«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Айылдарын жияр емес

Алаяқ Мағжан Жұмабаев ауданының 60 жасар тұрғынын алдап, оның 400 мың теңгесін жымқырған. Телефон арқылы өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырған ол немересінің келеңсіз жағдайға тап болғандығын және бұл мәселені шешу үшін ақша керектігін хабарлаған. Тосын хабардан есі шыққан әйел қаскөйдің қойған барлық талаптарын орындап, көрсетілген шотқа ақша аударған. Аталған факті Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

– Әдетте қылмыскерлер психологиялық қысым көрсетеді. Терминалдардың маңына, подъездерге жиі жапсырылатын және sms-хабарламалар түрінде жолданатын жадынамаларды есте ұстау керек. Жадынамаларда полиция қызметкерлері және қаржы ұйымдарының қауіпсіздік қызметінің өкілдері алаяқтық қаупі туралы ескертеді, асығыс әрекет етпеуді және алынған ақпаратты тексеруді ұсынады, – облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров.
Соңғы уақытта қаскөйлер интернетке ауысқан. Алаяқтар өздерін банктің қауіпсіздік қызметінің өкілімін деп таныстырып, құйтырқы тәсілмен әрекет ететінді де шығарды. Олар шоттағы ақшаны біреудің шешіп жатқандығын айтып, тез арада банк картасының кодын айтуды талап етеді. Іс жүзінде қажетті ақпаратты иеленіп алып, қылмыскер интернет-банкингтің көмегімен құрбанының шотына кіреді. Бүгінгі күні бұл – киберқылмыстың кең тараған әдісі. Алаяқтардың танымал әлеуметтік желі арқылы жоқ тауарларды сату және қызмет түрлерін ұсыну туралы хабарландырулар орналастырып, олар үшін алдын ала төлем жасауды талап ететін әдістері де жиі кездеседі.
Полицейлер тұрғындардан қырағылық танытып, алдын ала төлем жасауға келіспеуге, мәліметтерді қайта тексеруге, мәселен, «сатушыдан» тауардың бейнетүсірілімін көрсетуді сұрауға шақырады. Сондай-ақ, жеке және қаржылық мәліметтеріңізге мұқият болуға, қандай жағдай болмаса да жеке куәлігіңіз бен банк картаңыздың суретін ешкімге жібермеуге кеңес береді. Облыс полицейлері жыл басынан бері 46 интернет-алаяқтықты ашты. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp