«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

“Батыр” деген атауға ие болып, облыстың Индустрияландыру картасына енгізілген бұл жетінші жоба ретінде өндіріске жолдама алды.

Қызылжар өңірінде ресейлік инвесторлармен бірігіп қолға алынған озық жобалардың біріне “Батыр” деген атпен алып техникалардың шығарыла бастағанын жатқызуға болады. Жобаның аяқалысы жайлы “Петропавл трактор зауыты” біріккен кәсіпорнының бас директоры Сергей Шинкаренкомен әңгімелескен едік.

– Сергей Алексеевич, тың идея қалай туды, неден басталды?

– Саналы ғұмырым Жер-Ананы баптап-күтуге, ел ризығын өсіруге арналғандықтан, ауыл шаруашылығының жайын бір кісідей білемін. Кеңес заманында негізінен Ресейде шығарылған техникалар көктемгі, күзгі дала жұмыстарына жұмылдырылатын. Обалы нешік, сапасы жағынан мін айта алмайтынбыз. Өкініштісі сол, қашан тоз-тозы шыққанша пайдалануға мәжбүр болатынбыз. Ауыстырылмайтын, жаңаланбайтын. Қосалқы бөлшектер табу бір қиямет еді. Тапсырыс беріп, сарыла күтетінбіз. Болмаса шеберханаларда, цехтарда өзіміз жасауға тура келетін. Тәуелсіздік жылдар бедерінде бұл салада бағындырған белестеріміз аз емес. Мемлекеттің қуатты қолдауы арқасында отандық техникалар құрастыратын кәсіпорындар ашылып, қазақстандық мазмұнмен толыға бастады. Оның үстіне сервистік қызмет көрсету әлдеқайда оңайланды. Десек те, орасан қаражатты қажет ететін салаға екінің бірі тәуекел етіп, инвестиция құя алмасы белгілі. Қайтарымы қалай болары ойлантады.

Бәсекеге қарымды әрі қолжетімді жергілікті өндіріс орнын неге құрмасқа деген ой мені көптен бері мазалайтын. Бірде бағасы удай болса да, шетелдік егіс кешенін алуға тура келді. Қарсы тараптың уәжіне ештеңе дей алмадым. Монополист болғаннан кейін дегеніне көндірді. Басқа таңдау жоқ. Қыж-қыж қайнап жатқан науқанды бір сәт те тоқтатуға да, босаңсытуға да болмайды. Күзгі жиын-терін аяқталған соң Санкт-Петербург трактор зауытына арнайы барып, тыныс-тіршілігін зерделедім. Ішкі-сыртқы нарығына, ұсыныс-сұранысына барлау, талдау жасадым.

– Олардың бір кездері “К-700” алып техникаларын шығарумен атақ-даңқы шыққан жоқ па?

– Әлі де осы дәстүрлеріне берік. Алғашқы “Фордзон-Путиловец” тракторы осында 1924 жылы құрастырылыпты. Одан бергі кезеңде цехтар бірнеше күрделі жаңғыртулардан өтіп, 60-шы жылдары “Кировец” тракторлары құрастырыла бастаған. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде астық өндірушілерге жарты миллионға жуық техника бірлігі жөнелтіліп, әлі күнге дейін өз маркасын жоғалтқан емес. Тарихы әріден басталатын Путилов, Киров зауыттарының ізін Санкт-Петербург трактор зауыты сабақтастықпен жалғастырып келе жатқанына, заман ағымына орай үйренетін көп жаңалықтар барына көз жеткізіп, нәтижесінде біріккен өндіріс орны ұйымдастырылды.

– Биыл Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде “Батыр” тракторының таныстырылымы күткендегідей болды ма?

– Әрине. Біріншіден, Президент Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына енгізілген жобаларға зор талап қойды. Екіншіден, жыл өткен сайын аграрлы аймақта егіс алқаптарының көлемі артып келеді. Ал жер өңдейтін техникалардың басым бөлігінің қолданыста жүргеніне 15-20 жылдан асқан. Сондықтан озық 30 жобаның қатарына енуі, Мемлекет басшысының кәсіпорынды салтанатты түрде ашуы біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік жүктейді.

– Көпшілік арасында жаңа өнім көшірме болып кетпей ме деген алаңдаушылық жоқ емес. Бұл жағы қалай ойластырылған?

– Бұл тақылеттес сауалдар маған да аз қойылмайды. Біріккен кәсіпорын келешекте өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларына деген қажеттіліктің үштен бірін өтейтін болады. Техникалық жағынан алсақ, Ресейде “К-704-4р” тракторы он жылдан бері шығарылып келеді. Оған қарағанда “Батыр СК” әлдеқайда жетілдірілді. Жергілікті инженерлер солтүстіктің қатал климаттық жағдайын ескеріп, бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтар болсақ, гидравлика мен поршень сорғылары өзімізде орнатылады. Сондай-ақ, рамалар, кабина дизайндары, бак, капот құрылымдары елеулі өзгерістерге ұшырады. Сөйтіп, қазақстандық үлес 40 пайызға жуықтады.

Ресейлік әріптестер зауыт құрылысының бірінші кезеңіне 1,2 миллиард теңге инвестиция құйып, заманауи құрал-жабдықтар орнатылды. “К-704-4р” маркалы техниканың қазақстандық баламасы жуырда құрастырылып, жыл аяғына дейін 20 бірлікке жеткізетін боламыз. 48 адам жұмыспен қамтылып, жылдық қуаттылық 120 тракторға дейін өседі. Пайдалануға он жыл кепілдеме берілгенімен, 20 жылға дейін үздіксіз қызмет ете алады. Тағы бір артықшылығы, кез келген ауыл шаруашылығы техникаларымен жұмыс істей алатындығы.

– Біріккен кәсіпорынның талпынысы қуантады. Енді өнім өткізу жайы қалай болар екен?

– Жуырда Астанада ұйымдастырылған “KazAgro/KazFarm – 2016” халықаралық көрмеге өнімдеріміз қойылып, жоғары баға алғаны бізді қанаттандырады. Бірқатар ұсыныстар түсті. Қай-қайсысы болсын қолжетімділігіне разы. Шетелдік техникаларға қарағанда үш есе арзан. Сосын “Қазагрофинанс”, “Технолизинг”, “Росагролизинг” қаржы ұйымдары арқылы жеңілдікпен де алуға болады. “Батыр” Қазақстан бойынша жасалған алғашқы отандық техника екенін ескерсек, алушылар қатары көбейері анық.

Келешекте егіс кешенін шығаруды белгілеп, қосымша бір цех жабдықталды. Мұндай өндіріс орны елімізде әзірге жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp