Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Айыртау ауданына жұмыс сапары барысында “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.
Алдымен өңір басшысы аудан орталығындағы №2 Саумалкөл мектеп-гимназиясына ат басын бұрды. 1987 жылы ашылған білім ошағында бүгіндері 700-ден астам оқушы білім алуда. Былтыр “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы аясында аталмыш оқу ордасына 69 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа кабинеттер жөнделіп, терезелер ауыстырылған. Бағдарлама аясында мектептегі ширек ғасырдан бері қолданылмай келген бассейн қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілген. 157 млн. теңгенің күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген нысанның игілігін оқушылар көруде.
– “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында аудан орталығында 1 млрд. 740 млн. теңгенің 19 жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін 17 көшеге жөндеу жүргізіліп, білім мекемелері, “Жастар” стадионы қайта жаңғыртылды. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. 19 жобаның 17-сі былтыр атқарылса, Саумалкөлдегі жылу беру жүйесінің, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы әлі жүргізілуде. Жаңа қазандық қойылмақ, бұл көпқабатты үйлердi жылумен қамтамасыз етуге мүмкiндiк береді, – деді қолға алынған жобалармен таныстырған аудан әкімі Бейбіт Исманов.
Биыл аудандағы Сырымбет, Айыртау және Лобанов мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 193 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар Шалқар орта мектебін жөндеу жұмыстарына 11 млн. теңге жұмсалмақ. Саумалкөлдегі бұрынғы үшқабатты балалар емханасы да адам танымастай өзгерген. Бұл ғимарат енді өнер мектебі болады. Мердігер жазда нысанның қасбетін жөндеп, ішкі әрлеу жұмыстарын қолға алады. Жаңа оқу жылында бұл нысанда үш мың бала 20 бағыт бойынша үйірмелерге қатысады деп күтілуде.
Құмар Ақсақалов жұмыс сапары барысында Имантау – Шалқар демалыс аймағын дамытуға арналған жиынға қатысты. Соңғы үш жыл ішінде Айыртау ауданында 273 шақырым жол жөнделді. Өткен жылы курорттық аймақта экологиялық кемпингтер мен автотуристердің базасын салу қолға алынса, биыл курорттық-санаторлық емделу кешендері мен белсенді демалыс орындарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Дегенмен, шешімін таппай отырған жайттар да бар. Мәселен, демалыс орындарында спорт алаңдары, суда жүзуге арналған жабдықтар мен құтқару жейделері жоқ. Интернет қосылмаған, жалға берілетін велосипедтер де тапшы. Кәсіпкерлер демалушыларды сапаржайдан демалыс орнына дейін көлікпен қамтамасыз ету арқылы да пайда таба алады.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарованың айтуынша, табиғаты тамылжыған Шалқар және Имантау көлдерінің жағалауларында 38 база бар. Бұл демалыс орындары тәулігіне 25 мың адамды қабылдай алады. Алайда, олардың басым бөлігі тек жаз уақытында жұмыс істейді, көбіне су мен жарық тартылмаған. Қазіргі уақытта бұл мәселені шешу үшін бюджеттен 3,9 млрд. теңге бөлу қарастырылуда. Жобалық-сметалық құжаттамаларға сәйкес, алдағы уақытта Айыртау, Шалқар, Имантау және Арықбалық ауылдарын жалғайтын 28 шақырымдық су құбыры тартылады. Жоба құны – 980 млн. теңге. Сондай-ақ, бір мезетте бірнеше демалыс базасын ауызсумен қамтитын локальді су құрылғыларын салу көзделуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 593 млн. теңге жұмсалмақ. Электр энергиясын тартуға 1,8 млрд. теңге бағыттау көзделуде.
Жиынға қатысқан инвесторлар мен жеке кәсіпкерлер Имантау – Шалқар демалыс аймағында жүзеге асатын жобалары туралы айтып, ұсыныстарын жеткізді. Өңір басшысы кәсіпкерлерден ауқымды жобалар күтетінін айтты.
– Бүгінгі жиында сіздерден ауқымды жобалар күткен едім. Демалыс базаларында 2-3 үй емес, 100-200 адамға шақталған кешен бой көтеруі керек. Біз үлкен және келешегі бар демалыс базаларына су тартуға дайынбыз. Әзірге тек жергілікті атқарушы органдардың есебін ғана тыңдап отырмыз. Кәсіпкерлерден тың жобалар күтемін, – деді жиынды қорытындылаған Құмар Ақсақалов.
Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы Арықбалық ауылында болып, елді мекенді қамқорлығына алған “Агрофирма Желқуар – 2003” ЖШС-нің жұмысымен танысты. Серіктестік директоры Қанат Әлмұхамедов былтыр елді мекенге 1,4 млрд. теңгенің инвестициясы құйылып, 5,9 млрд. теңгеге заманауи техника сатып алынғанын жеткізді. 15 мың гектарға дәнді дақыл егетін шаруашылық ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, әлеуметтік нысандарды жаңғыртуда белсенділік танытуда. Агроқұрылым басшылары ауылға инженерлік желілерді тарту, абаттандыру жұмыстарын қолға алуды жоспарлауда.
Бұл серіктестік – әлемнің 8 елінде филиалы бар “Kusto Group” компаниясының еншілес шаруашылығы. Компанияның атқарушы директоры Орман Нұрбаев облыс әкімін “Kusto Group” фирмасының стратегиясымен таныстырды. Қазақстанның етті мал шаруашылығының әлеуеті аса зор. Сондықтан компания өз тәжірибесіне сүйене отырып, Айыртау ауданында мал бордақылау алаңдары мен мал шаруашылығы кешендерін салмақ.
– Жаңа инвестордың бастамасымен Арықбалық ауылында биыл 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы салынады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жыл соңына дейін 5 млрд. теңге инвестиция құйылмақ. Айыртау ауданы үшін бұл маңызды жоба. Біз өз кезегімізде нысандарға инфрақұрылымдарды тарту бойынша қолдау көрсететін боламыз, – деді Құмар Ақсақалов.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.