«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АМАНАТ АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ

Таяуда облыс орталығында болған ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шарада өңір басшысы Ерік Сұлтанов Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Земля Возвышенки” ЖШС-нің директоры Оразғали Құдасбаевқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын табыс етті. Осынау марапат агроқұрылымның қол жеткізген табыстарын лайықты бағалағандық деп түсіндік. Сондықтан болар, аталмыш ауданға барған іссапарымызда шалғай жатқан серіктестікке қарай арнайы ат басын бұрдық.

 

Іргесін Амантай ағасы қалаған…

 

Бұл шаруашылықтың негізін 1995 жылы Амантай Құдасбаев қалаған екен. Кезінде Возвышен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас есепшісі, “Ұзынкөл” кеңшарының партия ұйымының хатшысы, Бескөл ауданындағы (қазіргі Мамлют ауданы) “Андреев” кеңшарының директоры, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Возвышен аудандық атқару комитетінің төрағасы, “Возвышен” кеңшарының директоры қызметтерін абыроймен атқарып, еңбек еткен жерлерінде өшпес із қалдырған, өзімен бірге қызметтес болған ұлт кадрларын өсіруге ерекше үлес қосқан Амантай Бөкелбайұлы Возвышен ауданы жабылған шақта туған жерінен алыстамай, орталық қоныста тұрақтап қалыпты. Алғашында бұрынғы аудан орталығымен аттас “Возвышен” шаруа қожалығын құрып, әлеуметтік және өндірістік нысандардың сақталып қалуына бар күш-жігерін жұмсапты. Атқарған тынымсыз еңбегінің арқасында Амантай Бөкелбайұлы ауыл адамдарының болашаққа деген сенімін оятады. Егістік алқаптарды жергілікті тұрғындардың жер үлестері есебінен көбейте отырып, іскер басшы агроқұрылымды “Земля Возвышенки” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналдырады. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен жылдары жинаған мол тәжірибесінің арқасында серіктестікті Мағжан Жұмабаев ауданындағы аяғынан нық тұратын іргелі агроқұрылымдардың алдыңғы сапына қосады. Іскер де тынымсыз жанның 16 жыл бойы атқарған еңбегі өз нәтижесін бере де бастайды. Шаруа қожалығын құрған сәттен бастап озық агротехникалық шараларды қолданудың арқасында егістік алқаптардан жоғары өнім алуға қол жеткізеді, соған орай мехнизаторлардың еңбекақысы өседі, кеңшар кезіндегідей еңбек өтіліне байланысты үстемеақы, заттай төлемақы, “онүшінші жалақы” төлеу сақталады, кәсіпорынның қызметкерлеріне әлеуметтік көмек көрсетіп отырады. Осындай игілікті шаралар агроқұрылымда күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан көрінеді. Амантай Бөкелбайұлы сырқаттанып жүрген кезінде де ауылдастарының болашағын ойлап, шаруашылық есебінен 150 орынға шақталған еңселі мешіт тұрғызыпты.

Інісі бардың тың ісі бар…

Ауыл шаруашылығының майталман маманы ауыр сырқаттан 2011 жылы қайтыс болады.

– Мен ол кезде Астанада “BIC ELIT” ЖШС-ін басқаратын едім. Оның қарамағында кірпіш, цемент-бетон қоспасын, былайша айтқанда, құрылыс материалдарын шығаратын 3 зауыт жұмыс істейді. Құдай қосқан қосағым – Бақыт “ҚазАгро” компаниясында, Англия мен АҚШ-та магистратураны үздік аяқтаған қыздарым Анар мен Динара “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ мен “ҚазМұнайГаз” АҚ-да қызмет атқарады. Еңселі баспанамыз бар. Шаршағанда көңілімді қуантатын немерелерім де көз алдымда. Бірақ қанша жайлы болса да, Астананы ауылға айырбастап, қиын-қыстау кезде өзім өскен, кәсіпкерліктің әліппесін таныған, сол арқылы бизнестің қиын жолын бастаған туған жеріме оралуыма, ағам бастаған істі жалғастыруыма тура келді. Амантай ағамның соңғы аманаты да солай болатын. Сонымен осы шаруашылықтың тізгінін ұстағаныма төрт жыл болып қалды, – дейді Оразғали Құдасбаев. Оразғали Бөкелбайұлының айтуына қарағанда, агроқұрылымның 16 мың гектар егістік алқабы бар. Биыл соның 7 мың гектарына қатты, 3 мың гектарына жұмсақ бидайдың өнімді сұрыптарын, 2 мың гектар алқапқа арпа, 400 гектарға мал азығы үшін аралас дақылдар, 300 гектарға сұлы еккен. Егістіктен артылған жерді ауыспалы егіс талаптарына сәйкес парға қалдырған. Агроқұрылымның 40 тракторы, 20 комбайны, бразилиялық 4 дәрі бүріккіші, сеялка агрегаттары, жеткілікті дәрежеде тіркеме қорапты автокөліктері бар. Машина-трактор шеберханасы мен паркі, 2 механикалық қырман кеңшар кезіндегідей үзіліссіз жұмыс істейді. Қырман заманауи қондырғылармен жабдықталған. Соңғы жылдары серіктестік “ҚазАгро” лизингі арқылы 6 “Есіл” комбайнын сатып алған. Жиын-терім аяқталғаннан бері өз мүмкіншіліктерін саралай келе, келесі көктемгі-дала жұмыстарына дейін 1-2 заманауи себу кешенін сатып алуды жоспарлап отырған көрінеді. Шаруашылықта 100 адам тұрақты жұмыс істейді. Ай сайын берілетін орташа еңбекақы 90 мың теңге шамасында.

– Биылғы көктем де, орақ науқаны да ауа райының қолайсыз жағдайында жүргізілді. Алайда, мемлекеттің зор қолдауы арқасында агротехникалық шараларды тиісті дәрежеде дер кезінде атқардық. Дала жұмыстарын ойдағыдай жүргізуге бағасы 83 теңгеден 500 тонна арзандатылған дизель отынын алдық. Механизаторларымыз да білек сыбана еңбек етті. Соның арқасында егілген астықты ысырапсыз толығымен жинап алдық. Гектар берекелілігі 25 центнерден айналды. Қырманымызда қуаттылығы сағатына 16 тоннаны құрайтын астықкептіргішіміз тынымсыз жұмыс істеді. Сапалы тұқым құйып алдық. Астық сақтайтын қоймамыздың жалпы сыйымдылығы – 20 мың тонна. Облысымыздағы барлық агроқұрылымдар сияқты ауыл шаруашылығы жылы біз үшін биыл сәтті аяқталды, – дейді серіктестік директоры.

Агроқұрылым мал шаруашылығымен де айналысады. Мал фермасында 900 бас асыл тұқымды ақбас сиыр мен 20 бас бұқа, 300 бас жылқы, 200 бас қой күтіп-бағылуда. Шаруашылық құрылғаннан бері “Алабота” тұқымды етті қара малға басымдық беруде. Жыл басынан 200 асылтұқымды қара мал тірідей салмақта сатылған. Алдағы көктемге дейін тағы 100 бас қара малды бордақылауға, 20 шақты соғымдық жылқыны семіртуге қойып отыр. Мал қыстатуға 700 тоннадан астам шөп, 1,5 мың тоннадай пішендеме әзірленген. Орама сабан дайындау да өз дәрежесінде жүргізілуде. Фермада 12 адам жұмыс істейді. Оларға бас мал дәрігері Алексей Терещенко, басқарушы Серік Әлібаев басшылық жасайды.

– Серіктестікте ағайынды Әлібаевтар еңбек етеді. Рамазан – агроном, Серік – мал фермасының басқарушысы. Жұмыс бабымен сапарлап кеткенде, Астанада болған кездерімде мені жоқтатпайды. Олар барда шаруашылықты ойлап, алаңдамаймын. Өзімнен гөрі оларға сенетінім де сондықтан, – дейді іскер замандастары жайлы Оразғали Бөкелбайұлы.

Өткен 2014 жылы тапсырылатын астықтың сапалылығы мен тауарлылығы жөнінен Халықаралық рейтинг одағының “Экспорт/импорт көлемі” критерийі бойынша Қазақстан Республикасының импортшылары арасында арнайы сертификатқа, рейтингтің күміс белгісіне ие болған, ҚҚС бойынша еліміздегі 50 үздік салық төлеушілердің қатарына енген.

– Ауылдағы зейнеткерлерді жемшөппен қамтамасыз ету, оларға қамқорлық жасау тұрғысында агроқұрылым басшысының еңбегі ерекше атап айтарлықтай. Қоғамдық моншаның жұмысын үзіліссіз жүргізіп отырған да – осы серіктестік. Көше мен ауыл арасындағы жолдарды тазалау да, қалпында ұстау да солардың мойнында. Биыл ауылдағы шаруа қожалықтары бірлесіп, орта мектеп ғимаратының шатырын өз қаражаттарына жаңартып берді. Сөйтіп, елдегі мұқтаждықтарды шешуге қолдарынан келгенше көмек көрсетеді. Ағасының ісін жалғастырып, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жыл сайын тұрақты түрде жоғары өнім алып келеді. Аз жылдың ішінде қотандағы қара малдың санын екі есеге өсірді. Сөйтіп, ауыл шаруашылығының майталман ардагері әрі ағасы Амантай Құдасбаевтың лайықты ізбасары екендігін бүгінгі істерімен дәлелдеп келеді, – дейді бізді агроқұрылымға бастап барған аудан әкімінің орынбасары Гүлфира Рамазанова.

Оразғали Бөкелбайұлы ағасы Амантай салғызған еңселі мешіттің жанындағы 10 жылдан бері қалқиып қабырғасы ғана қалған екіқабатты тұрғын үйді қалпына келтіруді қолға алған болатын. Бұл күні еуропа үлгісінде күрделі жөндеуден өткізілген ғимаратта серіктестіктің әкімшілік кеңсесі орналасқан. Ондағы бөлімдер заманауи техникалармен жабдықталған. Ғимараттың ауласына шыршалар мен жеміс ағаштары отырғызылып, айналасы көгалдандырылыпты.

– Екінші қабаттағы бір үлкен бөлмені жаттығу құрылғыларымен жабдықтай бастадық, бірінші қабаттағы сондай бөлмеге бильярд қоймақпыз. Сөйтіп, оларды тынығатын орынға айналдырмақпыз. Біз Ресей Федерациясының Омбы облысымен шектесеміз. Облыс орталығынан 155 шақырым қашықтықтамыз. Бұрын аудан орталығы болып, 1997 жылдан бері ауылдық округке айналған Возвышенканың орта мектебін аяқтаған жастар қалаға құмар. Немесе шекара асып кетеді. Ауылда қалғылары келмейді. Соларды тұрақтандыру, қажетінше заманауи техникаларға отырғызу жағын шешуіміз керек. Осы жағдай барлық агроқұрылымдар үшін өзекті мәселе болып отыр. Біз соны шешу жағдайын ойластырмасақ, 5-6 жылдан кейін техникаға отырғызатын адам таппай қаламыз. Бізді осы жағы көбірек мазалауға тиіс, – дейді ауылдастарының адал еңбегіне арқа сүйеп отырған, олардың ісін өз дәрежесінде бағалай білуді алдына мақсат етіп қойып отырған Оразғали Бөкелбайұлы.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp