
Халқымыз аттың жалында, атанның қомында жүріп, ұзақ ғасырлар бойы ұлан-ғайыр жерге иелік етіп, ұлттығымызды айғақтайтын дүниелерді бүгінгі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келді. Сол мұралардың бірі – қазақтың ұлттық ойындары. Алайда, ата-бабамыздан қалған бұл мирас аумалы-төкпелі замандардың бірінде ұмыт болып, тек соңғы жылдары ғана қайта жаңғырып келеді. Ал өңірімізде бұл төл ойындарымыздың қарқынды дамуына үлес қосып жүргендердің көш басында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин мен ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Руслан Арықов тұр. Осы ағаларымның қолдауымен бүгіндері мен де осы салада тер төгіп жүрмін.
Мен Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының тумасымын. Балалық шағым ауылды жерде өткендіктен, жаныма ұлттық дүниелер жақын. Әсіресе, қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысын болмасын жақсы білемін. Бүгінде өшкенімізді жаңғыртып, ұлттығымызды ұлықтауға үлес қосып жүрмін десем, артық айтпаспын. Осы орайда өзім жұмыс істеп жүрген қазақ-түрік лицейіндегі шәкірттеріме асық ату, бес тас және тоғызқұмалақты үйретіп жүргеніме екі жылдан асыпты. Сол кезден бері өңірде өткен түрлі ұлттық іс-шаралардан қалмай, белсене араласып, талапшыл жас ретінде танылдым. Сонымен бірге, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне де жаттықтырушы болып жұмысқа орналастым.
Бүгінде аталған ұлттық ойын түрлері бойынша облыстың бас төрешісімін. Өңірден тысқары жерлерде де төрешілік еттім. Мәселен, 2015 жылы Тараз қаласында “Үздік төреші” атансам, былтыр Қызылордада өткен республикалық жарыста “асық ату” сынында бас төреші болдым.
Былтыр Жомарт Сабыржанов, Ерсайын Нарымбаев сияқты ағаларымыздың арқасында асық ату жарысы этнограф-ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналып, елордада “Алтын асық” деген атаумен халықаралық деңгейде өтті. Бұл додада да төрешілік еттім. Жалпы асық ойындарының ортақ бір ережесі болмағандықтан, ойыншылар үшін көп қиындықтар туындайтын еді. Кейін асық ойындарының халықаралық ережесі жасалып, оны Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекітті. Астана қаласында “Асық ату” федерациясы құрылып, арнайы оқу құралдары да шықты. Сол кезде өңірімізде де “Асық ату” федерациясының филиалын құрып, осы ұлттық ойынды одан әрі дамытуға үлес қоссам деген ой туды. Ендігі ретте қолдау тауып, осы ойымды жүзеге асырсам деймін.
Қай спорттың түрін алсаңыз да, оның адам денсаулығына тигізер пайдасы мол. Асық ату ойыны ұл балалардың қырағылығын қайрап, ойлау қабілетін арттырса, “бес тас” қыздарды шапшаңдыққа, ширақылыққа баулып, ептілікке үйретеді. Жалпы асық ойындары ұлттық мәдени мұрамыздың озық үлгілерінің бірі болып табылады. Менің жетекшілігімдегі балалардың бәрі де талапты да ынталы, асық ату мен бес тас ойнаудан алдарына жан салмайды. Мәселен, Әділ Есім, Жанбота Жарылқасынов, Арайлым Құрметбек, Марал Мырзағалимова, Қуанай Қуаныш, Юра Поляков – айтқаныңды екі етпей орындап, жеңіске жету жолында табандылық танытатын оқушылар. Осы топпен 2015 жылы Тараз қаласында асық атудан екінші орынды иеленсек, былтыр облыстық турнирде жеңімпаз атандық. Әрбір жеңіс баланың қанатын қатайтатыны белгілі ғой. Содан бері олардың жетістікке жетсек деген ынта-ықыласы, ұмтылысы еселене түсті.
Өз басым облыс құрамасымен де талай турнирлерге қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Екі жыл бұрын Өскемендегі республикалық бәсекеде асық атудан “Сұр мерген” атағын иелендім. Ал былтыр Астана қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелiк iс-шарада 52 килограмдық қойды мойныма салып, 90 рет отырып, тұрдым, нәтижесінде жеңімпаз атандым. Ал жалпы мерекелiк жарыстардың қорытындысы бойынша облысымыздың құрамасы елордалық жігіттерді алға жіберіп, жалпыкомандалық есепте екiншi тұғырдан көрінді.
Мұның барлығы – етек-жеңімізді жиып, тарихымызды түгендеп, салт-дәстүрімізді жаңғыртып жүргеніміздің айғағы. Ұлттық рухты көтеретін төл ойындарымыздың жер-жерде жиі ойналуы үрдіске айналып, турнирлер дәстүрлі түрде өткізіліп тұрса, асығымыздың алшысынан түскені болар еді.
Ағжан СҰРАҒАНОВ,
облыстық қазақ-түрік лицейі
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.