«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ана да, бала да дін аман

Петропавлдағы перинаталдық орталықтың дәрігерлері жүктілік барысында дерті асқынған әйелге төрт сағат ота жасап, өзін де, құрсақтағы баласын да аман алып қалды.

Облыстық көпбейінді аурухана перинаталдық орталығының мәлі­метінше, жүкті келіншектің эпигаст­рия аумағы, яғни кіндік тұсының жоғары жағы бұрап ауырып, дәрігер­лерге жүгінген. Қымбат уақытты өткізіп алмау үшін мамандар бірден ота жасауға ұйғарады.

“Көп жағдайда жүкті әйелдерде ауру белгілері анық байқалмайды. Сондықтан жедел ота жасалмаса, науқас өліп кетуі мүмкін. Сол се­бепті жүктілігі 27 апталық келіншек­­ті ке­сарь тілігі арқылы босандырып алып, операция жасауға ше­шім қа­был­данды. Науқаста соқырішек бол­ған, ол асқынып кеткен”, – дейді ор­талықтың директоры Еле­на Калюжная.

1200 грамм шақалақ өмірге ке­ліп, жедел түрде жаңа туған сәби­лер реанимациясына жатқызылды.

Мамандардың айтуынша, ке­сарь тілігінен басқа науқасқа аппен­дэктомия, яғни соқырішекті алып тастау отасы жасалып, іш құрылы­сы жуылған. Күрделі ота болғанына қарамастан, әйелдің өмірге бала әкелу мүшелеріне зақым келген жоқ.

Қазіргі уақытта әйелдің өміріне келер қауіп жоқ, жағдайы жақсы, босанғаннан кейінгі бөлімнен шыға­рылып, сәбиінің қасына, жаңа туған балалар патологиясы бөліміне ауыстырылды. Бұл – оның екінші ба­ласы екен.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp