Академиялық ардагерлер хоры жыл басталысымен гастрольдік сапарларын бастап кетті. Өнерпаз қариялар облыс орталығындағы бірнеше оқу орнын аралап, студент жастарға өз өнерлерін паш етті.
Людмила Хоритонованың ардагерлер хорында ән шырқағанына он жыл болған. Бұрын бұл шығармашылық ұжымда тек 13 адам ғана өнер көрсетсе, бүгінде олардың қатары 30-ға жеткен. Санаулы жылдар ішінде соғыс және еңбек ардагерлерінің өнерлі ұжымы еліміздің бірнеше қалаларында концерт қойып, патриоттық әндер байқауында топ жарды. Қарттар бірнеше тілде ән орындайды. Осы жолы өнерпаз әжелер мен аталар халқымыздың «Туған жер», «Шолпан», «Қазақ елі» әндерін және орыстың частушкаларын айтып, жастардың қошеметіне бөленді. Сұрапыл соғыс жылдарындағы халықтың, жауынгерлердiң көңiл-күйiн айқын суреттейтiн әндер мен халық шығармашылығынан алынған туындылар да әр тыңдарманға ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал аға буын орындауындағы «Атамекен» әнiн жастар да қосыла шырқағанда, сахна иелері ерекше шабыттанды. Ардагерлер хорының репертуары бай. Майдан даласындағы ерлiк, Отан қорғау тақырыбындағы мазмұны терең туындылармен қатар, халық әндерi де бар.