Көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсету – адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі. “Жақсылық еккен алғыс орады” демекші, біздің өңірімізде жас та болса ізгі бастамаларымен қайырымдылық шараларға ұйытқы болып жүрген жастар аз емес. Солардың бірі – Бақдәулет Сапархан.
Ол – республикалық “Харекет” қайырымдылық қорының облысымыздағы өкілі. Жақында қор мамандары көмекке мұқтаж петропавлдыққа баспананың кілтін табыстаған болатын. Бұл жолы пәтер кілті тағдыр тәлкегіне төзе білген 4 перзенттің анасы Жанар Мұсабаеваға берілді. Ал былтыр қайырымды жас Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласындағы жалғызбасты әкеге қуаныш сыйлап, баспананың кілтін табыстаған.
– “Харекет” қайырымдылық қоры 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында тұрғындардың қолдауымен мұқтаж жандарды, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Бүгінде бұл игі іс еліміздің өзге де қалаларында қолға алынуда. Қордың көмегімен алғашқы баспана Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласында тұратын көпбалалы отбасына бұйырған еді. Содан бері қор мүшелері бір жүз жиырма бір отбасына баспана сыйлап, қуанышқа бөледі, – дейді Бақдәулет Сапархан.
“Харекет” қоры жайлы әлеуметтік желі арқылы хабардар болған ол қолдауға зәру жандарға көмектесуді ұйғарған. Биыл зерек жас М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тамамдады. Бірінші курстан бастап жетімдер үйіне барып, еріктілермен бірге шағын концерттер ұйымдастырып жүрген ол қайырымдылықпен айналысу әрбір адамның борышы дейді.
– Қайырымдылық қоры “1000 теңгеге баспана” атауымен акция өткізіп тұрады. Бұл шара ешкімнің қалтасына салмақ түсірмейді, ниет танытқан адам қордың есепшотына бір мың теңге ақша салса болғаны. Қажетті қаржы жиналғаннан кейін қор мүшелері мұқтаж жандарға баспана алып береді. Алға қойған мақсатымыз өте көп. Бірнеше қайырымдылық шарасын өткізу жоспарымызда бар, – дейді Бақдаулет Дәуренбекұлы.
Айжан ҚАЛМЫРЗАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.