Мемлекет тарапынан ұстаздар қауымын қолдау өз жемісін беріп келеді. Педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы бірнеше рет көбейтілді. Тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесі арттырылып, олардың да еңбекақысы өсірілді. Бұл – сала мамандарына көрсетілген зор құрмет пен сенімнің белгісі. Кәсіподақтар да ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру жолындағы ізгі ниетінен айнымайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кәсіподақтар федерациясының ХХVI съезінің делегаттарына жолдаған үндеуінде кәсіподақтарға құқық қорғау, лайықты өмір мен адам еңбегі үшін жағдай жасау бойынша прогрессивті миссияны орындайтын қазіргі заманғы әлемнің ең маңызды институттарының бірі деген лайықты баға берген болатын.
Қай қоғамда болмасын жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты заңдық тұрғыдан реттеп, әлеуметтік мәселелерді шешуде, жұмысшылардың мүддесін қорғауда үлкен рөл атқаратын кәсіподақ ұйымдарына зор сенім көрсетілумен бірге айрықша жауапкершілік те жүктеледі. Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бірлестігі өз қызметінде “Кәсіптік одақтар туралы” Заңды басшылыққа алады. Онда кәсіподақтарға өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау, мемлекеттік органдарға кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайтын, олар қабылдаған нормативтік-құқықтық актілердің толық немесе ішінара күшін жою не оларды өзгерту туралы өтініш жасау көзделген. Сондай-ақ еңбек дауларын сотқа дейін шешуге қатысу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құрамында еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, кәсіптік жарақаттардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізеді. Мемлекеттік органдарға кәсіподақтар туралы заңнаманы бұзатын, келісімдерде және ұжымдық шарттарда көзделген міндеттемелерді орындамайтындарды жауаптылыққа тарту жөнінде ұсыныстар енгізу сияқты құқықтар да жүктелген. Осы орайда заңнамаларды, жарғының ережелерін, кәсіподақ органдарының шешімдерін сақтауға, өкілеттіктер шегінде әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу жөнінде шаралар қолдануға, кәсіподақ мүшелері арасында құқықтық, еңбек заңнамасының негіздері, сонымен бірге ұжымдық шарт ережелері бойынша сауаттылықты арттыру, келіссөздер жүргізе алу, еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, қызметкерлердің еңбек тәртібі қағидаларын сақтауына жәрдемдесуге міндетті. Салалық кәсіподақтарда әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерді қамтамасыз етуге кепілдік беретін екітараптық әріптестік қарым-қатынасты дамыту, еңбек заңнамасын сақтау, еңбекті қорғау, қоғамдық бақылауды жетілдіру функцияларына ерекше басымдық беріледі. Бүгінде жұмыс берушілер мен кәсіподақ комитеттері арасында 560 ұжымдық шарт жасалып, бірлескен келісімдердің арқасында 26 мыңнан астам білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсартылды.
Әлеуметтік әріптестік актілеріне еңбек қатынастары мәселелеріне қатысты кәсіподақтың ұстанымын күшейтетін, екіжақты әріптестіктің тиімділігін арттыратын ережелерді кіргізе отырып, қосымша төлемдер мен үстеме ақыларды көбейтуге баса назар аударылады. Ұжымдық шарттарда еңбекті ұйымдастыру мен ақы төлеу жүйесі, айлық мөлшері, тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуіне байланысты мұғалімдердің табысын өтеу тәртібі, қорғау шаралары, зейнеткерлерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша жеңілдіктер беру мен көмек көрсету мүмкіндіктері жан-жақты ойластырылған. Мұның өзі көптеген мәселелерді оң шешуге, өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай ықпалын тигізіп келеді. 2021 жылы кәсіподақ мүшелерінен 1615, былтыр 1674 өтініш түсіп, көбі шешімін тапты. Қоғамдық бақылау шеңберіндегі тексерулер нәтижесінде қызметкерлерге дұрыс есептелмеген 8323720 теңге мөлшеріндегі қосымша төлемдер, сауықтыру жәрдемақылары қайтарылды.
“Әлеуметтік әріптестік туралы” Заң әлеуметтік әріптестік жүйесі жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін, міндеттері мен тәртібін айқындайды, тараптардың тең құқылы және өзара жауапкершілікті принциптері негізінде ортақ әлеуметтік маңызы бар мақсаттарға қол жеткізу үшін салалық, аймақтық келісімдерді жасасу, өзгерту және бұзу тәртібін белгілейді. Оның басты талаптары еңбек қатынастарын реттеудің тиімді тетігін қалыптастыруға, кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісім тұрғысында реттеуге бағытталған. Бұл орайда әлеуметтік кепілдіктердің сақталуы өте маңызды.
