«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНТЫНА АДАЛ АЗАМАТ

Петропавл қаласының шығаберісіндегі тасжолда орын алған жол-апатына куә болғандар жағаларын ұстады. Түннің бір уағында қарама-қарсы бағытта зулап келе жатқан қос көлік соқтығысып қалды. Қас қағым сәтте “BMW” маркалы көлік жол жиегіне ұшып кетті. Осының бәрін көріп келе жатқан азаматтық қорғаныс майоры Асқар Ысмағұлов көлігін тоқтата салып, аударылып жатқан “BMW”-ға қарай жүгірді. Көлік ішінде төрт адамның қарасы көрінеді. Ол алдыңғы орындықтарда қауіпсіздік жастығына қысылған жүргізуші мен қарт әйелді, артта екі жас адамды байқайды. Жолаушылардың төртеуі де есеңгіреп қалған сыңайлы, орындарынан қозғалар емес. Денелерінде жарақаттың іздері байқалады. Алдыңғы орындықтағы әйел есінен танып қалыпты. Асқардың қасына “Ниссан” көлігінің жүргізушісі де тез жетті. Екеулеп алдында отырған әйелді көліктен шығарады. “Ол көзін ашқан кезде жаным жадырай қалды. Демек жамандықтың бәрі артта қалды деп ойладым”, – дейді кейін оқиғаны еске алған Асқар Ибадоллаұлы.

Құтқарушы көп кешіктірмей оқиға орнына “Жедел жәрдем” мен полиция қызметін шақырады. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің “112” нөміріне хабарласып, мұндағы жол-көлік апатының жайын хабарлайды. Бұл істі тындырған соң зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетуге кіріседі.

Кешікпей көмек те жетті. Адамдар құтқарылды. Енді ол үйіне жетуге асығып, көлігіне қайта от алдырды. Үйде оны зайыбы Сания мен балалары Сәкен, Сабина күтіп отыр.

– Сол күні жұмыстан кештеу шыққан едім. Жолда келе жатып, оқыс оқиғаның үстінен түстім, – дейді Асқар.

Асқар Ысмағұловтың оқиға кезінде басқаша қимыл танытуы мүмкін емес еді. Адамгершілік қасиеттерді жоғары бағалайтын ол әріптестері мен достарының, туған-туыстарының алдында құрметке ие. Көкшетау техникалық институтының түлегі – сөзі орнықты, жауапкершілігі мол, мамандығына деген сүйіспеншілігімен, өзіндік ұстанымымен ортасына сыйлы. Әріптестері оны қашанда үлгі тұтады. “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” ММ кадр жұмысы бөлімінің бастығы Асқар Ысмағұлов осылай адамдардың өміріне қауіп төнген кезде өзінің жоғары адамгершілік қасиеттерін, біліктілігін көрсете білді.

Әріптестерінің бірі одан: “Зардап шегушілерді ауруханаға алып кеткеннен кейін қандай сезімде болдың?” – деп сұрағанда: “Бұл күні бекерге өмір сүрмегенімді түсіндім… Қиын жағдайға тап болған адамдарға көмекке келу біздің парызымыз ғой, сол биіктен көрінгеніме қуандым”, – деп жауап қатты азаматтық қорғаныс офицері Асқар Ысмағұлов.

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің

мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp