Биылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына жатқызылатын болды. Бұл – жануарлар дүниесін қорғау бағытындағы жұмыстардың аясында қолға алынған шара. Осыған орай қазіргі таңда қоғамда әртүрлі пікірлер айтылуда. Кейбіреулер мұндай шара тым қатаң екенін айтса, жануарлар әлеміне жанашырлық танытқан азаматтар бұл өзгерістің орынды екенін алға тартады.
Есбол СЕЙІЛОВ,
заңгер:
– Осыған дейін ерекше қорғауға алынған аңдарды қынадай қырғандар көбіне айыппұл төлеумен ғана шектеліп келді. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Елімізде киіктерді қырып, қорықшыларға қоқан-лоқы көрсететін браконьерлер аз емес. Бұл жайлы бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп-біліп жүрміз. Сондықтан жазаның күшейтілгені мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға ықпал етеді деп ойлаймын. Заң бойынша орман шаруашылығы инспекторының өміріне қауіп төндіру құқық қорғау органдары қызметкеріне шабуыл жасаумен бірдей болып саналады. Сондықтан жаңа өзгерістерге сәйкес заңсыз аңшылық және балық аулағаны үшін 10 миллион теңгеге дейінгі айыппұл және 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулаған адам алты жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бұл қылмыс ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса, бас бостандығынан айыру, жазасы он жылға дейін, киіктерді атқаны үшін 5 жылға дейін жаза қарастырылады. Сондай-ақ, күдіктінің қару-жарағы, көлік пен мүлкі тәркіленетінін де айта кеткен жөн.
Мұрат АСҚАРОВ,
ауыл тұрғыны:
– Ауылдық жерлерде заңсыз аң немесе балық аулайтын азаматтар аз емес. Жануарлар дүниесін қорғау қажет. Өз басым елік атып, еліргендерді құптамаймын. Бірақ бұл үшін оларды 10 млн. теңгеге дейін айыппұл төлеуге мәжбүрлеп, он жылға дейін түрмеге қамау тым ауыр жаза деп есептеймін. Өйткені, жануарлар дүниесін қорғау үшін адамдарды бас бостандығынан айыру ақылға қонымсыз. Меніңше, айыппұлды біршама азайтып, түрмеге қамау жазасын да жеңілдеткен жөн. Оның үстіне аң аулаған адамның көлігі мен мүлкі де тәркіленеді екен.
Заңсыз аңшылық жасағандарды бірден қамауға алмай, оларға мұның мемлекетке қандай зиян тигізетінін, салдары қандай болатынын ескерту қажет. Мұндай қылмыстарды болдырмаудың жолдарын қарастыруға болады. Ауыл тұрғындарының арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізудің пайдасы мол болар еді. Өйткені, заңнамадағы өзгерістерден хабарсыз адамдар да бар.
Дайындаған
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.