
Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебінің ұстазы Нұрислам Әбділ Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған “Қалың елім, қазағым…” атты республикалық ақындар айтысының арнайы сыйлығымен марапатталды.
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының және Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан республикалық байқауда 24 айтыскер өнер көрсетті. Ақындар бірінші айналымда Абайдың өмірі мен шығармашылығын жырға қосып, бүгінгі толқынның әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыруға тырысты. Екінші айналымда үміткерлер өз өңірлерінің жетістіктеріне тоқталып, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысы туралы баяндады. Жерлесіміз Нұрислам Әбділ екі күнге созылған додада Атырау облысының қос айтыскері Серік Қойшығұловпен және Сырымбек Сәрсенбаевпен сөз жарыстырды.
Айтыстың ақтық мәресіне онымен бірге 9 өнерпаз өтті. Жыр додасының бас жүлдесі айтыс ақыны, “Egemen Qazaqstan” газетінің журналисі Рауан Қайдаровқа бұйырды.