Бүгінгі нарық ағыны қатты теңіз іспеттес. Желдің бағытын дұрыс таппасаң, үлкен толқындар жүзуге дес бермейді. Сол сияқты кез келген тауар өндірушінің бүгінгі нарық талаптарына бағытталған нық жоспары болмаса, әрі қарай еркін жүзуі екіталай. Ісінен нәтиже шығара алатындар ғана желкеннің бағытын өзіне лайықтай алады. Осындай нарық талаптарын еңсеруге машықтанғандардың бірі жерлесіміз Лейла Сайдашева мен оның “ViZaVi Company” кәсіпорны дер едім. Кондитерлік өнімдер шығаратын серіктестік облыс аумағына ғана емес, республикаға танымал. Ал өткен жылы дәстүрлі “Қазақстанның үздік тауарлары” байқау-көрмесінің облыстық кезеңінде жеңіс тұғырынан көрініп, республикалық кезеңде үшінші орынды иеленді.
– Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыруға үлес қосу және сыртқы нарыққа елімізде әлемдік стандарттарға сай өнім шығаратын кондитерлік кәсіпорындардың бар екендігін дәлелдеу. Бүгінде серіктестіктің он жыл қалыптастырған абыройы жаман емес. Бастапқы сәттен бастап өзімізге есеп бере отырып, жұмыс атқарып келеміз, – дейді Лейла Равильевна.
Кәсіпорын бүгінде өзінің бағыттары мен ұстанымдарын айқындап алған. Сондағы басты артықшылықтарының бірі табиғи құнарымен өңделген өнімдер немесе үй жағдайында жасалатын тәтті тағамдарға пара-пар өнімдер шығару болып табылады. Табиғи өнімдердің сақталу мерзімі қысқа болатындықтан, бұл жайттың тауардың таратылу географиясына кәдімгідей әсер етіп отырғаны сөз болды. Тіпті, кейбір көтерме сатып алушылар белгілі тәсілдермен тауарлардың сақталу мерзімін ұзарту туралы ұсыныс білдірген. Десе де, мұндай өтініштерге серіктестік басшысының: “Біз ондай тәсілге жол бере алмаймыз. Әрине, біздің кәсіпорын өндіретін өнімдердің басым бөлігін балалар тұтынады. Қалай біз олардың ағзасына зиянды заттардың енуіне жол береміз”, – деген жауабы дайын. Оның есесіне тұтынушылардың сұранысына қарай тауардың өтімді түрлерін көбейту, құрамын ұдайы жаңарту, кей өнімдердің дәстүрлі рецептерін сақтау, өндіріске заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтарды енгізу арқылы кәсіптерін дамытуға дес береді. Бүгінгі таңда “ViZaVi Company”-дің өнімдері күнделікті Астана, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Жезқазған өңірлеріне жөнелтілуде.
Былтырғы желтоқсан айына дейін Ресейдің тауар сатып алушыларымен тығыз байланыс орнатып, ай сайын өндірілген тауардың 12-15 пайызын сол жаққа жөнелтіп тұрғанды. Біздің көптеген тауар өндірушілерге көрші елдегі экономикалық күйзеліс елеулі әсер етіп отыр. Біріншіден, ол жақтан келіп, көтерме сауда жасайтындар қатары күрт тыйылса, екіншіден, Ресейдің құны әлдеқайда төмендетілген арзан тауарлары қазақстандық нарықты жайлап алды. Кәсіпкердің сөзімен айтсақ, мұндай қиындықтарға мойынсұнбай, нарықтың әр қыспағынан ысылып шығу керек. Бизнестің тізгінін ұстағанына он жыл болған Лейла Равильевна өз тәжірибесінде бұдан да зор қиындықтарды еңсергенін айтады. Ол кәсібін қалыптастырудың алғашқы жылдарында жалдамалы шағын бөлмеде бір қап ұнды, екі-үш килограмм қант, тағы басқа санаулы мөлшердегі заттармен өзі жалғыз діттеген ойын жүзеге асыруға белін бекем буған күндерді ұмыта қоймаған сыңайлы. Сондағы кіші бастама бүгінде үлкен іске ұласып, кәсіпорынның өндіріс алаңында 130-ға жуық адам еңбек етеді. Сондай-ақ, серіктестік басшысы ісін жандандыру үшін банктерден несие қаражатын алудан қорықпайтын жан болып шықты.
– Біз бүгінгі нарық талаптарын ескеруіміз керек. Халықаралық стандарттарға сай өніммен ғана бәсекелестікке төтеп бере аламыз. Ол үшін өндірісті жаңғыртып отырудың жөні бөлек. Заманауи кеңсемен, жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталу мақсатымыз да орынды. Өндірісті кеңейту үшін несие қаражаттары да тиімді болды. Сондай-ақ, алған несиемізге мемлекеттің “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасымен демеуқаржы беріліп, онымен қарызымыздың бір бөлігі жабылды. Өткен жылдың соңында тағы бір несие құжаттадым. Оған да заманауи құрылғы сатып алмақпын. Онсыз болмайды, – дейді басшы.
Әлбетте, өндіріс автоматтандырылған сайын еңбеккерлердің жаңа техникаларда жұмыс істеу қабілеттерін дамытып отыруға тура келеді. Бұл кәсіпорыннан шығарылатын өнімдердің басым бөлігі үй жағдайында жасалатын тәттілерге ұқсас болғандықтан, олардың біразы қолмен жасалады. Сондай-ақ, ішкі нарықтағы абырой, сыртқы нарыққа шығуға деген талпыныс өнімнің сапасын арттыра түсу мақсатын меңзейді. Осыған орай мамандардың біліктілігін көтеру де – күнделікті жоспардан түспейтін мәселе. Серіктестік әкімшілігі еңбекке сұранып келген адамдардың басым бөлігін өз сынақтарынан, өз тәлімдерінен өткізеді. Жас мамандардың біліктілік деңгейі туралы сөз болған кезде Лейла Равильевна Петропавл қаласындағы №5 кәсіптік білім беру колледжінің түлектері жайында жылы лебізін жеткізді. “Ол жақтан келген балалар мамандыққа әжептәуір ысылып, жұмыс істеуге, үйренуге, жаңашылдыққа талпынып тұрады. Ол оқыту орнында жақсы ұстаздар құрамының қалыптасқанын айтқым келеді”, – дейді.
“ViZaVi Company” ЖШС-і қоғамдағы қайырымдылық шараларына да өзінің елеулі үлестерін қосып отырады. Сол игі ниеттерінің қатарында облыс орталығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттағы №8 отбасының мүшелеріне көрсетіп отырған ерекше қамқорлығын атап өтуге болады. Ондағы жеткіншектердің қайсыбірі кейін осы кәсіпорынға келіп, еңбек етуді армандайтын көрінеді.
Кәсіпорын пайдаланатын кондитерлік шикізаттардың басым бөлігі – қазақстандық өнімдер. Кейбір қоспалар ғана сырттан әкелінеді. Онда да кәсіпорын технологтары өндірісті таза шикізаттармен қамтамасыз ету үшін оларды мұқият тексеріп, реті келсе, өнімнің құрамына қажетті қоспаны өздері жасап алуға тырысады. Мұның барлығы тұтынушыларды сапалы өніммен жабдықтауға негізделген. Алайда, бүгінгі нарықта жауапкершілігі төмен бәсекелестердің де бар екені сөз болды.
– Иә, базарлардың маңында сапасы беймәлім өнімдерді сататындар жиі кездеседі. Олардың өнімдерді қандай санитарлық жағдайда жасағаны да белгісіз. Ондайлар салық және басқа да төлемдер төлемейтіндіктен, тауардың өзіндік құны төмен болады. Ал тұтынушыны оның арзан бағасы қызықтырады. Олар біз сияқты тауардың сапасына жауап бермейді. Ең бастысы – ондай өнімдерден еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі ақсап, адамдардың денсаулығына нұқсан келеді. Мұндай кішігірім саудагерлердің кәсіпкерлігімізге бәсекелестік тудыра алмасы анық. Дегенмен, сауда сөрелеріне қашанда таза өнімдер шығарылса екен, – дейді Лейла Сайдашева.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: кәсіпорын басшысы Л. Сайдашева.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.