(Жоғалған қойын дәптер)
Ақын еді, арлы еді,
“Алаш!” – деді әр демі.
Мыңға қарсы тұрам деп,
Таусылған-ды дәрмені.
Кербез еді, өр еді,
Жыры шуақ себеді.
Сары аязда Сібірде,
Жан жылытты өлеңі.
Ақтан да ол ақ еді,
Өзгеше ғой әдебі.
Басқа тепкен кей қазақ,
Маңдайдағы бақ еді.
Ұзамасын түсінді,
Дерт қинады, қысылды.
“Жеткізерсің, елге”, – деп,
Қолжазбасын ұсынды.
Орындалмай парызым,
Болды мәңгі қарызым.
Ұлы ақынның ұрлаттым,
Жылап жазған арызын…
Сол оқиға қарасақ,
Кетті жанға жара сап.
Мағжан ақын кешірер,
Кешіре ме, Болашақ?!
Ұлықбек ТӘҢІРБЕРГЕН.