«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН ҰСТАЗ

Ұстаздық – дүниедегі мамандық атаулының төресі. Мұғалім мамандығына барынша адалдық танытып, саналы ғұмырын білім саласына арнаған Таңсұлу Мырзахметова – ұстаз дейтін ұлы есімге лайық жан.

Өнегелі ұстаздың жүріп өткен сара жолына қызыға да қызғана қарайсың. Асылы­, мамандық таңдауда қателеспеген адамдардың ғұмыр шежіресі қашанда мағыналы, кейінгіге үлгі. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді дана хал­қымыз. Сүйікті кәсібіне жан-тәнімен беріліп, балаларға жүрек жылуын, мейірім шуағын төгіп, шәкірт бойына адамгершілік, кіші­пейілділік қасиеттерін сіңірген Таңсұлу Дәулетқызы 40 жылдан астам білім саласында тынымсыз еңбек етті.

Кішкентай кезінен мұғалім болуды армандаған Таңсұлу Дәулетқызы мектепті тамамдаған соң алғашқы еңбек жолын өзі білім алған Қаратал орта мектебінен бастаған. Алдымен іс жүргізуші, кейін бастауыш сынып мұғалімі болды. Жас маманға мұғалім мамандығының қыр-сырын үйретуде аға ұстаздардың сіңірген еңбегі зор. Қажымұрат Сағындықов, Жанғали Құлышев, Жанмолда Молдағанапов, Айтмағанбет Дауылбаев, Мәнтай Мукеева сынды аға ұстаздардың қамқорлығын көргенін айтады. Пайым-парасаты зор, таным-түсінігі мол ардақты ұстаздардың көмегінің арқасында шәкірт жүрегіне жол тапқанын жасырмайды. 1981 жылы Щучье қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, кейін Сарыөзек бастауыш мектебінде отыз жылға жуық еңбек етті. Ауыл балаларын білім нәрімен сусындатты. Білім беру ұйымы аудандағы бастауыш мектептердің арасында алдынғы қатарда болды.

– Менен тәлім-тәрбие алған оқушыларым Раушан Кенжеболатова, Айгүл Абирова, Алтынай Жаманғарина, Оралтай Жақсыбаев жолымды қуып, қазіргі кезде аудандағы айтулы мектептерде ұстаздық қызмет атқаруда. Әр оқушымның бағындырған белесіне, қол жеткен жетістігіне қуанамын. Ұстаз дейтін ұлы есімге ешкім де кір келтірмесе екен. Өзге салаларда да табысты еңбек етіп жүрген шәкірттерімді мақтан етемін, – деді Таңсұлу Дәулетқызы.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp