С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми- әмбебап кітапхана мамандарының ұйымдастыруымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың мерейтойына арналған кеш өтті.
Шараны ашқан департамент басшысы Бақдәулет Махмұд Абай Құнанбаевтың ұлт руханиятында алатын орнына тоқталып, ақын мұрасы адам бойына әділдік пен адалдық қасиеттерін қалыптастыратын ақыл көзі екенін айтты.
Кеш барысында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері ақын өлеңдерін оқып, көпшілікке ой салса, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның мұғалімі Марияш Құлмақанова ойшылдың қарасөздерінің терең тағылымы туралы баяндады. Кітапхана қызметкері Әсел Шайхисламова жиналғандарға Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімелеп, әдебиеттерге шолу жасады.
Облыстық кітапхана мамандары арнайы жоба аясында түрлі мекемелер мен ұйымдарға барып, іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Департаментте өткен шарада мекеме қызметкерлері қазақтың бас ақынын кеңінен тани түсіп, оның адамгершілік ұстанымдарына терең бойлады.
Абай шығармашылығы қазақ халқына қай салада болсын бағыт беретін рухани бағдаршам іспетті. Кеш барысында департамент қызметкерлері ақын еңбектерінің жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, адалдық қағидаларын жастардың бойына сіңірудегі маңызына тоқталды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».