«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРАЛАС МЕКТЕП – АЛАҢДАУҒА СЕБЕП

Бір күні қызым үйге көңілсіз келді. Себебін сұрасам, хореограф бидің қимылдарын орыс тілінде айтыпты. Қазақ тобына барып жүрген бала бірін түсінсе, бірін түсінбеген. Кейін білсем, хореограф шын мәнінде қазақша білмейтін орыстілді маман екен. Бұл – өңірімізде кең тараған қос тілде білім беретін балабақшалар мен мектептерге ортақ олқылық. Себебі онда қосымша білім беретін мұғалімдердің дені – орыстілді мамандар.

Талай жылдан бері белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы елімізде кең етек алған аралас мектептердің ұлтымыз үшін қауіпті екенін айтып жүр. Тарихи деректерге сүйенсек, елімізде 1937-1938 жылдың өзінде 478 аралас мектеп болса, бүгінде оның саны екі мыңнан асып жығылады. Шала қазақтардың жыл асқан сайын еселене көбеюінің фабрикасына айналған аралас мектептердің түп негізі – XIX ғасырдың аяғында ашыла бастаған орыс-түзем мектебі. Орыс-түзем мектебінің мақсаты орыстандыру болса, еліміз тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде ғасырлар бойғы қазақ ұлтын рухани құлдыққа түсіріп, тоғышар тобырға айналдыру саясатының “мұрасынан” неге арыла алмай жүрміз?
Бүгінгі таңда өңірімізде 475 мектеп жұмыс істеп тұр. Соның тек 115-і таза қазақ тілінде білім береді. 258 мектеп орыс тілінде оқытса, 102 аралас мектеп бар. Өңіріміздегі 71790 оқушының 12365-і – қазақтілді мектепте, 6865 бала аралас мектептердегі қазақ сыныбында оқиды. Орыс тілінде білім алып жүрген 52560 оқушының арасында қанша қазақ баласы бар екені белгісіз. Облыстық білім басқармасы өткен жылдан бері мұндай статистика жүргізбесе де, қазақтілді мектепте 280 өзге этнос өкілі білім алып жүргенін айтады.
Ал тілі жаңа шыққан бүлдіршіндер мектепке дейінгі 490 ұйымда тәрбиеленуде. Оның тек 138-і таза қазақ тілінде білім берсе, ресми тілде жұмыс істейтіндердің саны – 291. Ал 61 мектепке дейінгі ұйым қос тілде тәрбиелейді.
1990 жылы Петропавлда “Қазақ тілі” қоғамының жергілікті белсенділері қаладағы орыс мектептерінің жанынан қазақ сыныптарын ашамыз деп бастама көтеріп, үй жағалап үгіт жүргізген кезде 20 мыңдай қазағы бар шаһардан ана тілінде білім алуға шын ықылас танытқандардың басын қосуды мақсат тұтқан еді.
– Кезінде орыс мектептерінің жанынан қазақ сыныбының ашылуы қаракөздерімізді өз ана тілінде білім алуға тарту үшін жасалған уақытша амал болатын. Қазір елдің жағдайы түзеліп, экономикалық әлеуетіміз жақсарған тұста қазақ сыныптарымен ғана шектелмей, мемлекеттік тілде білім беретін мектептер салуымыз керек. Қазақ балалары аралас мектептерде ұлттық тәлім-тәрбие алмайды. Әрі бұл мектептердің басшылары да қазақ сыныптарының жағдайына көңіл бөлмейді, – дейді “Қазақ тілі” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жангелді Тәжин.
Орыс мектептерінің жанынан қазақ сыныптары ашылғаннан бергі отыз жылдың ішінде не өзгерді? 2008 жылдан бастап оқушылар саны азайған орыс мектептерінің жанынан қазақ сыныптары жаппай ашылды. Сол кезде “Орыс мектептерінде оқушы саны аз. Олардың орнын қазақ сыныптары басып, қазақтілді мектепке айналады” деп қуанған болатынбыз. Алайда, қазақшаға ауысқан орыстілді мектепті көрген жоқпыз. Керісінше, өз ана тілін жетік білмейтін қаракөздің қарасы қалыңдап барады.
– Қазіргі таңда даярлық тобында 12 бала білім алады. Өткен екі тоқсан бойы балаларға сабақ берудің орнына қазақша үйретіп әлекпін. Қазір айтқанымды түсінетін болды. Алдағы уақытта өзара диалог құрып, сөйлесе алатын деңгейге жеткізу керек. Бір жыл бойы баланы қазақша сөйлеуге үйреткеніммен, ертең оны ата-анасы орыс мектебіне беруі мүмкін. Соңғы екі жылда орыс тілінде оқитын қазақ балаларының саны көбейді. Біздің мектеп қос тілде білім береді, көрші сыныптардағы оқушылардың тең жартысы өзіміздің қаракөздер екенін көріп жүрмін, – дейді №9 орта мектептің даярлық тобының тәрбиешісі Шынар Рамазанова.
Аралас білім беретін ұйымдардың кесірінен балалардың білгенінен айрылатынын ата-аналар да мойындап отыр. “Үйде таза қазақша сөйлеген балам балабақшаға барғаннан бастап тілі шұбарланды. Ертеңгілікке “Жаңа жыл” әнін жаттады. Әлгі әннің сөзін: “Жана жыл, жана жыл, жана жыл. Ак корпесын жамылды гой дала кыр”, – деп айтады. Мен түзесем, “Жоқ, тәте бізге осылай үйретті”, – дейді. Қазақ тобының балаларына әнді қазақ әріптерін айта алмайтын орыстілді маман осылай үйреткен. Кейін мектепке барғанда қазақ тіліне тән әріптерді дұрыс айта алмай қиналды”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Жазира Жұматова.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілде оқытатын білім ордаларын салған кезде қазақ сыныптарын толығымен сонда көшіруді қарастырған жөн. Біреудің босағасында жетімнің күйін кешіп жүрген қаракөздер өз шаңырақтарында, ана тілінде білім алып, ұлттық тәрбиенің уызына қанар еді.
Облыс орталығындағы “Жас өркен” шағынауданында салынып жатқан мемлекеттік тілде білім беретін білім ордасына Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеппен бірге екі бірдей аралас білім ордасының оқушылары көшірілетіндігі жайлы хабарды естігенде қуанып қалдым.


Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp