«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АБЫЛАЙ ХАННЫҢ АРМАНЫН” ТАМАШАЛАДЫ

Ақпанның 7-сі күні Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қалыбек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында болып, “Абылай ханның арманы” атты тарихи драманың тұсаукесеріне қатысты. Қойылым басталар алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мемлекеттік хатшы өз сөзінде үстіміздегі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының, Конституциямыздың 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, сонымен қатар Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтілетіндігін еске салды. “Қазақ хандығының 550 жылдығы бойынша жыл бойы мәдени және ғылыми бағыттағы әртүрлі іс-шаралар болады. Ол іс-шаралар елордамыз Астанада, жергілікті жерлерде, аймақтарда да ұйымдастырылады. Сондай шаралардың бірі – бүгінгі Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы “Абылай ханның арманы” атты қойылым. Бұл қойылымның жастар үшін тәрбиелік маңызы өте зор. Абылай хан – біздің тарихымыздағы ұлы тұлға. Елбасымыз айтқандай, Абылай хан – тек найзаның ұшымен ғана емес, дипломат ретінде де көрегендігімен елді қорғап, Қазақ тарихында ұлы тұлғаға айналған адам”, – деді ол.

Айта кетерлігі, қойылымды Мемлекеттік хатшымен бірге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Сенат және Мәжіліс депутаттары, елорданың зиялы қауым өкілдері тамашалады. “Абылай ханның арманы” қойылымы көрермендерге жаңа нұсқада ұсынылып отыр. Онда өткен мен бүгінгі күннің арасындағы үздіксіз рухани байланыс бар. Қойылымның авторы – белгілі жазушы, драматург Думан Рамазан. Қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.

“ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp