«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫ АУЫЛДЫ ҚАУІПТЕН ҚОРҒАЙДЫ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Мамлют ауданының Новомихайловка ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. “Новомихайловское – 2003” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында салынған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Рустам Ғаббасов қатысты. Ол жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен және бекеттің ашылуымен құттықтап, серіктестікке өрт-техникалық құралдарын табыстады.

Қауіптің бетін қайтаратын қосынның бұл ауылда салынуына жақын маңдағы өрт сөндіру бекетінің 50 шақырым қашықтықта орналасқандығы себеп болған. Бұған дейін серіктестік базасында құрылған ерікті өртке қарсы жасағы табысты жұмыс істеп, үш өртті сөндірген.

Бекет аталған елді мекеннен бөлек Новомихайловка ауылдық округіндегі тағы бес ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Атап айтқанда, бекеттің өртсөндірушілері Токаревка, Новоандреевка, Бостандық, Катанай және Бексейіт ауылдарын тілсіз жаудан қорғайды. Ұжым өртті ауыздықтаумен қатар өздері жауапты аумақта орын алған басқа да төтенше жағдайлардың салдарын жойып, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсететін болады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы алқаптарын өрттен қорғау және тілсіз жаудың алдын алу жұмыстарын да жүзеге асырмақ.

Евгений ЖУРАВЛЕВ, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының жетекшісі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp