«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“SOLTUSTIK QAZAQSTAN” — ДӘУІР ШЕЖІРЕСІ

Қаламының ұшында, көңілінің түкпірінде бүгінгі заманның болмыс-бітімі тұлғаланатын журналистер қауымы қашан да басылым бетіне жарияланған еңбегінің оқылғанын, сол арқылы қоғамға қандай да бір пайдасы тигенін қалайды. Тарих төріне жетектеп, ел-жер өмірінен, тұрғындар тағдырынан сыр шертетін құнды мақалаларға толы басылымның ұзақ жасауына тілекші болып, оның санын арттыруда да көп еңбектенеді. Біз де осы мақсатпен Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылына арнайы барып, орталық кітапханада “Soltústik Qazaqstan” – бір ғасырлық шежіре” тақырыбында “дөңгелек үстел” отырысын ұйымдастырдық.

“Қазақ баспасөзі қарашаңырағының бірі” атанған, ғасырлық тарихы бар облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің шығармашылық ұжымы түрлі кезеңдерде орын алған қиыншылықтарға қарамастан, сүйікті оқырмандарымен байланысын бір сәтке де үзген емес. Былтыр басылымның 100 жылдығы қарсаңында ауыл-ауылды аралап, газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі, оның тарихы мен болашағы жайында әңгіме өрбітіп, тұрғындармен қарым-қатынасымызды одан сайын нығайта түстік. Биылғы баспасөзге жазылу науқаны қарсаңындағы сапарымызды облыс орталығының сол жақ бүйірінде орналасқан Аққайың ауданынан бастауды жөн санадық.
Аудан орталығындағы кітапханаға жиналған азаматтарға газетімізге жазылу науқаны жүріп жатқаны жайында айтып, басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгімеледік. Аудан әкімінің әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық және құрылыс жұмыстары жөніндегі орынбасары Самат Сарсымбаев: “Сүйікті басылым, өміріміздің мәні мен сәніне айналған “Soltústik Qazaqstan”-ның әрбір нөмірін ата-әжелерімнің, ауылдастарымның тағатсыздана күтетіні есімде. Басшылық қызметте жүрген соң абыройы асқақ басылым тілшілері хабарласа қалса, жақсы бастамаларымыздың газет бетінен көрінуіне асығып тұрамыз. Бүгінгідей кездесу ұйымдастырып, халық арасында газетке жазылу науқанына орай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу өте орынды”, – деп, басылым ұжымының бұл сапарын құптады. “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры, Жарасбай Сүлейменов бүгінгі орын алған пандемия жағдайына қарамастан, кездесуге келген аудан тұрғындарына ризашылығын білдіріп, әңгіме әлқиссасын газеттің көтеріп отырған жүгі мен бүгінгі жағдайынан бастауды жөн көрді.
Алғашқы саны 1920 жылы 22 ақпанда “Кедей сөзі” деген атпен Омбы қаласында жарық көрген абыз басылым ғасырлық жолда өз дәстүрінен жаңылмай, халықтың көзі, құлағы, һәм тіліне айналды. Газет басшысы атап өткендей, “Soltústik Qazaqstan” ұлттық сана-сезімді ояту, тәуелсіздігімізді нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Ол беделді басылымға айналып, қоғамдағы озық ойдың белсенді насихатшысы ретінде таныла түсті. “Қазір басылым бұрынғысынша облыс тұрғындарына кеңінен мәшһүр. Оның беттеріндегі жедел ақпараттар, қызықты мақалалар оқиғаларды терең әрі кәсіби тұрғыдан талдауымен тартымды. Әдеттегідей, ақпарат берудегі айшықтылық, жеделдік пен объективтілік, облыс өмірінің мәселелеріне, азаматтардың құқықтарын қорғауға мүдделілік оған етене тән”, – деген Жарасбай Сүлейменов жиналған қауымға газетіміздің соңғы нөмірлерінің бірінде жарыққа шыққан материалдарды таныстырып өтті.
Оқырмандарының саны кез келген газеттің жұмысының басты көрсеткіші екендігі бесенеден белгілі. Таралымның өсуіне газеттің беттеріне бет қосумен қол жеткізілмейтіндігі де мәлім жайт. Сондай-ақ, газет бетінде көтерілген мәселелердің күрделілігі мен ауқымдылығы да таралымның өсуіне ықпал ететін негізгі себептің бірі емес. Соңғы жылдары оқырмандар қатарының азайып, күннен-күнге газет жанашырларының санының кеми түсуі қаламын қару еткен басылым тілшілерін алаңдатпай қоймайды. Осы тұрғыда Жарасбай Қабдоллаұлы бүгінгі орын алып отырған ауыр жағдайдың басын бірден ашып, былай деп ой айтты: “Бүгінгі таңда Есіл өңірінің болмысындай өріліп, өмір құбылыстарын боямасыз өрнектеп келе жатқан газетіміздің таралымы күрт төмендеп кетті. Бұрын әр нөмірі 10 мың данамен тарайтын өңірдегі жалғыз басылымның мұндай халге түсуі бүгінгі ұрпақтың газет оқуға деген ынтасының төмендігінен орын алып отыр. Біз Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов сынды асыл тұлғаларымыз салып кеткен жолды жалғай отыра, оқырмандарымыздың қатарын қалыңдату жолында біраз істерді қолға алып отырмыз. Мәселен, осы жолы бірнеше ұйыммен меморандум жасасып, ұжым болып газетке жаппай жазылу бойынша челлендж ұйымдастырудамыз”, – дей отыра, бұл бастама аққайыңдықтар тарапынан да қолдау табатынына зор сенімін білдірді.

Өкінерлік бір жайт, біздің облысымыздың тұрғындарының, оның ішінде интеллигенция өкілдері мен жастардың арасында газет оқуды сүймейтін, өздері үшін меншікті кітапхана ұйымдастырмайтын азаматтар бар. Олар басылым адамның өмірден артта қалмауына, оның ой өрісінің үнемі өсіп отыруына ғана көмектесіп қоймай, сонымен бірге отбасындағы тәрбие жұмысын нығайтушы күш екенін түсіне бермейді. Осы орайда газет пен журналдардың да беделі зор екеніне баса назар аударған басылым басшысы ұстаздар мен кітапханашыларға да пікірін жеткізді: “Егер әрбір үйде кітап не газет-журнал болмаса, ол үйдің ішіндегі жиһаздарының молдығы, мал басының көптігі мәдениеттілікті көрсете алмайды. Біздің заманымызда қағаз бетіне басылған еңбектерді оқымайынша өте тез тоқырап, артта қалуға болады. Өйткені, жеңіл-желпі, қысқа негізсіз ақпараттарға, өсек-аяңға толы интернеттен гөрі мер-зімді басылымдар мен кітаптарда адамды тәрбиелей алатын, одан дұрыс тұлға қалыптастыратын бірнеше сүзгіден өткен құнды еңбектер ғана басылып шығады. Сондықтан да газет, не болмаса кітап оқу, оны халық арасында үгіттеу барлық мәдени және саяси жұмыстардың негізі болып есептелінеді”, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.

Жиын барысында аға ұрпақ өкілдері,әсіресе, ғаламтордың зияны жайында кеңірек ой қозғап, оның орнына кітап немесе газет оқу әлдеқайда пайдалы екендігін алға тартты. Қазіргі кезеңде осыны қаперіне алған басылым тілшілері өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің ақпа­рат­тық мәдениетін қалыптастыруға газет арқылы ықпал етуге тырысуда. Бірінші кезекте, жастардың са­налы азамат болып қалып­тасуы үшін тәр­биелік маңызы зор мақалаларды беруге талпынады. Газет қашанда лайықты сөзімен халықтың ақылшысы болды емес пе?! Ұрпаққа дұрыс жол көрсеткен де осы басылым. Сондықтан Жарасбай Сүлейменов өз тарапынан ел ішіне де шығып, ұлтымыздың үлкен құндылығы газеттің маңызы жайында ой айтудан жалықпайтынын, басылымның таралымын көбейтуге атсалысатынын сөз етті. “Жергілікті тұрғындар осындай кездесулерімізден ой түйіп, басылымға жазылу арқылы игі іске бір кісідей жұмылса екен”, – деген ол Аққайың ауданының тұрғындарын белсенділік танытуға шақырды.
Тәжірибелі журналистің, қоғам қайраткерінің сөзін мұқият тыңдап, ауданның ақсақалдары атынан сөз алған өлкетанушы Сансызбай Жұмабек екі-үш жылдан бері бала күнінен қолынан түсірмей, іздеп жүріп оқитын, әр санын тағат таппай тосып отыратын “Soltústіk Qazaqstan” газетінің таралымы азайып қалғанына қатты алаңдайтынын жеткізді. “Біздің біртұтас ұлт екеніміз, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын қасиетіміз сыналар тұста, аянып қалмайық, ағайын! Тәуелсіз елміз деп кеуде қағамыз. Бірақ ұстаздар, ел азаматтары, зейнеткерлер мен жастар газет оқымаса, кешегі арыстар іргесін қалаған басылымды керек қылмаса, онда біздің ар-намысымыздың құны көк тиын. Ұялы телефонға телміргендерден қорқу керек. Әлеуметтік желілер газеттің орнын баса алмайды. Неше түрлі азғындықты насихаттайтын ғаламтордан аулақ болайық”, – деп жерлестеріне үндеу тастады. Ол, сондай-ақ, балалық шағында шамның жарығымен газет оқитынын, пошташылардың жолын ауыл болып тосқан сәттерін айтып, басылымның сол кездегі беделінің биік болғанын еске түсірді. Шынымен де, бүгінгідей ақпараттық технология қарыштап дамыған кезеңде қаншама асыл құндылықтарымыздан ажырап қалып жатқанымыз Сансызбай Жұмабек секілді ұлтымызды, тарихымызды құрметтейтін азаматтардың жанына батады. Сондықтан ол өзі тұратын ауданда әлі күнге дейін түйіні тарқамай отырған баспасөзге жазылу мәселесін де оң шешуге бір адамдай атсалысып келеді. Ол осы жолы да ауылдастарын газетке жаздыртуға күш жұмсап, аға толқын арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізетініне уәде етті.
Ия, сын сағатта жерлестеріміздің көбі “өз көлеңкелерінен өздері қорқып”, Алаш ардақтылары кейінгі ұрпаққа аманаттап кеткен басылымға көмек бере алмайтындарын ашық айтып жатқанда, қарияның батылдығына қатты сүйсіндік. Зейнеткер мен газет басшысының айтқандары сабақ болды ма, “дөңгелек үстел” басына жиналғандар да бірінен соң бірі басылымға жазылу бүгінгі қажеттілік екен деп, қолдау білдіретіндерін айтты. Мәселен, Смирнов мектеп-гимназиясы директоры Айнагүл Малмасова мен №3 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Айгүл Бекмұрзинова ұжым арасында газетке жаппай жазылу бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге уәделерін берді. Олар шұғыл түрде ата-аналармен және мектеп ұжымымен жиналыс өткізіп, “дөңгелек үстел” басында болған әңгімеге орай нақты іс-қимылға көшетіндерін жеткізді.
Осындай жылы жүздесуден соң келер жылдан бастап газетімізге жазылуды өңірдің өзге тұрғындары да қолдай түсер деген сеніммен Аққайың ауданында адал оқырмандарымыздың қатары азаймағанына іштей қуандық. Ауыл азаматтарының байырғы басылымға деген көңілі таза екен ғой деген ақ пейілмен жолға аттандық.

 

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: жоғарыда – “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Ж.Сүлейменов; төменгі суретте (солдан оңға қарай) №3 мектеп директорының міндетін атқарушы Айгүл Бекмұрзинова, мектеп-гимназияның директоры Айнагүл Малмасова, өлкетанушы Сансызбай Жұмабек пен аудандық кітапхана директоры Мәриаш Шәріпова кездесуден алған әсерлерімен бөлісуде.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp