман мен Сейітжан да өмірден өтті. Осылайша, күдерлері үзіліп бара жатқан шақта Сейітжанның ұлы Ержан Тұрғынов жақында, нақты айтқанда, осы жылдың 10 ақпанында ғаламторды қарап отырып, атасы Бимолда жайында бір хабарды байқап қалады. Ғаламтор дерегіне үңілсе, “Бимолда Тұрғынұлы 1924 жылы туған. СҚО Ленин аудандық әскери комиссариатынан соғысқа алынған. 135 ОИПТД 273-ші атқыштар дивизиясында әскери қызмет атқарған. 1944 жылдың 12 қыркүйегінде Польша жерінде қаза тапқан. Кельпада жерінде жерленген” деген жолдарды оқиды. Сөйтіп, Тұрғыновтар әулеті Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ғана осыдан 73 жыл бұрын соғысқа қатысып, хабарсыз кеткен ет-жақындары – Бимолданың дерегін білді.
Жоламан ШАХАНОВ,
“Асыл мұра” орталығының қызметкері.