«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШТЫҢ ӘЗ ТӘУКЕСІ

Үстіміздегі жыл еліміздің тарихындағы айрықша зор маңызды оқиғаларға толы кезең болмақ. Осы оқиғалардың ішінде Қазақ хандығы құрылғанының 550 жылдығы айрықша мәнге ие. Қазақтың жыл басы – Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз төрімізден құтты орнын алар сәтте әкімгерлік-әкімшілік жүйе билік құрған тұста жадымыздан жойылып кеткен ұлттық мерекеміз ғасырлар бойы жасап келіп, қасақана ұмытылғанын білеміз. Қазақтың ұлы хандарының бірі, “Әз!” деген атақ алған ақылман Тәукенің билік құрған тұсында Ұлыстың ұлы күнінің халқымызды топтастырудағы маңызын ойша пайымдауға болады.

Қазақ хандығының билігі 1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы Тәукеге көшті. Жаңа билеуші көреген саясаткер, ақылды билеуші, құдіретті хан болды. Оның өзіне дейінгілерден артықшылығы – хандықтағы ерекше әлеуметтік топты құрайтын, дала ақсүйектерінің өкілдері – билердің көмегімен өзінің үстемдігін нығайтуға тырысты. Дәстүрлі қазақ қоғамында билерге ерекше маңыз берілді. Олардың шаруашылық, әдет-құқықтық, әскери және рухани міндеттерді атқаруда алатын орны айрықша еді.

Төңірегіне беделді, ойлары орнықты, сөздері тағылымды да өтімді билерді топтастырған хан “Билер кеңесінің” қолдауына сүйене отырып, өзінің ел басқару саясатына ашық түрде қарсы шығушылармен ымырасыз күрес жүргізді. Ол “Билер кеңесінің” өтетін орнын және уақытын белгіледі. Оның жұмысын ретке келтіруге бірқатар оңтайлы шаралар қабылдады. Бұл кеңестер Түркістан қаласының жанындағы Битөбеде, Сайрам тұсындағы Мәртөбеде және Сырдария бойындағы Күлтөбеде өткізілетін.

Тәуке даулы істерді шешуде билер сотының беделін арттырып, олардың кеңесін кесімді үкім шығаруда ерекше органға айналдырды. Осыдан бастап “Билер кеңесі” Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саясатындағы аса маңызды мәселелерді шешетін тұрақты жүйе болып қалыптасты.

“Билер кеңесінің” шешімдері міндетті түрде жүзеге асырылып отырды. Оның бірде-бір шешімін немесе үкімін келесі кеңеске дейін ешкім де өзгерте алмайтын еді. Тәукенің тұсында қазақ даласының ең бір беделді заңдар жиынтығы шығарылып, ол “Жеті жарғы” деп аталды. XVII ғасырда, әсіресе, сыртқы саясаттағы тұрақсыздықтың салдарынан Қазақ хандығының тұтастығына қауіп төне бастағанын байқап отырған данышпан Тәуке ішкі тұрақтылықты сақтауға, сыртқы жауларға тойтарыс беруге ықпал ететін осы заңдар жиынтығын ойластырды. Оны шығаруға Ұлы жүзден – Төле, Орта жүзден – Қаздауысты Қазыбек және Кіші жүзден Әйтеке би тартылды.

Билердің мүддесін көздей отырып, Тәуке өз билігін нығайтты. Мұның барлығы қазақ рулары мен тайпалары арасында хан билігінің іргетасын берік орнатуға бағытталды.

Қазақ ақсүйектерінің Тәуке бастаған беделді тобы көрші мемлекеттермен бейбіт қарым-қатынастар орнатуға, сауда-саттық жүргізуге мүдделі болды.

Тәуке хан орыс-қазақ қарым-қатынастарының орнығуына табандылықпен қол жеткізді. Ол 1686-1693 жылдар аралығында Сібірге бес елшілік жіберді. Осы арқылы Әз Тәуке осы байланыстардың екі жаққа тиімді, тең дәрежеде қалыптасуына айқын мүдделілік танытты.

Тарихымыздан белгілі, Тәуке ханның билік еткен тұсында да қазақ-ойрат қарым-қатынастары шиеленісті. Ойраттарды Галдан-Бошокту (1670-1697) басқарған уақытта, әсіресе, оның мұрагері Цеван-Рабтан (1697-1727) билік басына келгенде екі жақтың қарым-қатынастары тым қиындап кетті. Жоңғарлардың әскери шонжарлары маңызды сауда жолдары өтетін және ірі сауда орталықтары орналасқан Оңтүстік Қазақстанның аумағын басып алуды көкседі. Қазақтың Сығанақ, Түркістан, Отырар, Сайрам, әсіресе, Созақ қалалары жоңғарлармен күресте өзіндік стратегиялық тірек бекетіне айналды.

Тәукенің ойраттармен күрестегі кейбір сәттіліктері оған үлкен жеңіс әкелмеді. Жоңғария қазақ хандығына аса қатерлі қауіп төндірді.

Осыдан соң қазақ халқының тарихындағы ең бір қасіретті жылдар басталды. Өйткені, 1718 жылы Әз Тәуке кенеттен қайтыс болып, оның орын басқандар Тәукенің ақыл-парасатына жете алмады. Сөйтіп, 1723 жылы тарихымызда “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген қаралы атау алған қайғылы-шерлі кезең басталды. Елдің берекесі кетті, малы талан-таражға салынды, халқымыз қырылды. Тек Тәңір ақылмандығы мен айбары Тәукеден асып түспесе, кем соқпайтын Абылай сұлтанды тарих сахнасына шығарып, Қазақ хандығы өзінің жаңа кезеңіне аяқ басты.

Гүлнар ЖҰМАБЕКОВА.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp