«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“MAǴJAN”-ның КЕЗЕКТІ САНЫ оқырманға жол тартты

Еліміздің рухани өмірінде өзі­нің лайықты орнын алған “Maǵjan” әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналы оқырман қауымның іздеп жүріп оқитын басылымына айналғаны қуантады. Журналдың әрбір жаңа нөміріне айрықша ықыласпен көңіл аударып, оқып шыққанша тағат таппайтынымыз рас. Ендеше, мазмұнымен, әсем безендірілуімен көңілден шыққан журналдың кезекті санының жарық көргенін оқырмандарға құлаққағыс еткеніміз артық болмас.

Биыл қазақ ұлы ойшыл, дара данышпан, айбынды ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толғанын атап өтті ғой. “Maǵjan” жур­налының ұлт руханиятының аспанында қалықтаған бірегей тұлғаларды қалыс қалдырған кезі жоқ. Жалпы атақты данышпанның әрбір сөзінің баға жетпес байлық екенін алғашқылардың бірі болып марғасқа Мағжан ақынның мойындағанын көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық жақсы біледі. Журналдың әлқиссасы да М.Жұмабаевтың “Атақты ақын сөзі – алтын хакім Абайға” атты өлеңімен ашылған.

“Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанды,

Дүние қолын жайып енді күтпес”, – деп өрілген өлең басы­лым санының қандай тақырып аясында өрбитінін дәттейтіндей.

Ардақты тұлғаның қара сөздерінің мазмұны мен маңызы, қазақ қоғамындағы рөлі туралы жерлесіміз, белгілі ғалым Серік Негимовтің “Абайдың даналық әлемі” атты мақаласында жан-жақты сөз болған. Бұл шығармасында автор данышпанның әрбір қара сөзін интеллектуалдық деңгейде сара­лап, салмақтап, әр ұғымның мағынасына терең бойлайды.

Одан өзге журналға енген руханият жанашыры Қуат Есімхановтың “Карантин күнделігі”, жас жазушы Жадыра Шамұратованың “Таң алдындағы айтылмай қалған сыр”, Айдос Әбутәліпұлы­ның соғыс ардагері Жәлел Қизатов туралы жазған “Қызылжардың батыр ұлы”, күйші Серікбай Құсайыновтың “Шалқыған айдын көлде сен бір аққу” атты туындылары көңіл баурайды. Гүлбақыт Қасен мен Арман Шеризаттың шынайы шабыттан туған шумақтары оқығанда ақық көңілімізді аспандата түсті.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp