«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – ҚУАТТЫ КҮШ

 Петропавлда «Уақытпен үндес үн: азаматтық қоғам және ұлттық құндылықтар» тақырыбымен үкіметтік емес ұйымдардың XII облыстық форумы өтті. Бұл – азаматтық қоғам институттарын нығайтуға, мемлекет пен халық арасындағы байланыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қоғамдық-саяси іс-шара. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова қатысты.

Форум аясында азаматтық қо­ғам өкілдері, мемлекеттік құры­лым басшылары мен сарапшылар елдің қоғамдық-саяси өміріндегі үкіметтік емес ұйымдардың рөлін, олардың құқықтық мәртебесін кү­шейту, мемлекеттің стратегиялық бастамаларын іске асырудағы үлесін талқылады.

Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов Мемлекет бас­шысының азаматтық сектордың маңыздылығына берген бағасына тоқталды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар ара­сындағы нәтижелі серіктестік еліміздің жан-жақты дамуында маңызды факторға айналуы тиіс. Бұл – әділетті Қазақстанды құру­дағы қуатты қозғаушы күш. Пре­зиденттің «Әділетті Қазақстан», «Еститін мемлекет», «Заң және тәртіп», сондай-ақ «Күшті өңірлер – күшті ел» стратегиялық бас­тамалары елдегі дәстүрлі үдеріс­терді жаңғыртудың негізіне айна­лып отыр», – деді Жүсіп Жұмағұ­лов.

Мәдениет және ақпарат вице- министрі Айзада Құрманова Мем­лекет басшысы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын реттейтін заңнаманы жетілдіруді тапсырға­нын айта келе, әлеуметтік тапсы­рыс өлшемшарттарын қайта қарау қажеттігіне тоқталды. Министрлікте осы мақсатта азаматтық сек­тордың жетекші мамандары, ха­лықаралық ұйымдардың өкілдері, Парламент депутаттары тартылған жұмыс топтары құрылған.

Алғашқы Азаматтық форум 2003 жылдың қазан айында өткізілді. Сол сәттен бастап бұл алаң мемлекет пен қоғам арасын­дағы диалогтың тұрақты меха­низміне айналды. Ұлттық құрыл­тай мүшесі, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» жеке мекемесінің төрағасы Сергей Худяков үкіметтік емес ұйымдар­дың мәртебесін ресми мойында­ған сол форумның тарихи маңы­зын атап өтті.

Бүгінде «Қазақстанның Аза­маттық альянсы» қауымдастығы еліміздегі 3000-нан астам үкі­меттік емес ұйымды біріктіреді. Оның 25-і біздің облыста тіркел­ген.

Форум аясында «Жылдың үздік үкіметтік емес ұйымы» ай­мақтық байқауының жеңімпазда­ры марапатталды. Әлеуметтік са­ланы дамытуға сүбелі үлес қосқан 13 ұйымның жобалары жоғары бағаланды.

Сәуле МЕРГЕН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp