Жастар сарайында облыстық филармонияның ұйымдастыруымен халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президент оркестрінің әншісі Айзат Қарабектің “Өмірім – өнерім” атты жеке концерті өтті.
Өнердің өрісін кеңейтіп, бекзада әннің бүлкілімен, киелі домбыра күмбірімен ел ықыласына бөленіп жүрген әнші шығармашылық кешінде көпке танымал әндерді тамылжыта орындап, қызылжарлық тыңдарманға ұмытылмас әсер сыйлады. Бибігүл Төлегенова мен Роза Бағлановадай биік шыңнан көрінуге ұмтылған өнер иесі Қызылжардағы алғашқы концертін халық әндерінен бастауды жөн санапты. Ол Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен “Ахау керім” және “Гүлдер айым” туындыларын тамылжыта орындап берді. Бұдан соң Кенен Әзібаевтың “Қазақстан аймағын”, Үкілі Ыбырайдың “Гәккуін”, халық әні “Екі алуан екі асыл затын” әуелетіп, тыңдарманның зор қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, кеш барысында әнші эстрада жанрында ән айтып, өз туындыларына да кезек берді.
Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласына үн қосу, бойымызға ұлттық рух беретін қазақтың ән өнерін насихаттау, әншінің шығармашылық жетістігін паш ету мақсатында өткен шарада ән кешінің иесімен қатар дәстүрлі әнші Біржан Есжан, “Байжан” және “Этнос” топтары өнер көрсетті.