АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әйгілі “Madison Square Garden” кешенінде өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қазақстанның мақтанышы, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Украинаның мықтысы Сергей Деревянченконы ұпай санымен ұтып, орта салмақта “IBF” және “IBО” нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды.
Сергей Деревянченконың бұл жолғы кездесуге тас-түйін даярлықпен келгені бірден байқалды. Ол атағы жер жарған Геннадий Головкинмен қаймықпай жұдырықтасты. Бірінші раундта ашық соққы алмастырудан тайынбаған Украина боксшысы отандасымыздың ауыр соққысын өткізіп алып, нокдаунға түсті. Оның үстіне қабағы жырылып, ауыр жарақат алды. Дегенмен, Сергейдің сағы сынған жоқ. Қайта шаршы алаңда ширақ қимылдап, үнемі шабуылдау арқылы боксшымызды шаршатты. Бірақ Геннадий де қарап қалмады. Ол да ауыр соққыларын жұмсап, қарсыласының дамылдауына мүмкіндік бермеді. Қос боксшы да артқа бір қадам шегінбей, ринг ортасында тұрып, бір-біріне соққы жұмсаудан шаршамады. Бәсеке аяқталғаннан кейін үш төрешінің барлығы да GGG-дің мықтылығын бірауыздан мойындады – 115-112, 115-112, 114-113. “Compubox” сайты ұсынған статистикалық мәліметке жүгінсек, осы айқас барысында Головкин 720 соққы жұмсап, соның 243-і қарсыласына дәл тиді. Бұл – 33,8 пайыздық көрсеткіш! Деревянченко 738 рет жұдырығын сілтеген екен. Соның 230-ы нәтижелі болды. Бұл – 31,2 пайыздық көрсеткіш! Осылайша, 37 жастағы Геннадий Головкин “IBF” және “IBО” нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Бұл – оның кәсіпқой рингтегі 40-шы жеңісі. 35 бәсекені “GGG” нокаутпен аяқтады. Бір рет ұтылып, тағы бір жекпе-жекте тең есеп тіркелді. Осы бокс кешінде жұдырықтасқан тағы бір жерлесіміз Әли Ахмедов америкалық Эндрю Эрнандесті 44 секундта ұрып құлатып, екінші орта салмақтағы «WBC International Silver» нұсқасы бойынша алтын белбеуін сақтап қалды.