Ақмарал КӨКБАЙҚЫЗЫ,
36 жаста.
“Бозторғай, бозторғай
Көңіл-күйі кетілген
Сен де мендей жетім бе ең?
Еркелетіп еш пенде
Сүйген емес бетімнен”. Әнші Мейрамбек Беспаев орындайтын “Бозторғай” әнін тағы да үнсіз тыңдап отырмын. Тыңдаған сайын жан жарамды әннің аянышты әуенімен емдеп аламын. Сосын біраз уақытқа дейін жаныма жай таптырмаған ішкі мұңым мен шерімді ұмытқандай күй кешемін. Көңіл-күйімнің бозала таңның түсіндей сәулелі сәттерінің аз болатыны өкінішті!
Адам баласы шыр етіп жарық дүние есігін ашқанда, оның маңдайына ащылы-тұщылы дәмі бар тағдыры жазылып қоятыны рас екен. Қалай десек те, пенде үшін тағдыр дегеніңіз – үлкен бір сынақ алаңы.
Әр адамның өмірі шимайланған кітап іспетті ғой. Сол сияқты менің де өмірім қуаныш пен қиындықтан, бақыт пен сәтсіздіктен, өкініш пен өксіктен құралған. Ол жайында ағымнан жарылып, ақтарыла баяндаған жалғыз адамым – Құдай қосқан қосағым болса, екіншісі бала күнімнен сырласыма айналған басылым – облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газеті. Басылым бетінде жүрек сырымды жайып салуға бірнеше рет оқталғаным бар. Сол сәт бүгін туып отыр.
Мен Мамлют ауданындағы Белое деп аталатын шағын ауылда, толыққанды отбасында өмірге келдім. Бірақ бұл аз уақыттық бақыт бейкүнә балалық шағымның бір бөлігі ғана болды. Өмірдегі көп адамдар сияқты менің де арқа сүйеп, үміт артатын, еркелеп, наздана тіл қататын ең ардақты – ата-әжем, ата-анам болды. Сол бозбиенің сүтіне шомылғандай бақытты күндерім менің жүрегімде санаулы жылдар ғана өмір сүріп, кейін күлімсіреп еске алатын тәтті естелігіме айналғаны өкінішті.
Адам тағдырды таңдамайды ғой. Егер таңдау бақыты бұйырса, жер бетінде мен сияқты жүрегі жаралы, көңілі жүдеу, қамкөңіл адам мүлдем болмас еді. “Азаны бар да айбатын ешкім естімес, Менің өмірім – мұңнан тұрғызған мұнара”, деп жырлаған ақынның да сабырының сабасын сарқыған ішкі күйзелісі болса керек. Екі жасымда атам мен әжем өмірден озыпты. Төрт жасқа толғанымда, естіген, көргенімді еміс-еміс есіме сақтап, адамдардың атын, түр-тұлғасын бір-бірлерінен ажырата ала бастаған балғын шағымда аяқ астынан асқар тауым – әкемнен айырылдым. Оның өмірден озуы анамның ғана қайғысы болмады. Туыстарымды, көршілерімді әбден күйзелтті. Бұл қаралы хабар мені тым ерте есейтіп жіберді. Әлдекімдер төрт жастағы нәрестенің әлдене жайлы ойлайтынына, қуанышқа мейірленіп, қайғыға қамығып, бордай үгілетініне сенімсіздікпен қарауы мүмкін. Алайда, көз алдыңда өз өмірін, үш бірдей баласын қиып, ажалдың аранына жұтылып, өмірмен қоштасуы кімді болмасын тұңғиық ойдың түбіне жетелейді. Осы қайғылы оқиғадан кейінгі өмірімді дұшпанымның да басына бермесін деп тілеймін.
Анам жалғыздыққа төзе алмады. Арқа сүйеуге жарайтын, қамқорлық көрсететін жан іздеді. Шағын ауылдың шетінде тұратын Есімхан (автордың қалауымен есімі өзгертілді) атты елуді еңсеріп қалған адаммен көңіл жарастыра бастады. Оны қызғанатын едім. Көкейімді тескен ойымды анама аңдамай айтып қалып, оңбай таяқ жегенім бар. Түкпірдегі бөлмемнің есігін тарс жауып алып, әкемнің суретіне қарап, оған арыз айтатынмын.
Анам үйге қонбауды жиілетті. Сондай күндері екі ініме ұнды ыстық суға араластырып, ботқа дайындап беретінмін. Бір күні көрші әжей анамыздың көшеде құлап жатқанын айтты. Жанұшыра жетіп бардым. Араққа тойып алыпты. “Ақмарал, ботам, сен мені кінәлама!”, – дейді.
Осылайша, айрандай ұйыған талай отбасыларды алақұйын еткен “ащы су” анамның да, біздің де өмірімізді түбегейлі өзгертіп жіберді. Күні-түні, тіпті, апталап ыстық тамақ ішпейтін, мектепке бармайтын кездеріміз жиіледі. Қыстың қақаған қара суығында жарықсыз, жылусыз отырған сәттер де болды. Оттан да ыстық махаббат сыйлайтын анамыздың суық тартқанын пештің түбінде бүрісіп отырған уақытта ұқтық. Ол аналық мейірімімен, ыстық ықыласымен, мәрт махаббатымен біздің жүрегімізде сөніп бара жатқан сезімді тұтатып жаға алмады. Ана мейірімі оянбады, керісінше, бықсыған шоқтай өше берді, өше берді.
Тоғыз ай бойы бізді құрсағында қиындықпен көтерген анамды кінәлаудан аулақпын. Өйткені, басына іс түскен алмағайып кезде оны қолтығынан демеп, алға жетелейтін туысы не жанашыры болмады. Әбден ішкілікке салынып, өмірде өзін-өзі жоғалтып алған анамыз ата-ана құқығынан айырылып, үшеуіміз облыс орталығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастық. Ол кезде мен бар болғаны төртінші сыныптың оқушысы едім. Бірер жылдан кейін кіші інімді марқұм әкемнің Қостанайда тұратын қарындасы алып кетті.
Бұрын балалар үйінің жаман жақтары, ондағы тәрбиешілердің қаталдығы туралы көп адамдардан естіп, әдеби шығармалардан жиі оқушы едім. Алғашында көңілімде көп күмәннің болғаны жасырын емес. Кейін уақыт өте келе оның бәрі тұмандай сейілді. Жанымның жарасын емші уақыт емес, мектеп-интернаттағы жүздері мейірімге толы тәрбиешілер, ұстаздар жазды. Ортақ достар таптым. Анамнан көрмеген мейірімнің шуағын маған ешқандай туыстық қатынасы жоқ, бейтаныс кісілер сездірді. Оны тағдырымның сыйы деп қабылдадым. Жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне көп адам аяушылықпен, мүсіркеушілікпен қарайды. Алайда, қамкөңіл балаларды бір арнаға тоғыстырған жетімдер үйінен кез келген отбасында кездесе бермейтін бақытты табуға болатынын ешкім түсіне бермейді.
Мен сабақты да жақсы оқып, мектептің қоғамдық өміріне де белсене қатыстым. Мереке сайын ұйымдастырылатын іс-шаралардың басы-қасында жүретінмін. Осындай қасиеттерімді байқаған мектеп-интернаттың басшылығы мені Алматыда, Астанада өтетін дәстүрлі конкурстарға, білім сайыстарына жиі жіберетін болды. Ондай сайыстардан да құр алақан қайтқан кезім аз еді.
Он бірінші сыныпта қандай жоғары оқу орнына түсемін, таңдаған мамандығым бойынша мемлекеттік грантқа қол жеткізе аламын ба деген ойлардың жетегінде жүрген кезім болатын. Бір күні өңіріміздегі ірі дүкендер желісінің қожайыны талантты жастарды қолдау мақсатында мейрамхана ісі, туризм мамандықтарында оқығысы келетіндер үшін оңтайлы жағдай жасап жатқаны туралы естідім. Болашақта өзімнің жеке кәсібімді ашқым келетін мен бұл жағымды жаңалықты Алла тағаланың сыйы деп түсініп, лезде шешім қабылдадым. Олар да менің шешімімді мақұлдап, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсуіме ықпал етті. Тегін оқу, ай сайын алатын шәкіртақы маған жаңа мүмкіндіктер есігін айқара ашты. Оқу, білім алу, іздену, еңбегімнің жемісін көру, мені осы жағдайға жеткізген ардақты адамдарға қол ұшын беру басты өмірлік мақсатыма айналды. Туризм мамандығының нағыз білгірі болу үшін адамдармен тіл табысудың, ұйымдастырушылық қабілеттің болуы жеткіліксіз. Ағылшын тілін меңгерудің маңызы зор. “Көктен іздеген жерден табылды” деген осы шығар. Университет басшылығы “Work and Travel” бағдарламасы аясында жазғы демалыста Американың Индиана штатына баруға мүмкіндік туып тұрғанын айтқанда, өзімді қоярға жер таппағаным рас.
…Аппақ армандарымды арқалаған күйі ақ бұлттардың арасымен ұшып келемін. Мен сол сәтте көк аспанның кеудесін жарып өтіп келе жатқан ұшақтың ішінде армандардың орындалатыны туралы ойладым. Кез келген қиындықтың соңы жақсылықпен аяқталатынын түсіндім.
Бәлкім, ата-анасыз өскендігімнің ықпалы болар, қолдағы бақытымды жоғалтып алудан қатты қорқамын. Жоғары оқу орнына түсуіме де осы қасиетім әсер етті деп ойлаймын. Әке махаббатын сезінбегендіктен, болашақ жарым маған үнемі сүйіспеншілікпен қарап, қолдау көрсететін нағыз қамқоршым болса деп армандайтынмын. Тәрбиелі, жүрегінде иманы бар, қазақ тілі мен руханиятының жанашырын бөтен елде жолықтырғанда ішкі түйсігім бұл сенің бақытың деп сыбырлағандай болды. Жолдасым – Айдос өте адал, ақкөңіл, қамқор адам. Жеке кәсібі бар. Алғаш танысқанда екеуіміздің ойымызды бір арнаға тоғыстырған – біздің меңгеріп жүрген мамандығымыз.
Бүгінде, Құдайға шүкір, деймін. Бала күнімде көрші әжейдің “Шүкірлік – иманның жартысы”, деп айтатын сөзі құлағымда қалыпты. Жұмысымыз да, табысымыз да жақсы. Осыдан екі жыл бұрын Петропавлдағы бір мейрамхананы жалға алып жұмыс істесек, биыл өзіміз жаңа ғимарат салу үшін жер сатып алдық. Ең бастысы, жан жарым қасымда. Мені түсінетін бауырларым бар. Олардың да білім алып, өз отбасыларын құруына қолымнан келгенше көмектесіп келемін. Бауырларымның бәрін оқыттым. Қостанайдағы інімді де қамқорлығыма алдым. Ол Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы университетті қызыл дипломмен тамамдады. Олар маған “анамыз да, әкеміз де өзіңіз” деген сайын өткен күндерім киноның көнетоз лентасындай көз алдымды көлбей кетеді. Үшеуіміз оңаша қалғанда:
“Жалғанда жалған жалғанда
Анадан жақын жан бар ма?
Арманда ма екен анасы
Жанында жүрген жандарға?
Аңсатқан жанға жетем деп
Жетімдер үйін мекендеп
Қарайлап жүр-ау анасын
Қайтіп бір келер ме екен деп?” – деген жолдармен өрілген әнді тыңдаймыз. Қандай болса да дүниеде анадан асқан жан жоқ екенін мойындаймыз. Бізде бәрі бар: ақша да, дүние де, көлік те… Ана мейірімі әлі күнге дейін жетпей жүр.
Дайындаған Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.