2019 жылы қабылданған “Педагог мәртебесі туралы” Заңда алғаш рет ұстаздың ерекше мәртебесі танылып, кәсіптік қызметін жүзеге асыру жолдары қамтамасыз етілді. Бұдан былай педагогты кәсіптік қызметін орындауда кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға, тексерулер жүргізуге, мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге жол берілмейді. Қызметтік тұрғынжайға және жатақханаға, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне, ұзақтығы күнтізбелік 56 күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына, жылда бір рет кемінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақыға кепілдіктер берілді.
Ауылдық елді мекенде еңбек ететін педагог бірқатар жеңілдіктерді иеленеді. Сондай-ақ өз қызметінде тиісті кәсіптік құзыреттерді меңгеру, кәсіптік шеберлігін, зерттеу, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіру, оның ішінде біліктілік санаты деңгейін бес жылда бір реттен сиретпей арттыру, педагогтік әдепті сақтау, өзгелердің ар-намысын мен қадір-қасиетін құрметтеу міндеттері қойылды. Республикалық кәсіподақтар федерациясының бастамасымен барлық өңірлерде жалақыны жыл сайын индекстеу, әлеуметтік және еңбек дауларының алдын алу және болдырмау бойынша келісімдерге өзгерістер енгізілді. Оқу-ағарту министрлігімен келісе отырып, қызметтік үй-жайларды жинаушылардың базалық жалақысына 20, дәретхана тазалаушыларға 30 пайыз қосымша ақы қосылды. Білім беру ұйымдарының қызметкерлерін медициналық тексеруді және гигиеналық оқытуды қаржыландыруға мониторинг жүргізіліп, 62258750 теңге қажеттігі анықталды. Ұсыныс облыстық білім басқармасына жіберіліп, қолдау тапты. Сөйтіп медициналық тексеруге ақы төлеу мәселесі толық шешілді.
2022 жыл “Әлеуметтік әріптестік жылы” ретінде атап өтіліп, салалық кәсіподақ бірлестіктері де мемлекеттік маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етті. Ал 2023 жыл “Қауіпсіз еңбек жылы” болып жарияланып, бұл бағытта да кешенді іс-шаралар атқарылатын болады. 560 өндірістік кеңес құрылып, тиісті дайындықтан өткен осынша техникалық инспектор жұмыс істейді. Жалпыға бірдей құқықтық оқыту жоспары жасалып, техникалық инспекторлардың жұмысына, еңбек қорғау мен қауіпсіздігіне байланысты семинарлар ұйымдастырылды. Кәсіподақ активін оқыту, құқықтық сауаттылығын арттыру қызметіміздің маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді. Бүгінгі таңда заңнама мәселелерін, қоғамда болып жатқан өзгерістерді білудің мәні айрықша. Құқықтық көмектердің арқасында 1574 өтініш сотсыз қаралып, нәтижелі аяқталды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының босатылмаған төрағаларына 3 күнге дейін қосымша ақылы демалыс беріледі. Білім беру ұйымдарын тарату, қайта ұйымдастыру және штатты қысқарту кезінде зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыскерлер ұйымда 10 және одан да көп жыл жұмыс істеген жағдайда басым құқыққа ие болады. Көп балалы ата-аналар, 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналарға да жеңілдіктер жасалады. Кәсіподақ мүшелері педагогтарды аттестаттаудан өткізу ережелері мен шарттарына, білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау ережесіне, тәлімгерлікті ұйымдастыру талаптарына, директорлар мен педагогтарды қызметке тағайындау, қызметтен босату қағидаларына, педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, бірқатары қабылданды.
Күнделікті жұмыстағы негізгі бағыттардың бірі – кәсіподақ мүшелері мен олардың балаларының демалысы мен сауықтыруын дұрыс ұйымдастыру. Өткен жылы 57 мұғалім Түркістан мен Алматының киелі жерлерінде болып қайтты. Кезекті топ наурыз айында Түркістанға саяхаттайды. Ұстаздар қауымы арасында саламатты өмір салтын ұстану, дене шынықтырумен, спортпен, туризммен айналысу үрдісі кең тараған. “Абакшино” демалыс аймағында 200-ден астам білім беру қызметкерлерінің қатысуымен облыстық спартакиада есте қаларлықтай өтті. Қайырымдылық көмек көрсету туралы ережеге сәйкес қиын өмірлік жағдайларға тап болған қызметкерлерге көмек қолын созудан бас тартқан емеспіз.
Кәсіподақтағы ақпараттық жұмысты жетілдіру жаңа мазмұнға ие болды. Сайт жаңартылып, әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашылды. “Білім кәсіподағы” мобильдік қосымшасы арқылы тікелей байланысқа шығуға болады. Санамалай берсек, кәсіподақ жұмысы сан салалы, алуан қырлы, оның ашық, қолжетімді болуына мүдделіміз. Әр мүшеміз белсенді, қоғамның игілігіне бағытталған кез келген жаңалықтар мен бастамаларды қолдауға әзір, ықыласты.
Берік АЮПОВ,
облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы.