«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА-АНАМДЫ ЕЛІ АРДАҚТАҒАН

Ұлы Жеңістің 70 жылдығын бүкіл әлем жұртшылығы тойлады десек, артық айтқандық болмас. Миллиондаған адамдардың өмірін қиған, бір ғана елге емес, бүкіл адамзатқа қауіп төндірген сол қасіретті күндер алыстаған сайын Жеңістің ұлылығын, шын бағасын түсініп, от пен оққа кеудесін тосып, елін, жерін жау шеңгелінен қорғап қалған хас батырлардың ерлігіне тәнті боласың, бас иесің. Жақсылыққа, жасампаздыққа жол ашқан Ұлы Жеңісті жақындатқандардың қатарында менің әкем – Хамза Сұлтанұлы Сұлтановтың да болғанын мақтаныш етемін. Жыл сайын Жеңіс күні боздақтарды есімізге алып, Отан үшін жан берген қайсар ұлдардың рухына тағзым етеміз. Әрине, батыр болу әркімнің маңдайына жазылмаған. Бірақ ел басына күн туған сәтте қолына қару алып, ел іргесін қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Бұл тек соғысты басқарған қолбасшылардың ғана жеңісі емес, етігімен су кешіп, басқыншыларға тойтарыс берген әрбір сарбаздың, “Бәрі де – Майдан үшін, бәрі де – Жеңіс үшін!” деп қолында барын майдан даласындағыларға жөнелткен, өздері күн демей, түн демей еңбектен қол үзбеген тылдағы ана-апаларымызға да ортақ. Сондықтан қолыма қалам алып, Жеңісті жақындатуға, соғыстан кейін еліміздің аяғынан тік тұруы үшін аянбай еңбек еткен әкем туралы, оның адами болмысы мен ұрпақ тәрбиесіндегі ұстанымы жайлы аз-кем естелігімді газет оқырмандары назарына ұсынуға ұйғардым.

Менің әкем 1924 жылдың 15 мамырында бұрынғы Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданының Бірлік ауылында дүниеге келген. Отан қорғаушылар қатарына 1942 жылдың 2 ақпанында шақырылыпты. 289-шы дивизияның 1046-шы полкінің құрамында Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан. Жан беріп, жан алысқан талай қанды қырғынды бастан кешкен. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді” демекші,1944 жылы ауыр жараланып, елге оралады. “Отан соғысы” орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Әкем өзі бел ортасында болған зұлмат соғыс туралы әңгімеге үйіріле қоймайтын. Бұл барша адамзаттың қайғысы, сол кезде өмір сүрген адамдардың таланына жазылған ауыр қасірет деп жанарына жас алмаса да, күрсінетін де қоятын. Оның осы мінезін білетін біз де ескі жараның аузын қозғамауға тырысатынбыз. Қан майданда қанды көйлек жолдастарынан, бір мақсат, бір мүдде, жауға деген қанды кек біріктірген жерлестерінен айрылу оңайға соқпағаны анық қой.

Әкеміз соғыс аяқталған соң Сергеев ауданындағы Бірлік ауылында есепші, “Семиполка” кеңшарында бухгалтер болып қызмет істеді. 1962 жылы Жаңажол, Жаңаталап, Кеңес ауылдарын біріктірген “Бұлақ” кеңшары құрылғаннан кейін зейнет демалысына шыққанша бас бухгалтер болды. Ол қай жерде еңбек етсе де, әрдайым адами болмысы мен парасат-пайымының арқасында кез келген ортада сыйлы, сөзіне үлкен-кіші бірдей құлақ түрген абыройлы адам атанды. Маңайындағылар ізетпен Хама аға, анамызды Зейни апа деп атайтын.

Ата-анамыз қарапайым ғұмыр кешті, байлық, мансап қуып, ешкімнің алдына шығуды мақсат еткен емес, “бар байлығымыз – балаларымыз” деп отыратын. Бізді бала күнімізден үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулыды. Бар деп тасынған, жоқ деп жасыған емес. Барға қанағатшыл адам еді. Оны осындай қарапайымдылығы мен өресінің кеңдігі өзгелерден оқ бойы озық қылды. Олар барын бөліп беруге әзір тұратын. Көмек сұраған ешкімнің көңілін қалдырған емес. Осындай ақкөңілділіктерінің арқасында біздің әулет жайлы ел тек жақсы лебіздер ғана білдіретін. Әкем мен анам құстың қос қанатындай бір-бірін толықтырып тұрушы еді. Әкем томаға тұйық, аз сөйлеп, көп толғанатын болса, анамыздың мінезі емен-жарқын. Кез келген адамды бірден баурап алатын. Үйдің бар ауыртпалығы, жұмысы анамыздың мойнында болды. Ол үй шаруасымен ғана шектелген жоқ, мектепте аспаз болып еңбек етті. Әйтеуір, екі қолын алдына салып босқа қарап отыра алмайтын. Осындайда анамызға қамқор болып, жұмыстың бір шетін біз тындыратынбыз.

Әкемнің бір қасиеті кітапты көп оқитын. Жан дүниесі бай – ділі берік адам еді. Жұмыстан қолы босаған сәттерде кітап әлеміне шомып кетуші еді. Осының арқасында әдебиеттің бай мұрасын бойына жинап, бізді де кітапқұмар, нәзіктік пен сезімталдыққа құштар қылып өсірді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары ауылда “Роман-газетаны” жаздыратын адамдар некен-саяқ еді. Сол кездері біздің үйден газет-журнал, кітаптар үзілмейтін. Кеңес жазушыларының шығармаларын біз бауырларымызбен бірге жарыса оқушы едік. Осылай әкеміз білімді ұрпақ қана мұратқа жететінін бізге сөзімен де, ісімен де дәлелдеді.

Біз, артында қалған балалары, ата-анамызды мақтанышпен еске аламыз. Бәрімізді оқытып, жоғары білім алуға мүмкіндік жасады. Біздің адам ретінде қалыптасып, қоғамға, мемлекетке пайдасын келтіретін азамат ретінде еңбектенуімізге жол ашты. Өз бойындағы барлық жақсы қасиеттерді бізге дарытты.

Әке-шешеміз немерелерін өте жақсы көруші еді, олардың еркеліктерін кешіріп, жігерлендіріп отыратын. Бүгінде Жанар, Жангүл, Бибігүл, Мадина, Айжан, Олжас, Алмас, Әйгерім – сол кісілердің ізін жалғастырушылар. Олар барда ұрпақтар сабақтастығы үзілмек емес. Менің жадымда махаббат пен сыйластық, қамқорлық пен түсіністік салтанат құрған қарашаңырақ сол қалпында қала береді. Өйткені, ұшқан ұям – алтын бесігім бізді қанаттандырып, адам деген ардақты есімді абыроймен арқалап жүруге ынталандырады. Олардың берген тәрбиесін ақтап, парасатты ұрпақ тәрбиелеп өсіру әкем мен анамнан қалған аманат деп білемін.

Орынбасар ХАМЗАҚЫЗЫ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp