Мен соғыстың қасіретін тарихтан, түрлі фильмдерден және атамның әңгімесінен ғана білемін. Көз алдыма соғысты елестеткен кезде жаным түршігеді. Күннің көзін тұмшалаған қара түтін, зеңбіректер ойқастаған жердің төсі, қан-жоса болған адамдарды ойлаған кезде сұм соғыс енді қайталанбаса екен деп тілеймін. Біздің ауылдан аттанғандардың ішінде майдан даласында қалғандары да, аман елге оралғандары да болды. Сонымен қатар жеңіске жету үшін жауынгерлерді азық-түлік, қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек еткендер аз емес. Солардың бірі – менің атам Уаш Тілеуімбетов.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде атам тоғыз жасар бала екен. Қостанай облысы, Ленин ауданы, Западный ауылында дүниеге келген. Заманның қиындығынан балалық шақтың қызығын көрмей, ерте есейген.
– Западный ауылы кішігірім кеңшар болатын. Сұрапыл соғыс басталғанда ауылда бас көтерер ер-азамат қалмады. Кемпір-шал, қыз-келіншек, буыны қатпаған балалар жұмыстан қашпадық, аянбай еңбек еттік. Мен де атқа, арбаға жегілген өгізге отырып, шаруашылықтың барлық жұмысына араластым. Жер жырту, алқаптағы дәнді жинау істерін үлкендермен қатар атқардық. Өнімнің, азық-түліктің дені майданға жіберіледі. Әжелеріміз тоқыған кеудеше, қолғап-шұлықтарды да өзіміз кимей, жауынгерлерге жібереміз. Біздің мақсатымыз біреу ғана – жауды жеңу. Сол арманымыз орындалып, соғыс та аяқталды, – дейді атам.
Соғыс аяқталған кезде атам он үште еді. Ата-анасынан ерте айырылған ол жетім балалар үйіне барғысы келмей, Солтүстік Қазақстан облысындағы туыстарына келеді. Жамбыл ауданына қарасты Ақбалық ауылында ауылнай боп қызмет атқарып жүрген Нұрғожа деген ағайыны бауырына басады. Атам өз қолы өз ауызына жеткенше, жетімдіктің тауқыметін көп тартты. Соғыстан кейінгі жылдар да кімге болсын оңай тиген жоқ. Туыстың босағасында жүріп, оларға да ауыртпалық түсірмеуді ойлаған он алты жасар атам Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кетмен ауылына барып, жұмыс істеген. Жиырма жасында әскерге шақырылып, 1952-55 жылдар аралығында әскери борышын Беларусь елінде өтеп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, бірнеше медальды төсіне тағып келген. Елге оралған соң, Ақбалыққа орнығады. Көрші Жаңажол ауылынан Зықан әжемізді тауып, қосылады. Екеуі үш қыз бен екі ұлға бақытты өмір сыйлады.
Атам кеңшарда қырық жыл қызмет істеген. Еңбегі елеусіз қалмай “Халық шаруашылығындағы еңбегі үшін” медалімен, Алғыс хаттармен марапатталған. Заманында кеңшардың дамуына, Ақбалық ауылының гүлденуіне үлесін қосқан жан.
Атамның аузынан “Өмір – таусылмайтын күрес” дегенді жиі естимін. Өмірдің талай соқпақтарынан сүрінбей өтіп, қиындықтарға мойымай жетіліп, ұрпақ тәрбиелеп, бүгінде солардың қызығын көріп отыр. Атам “Ел-жұрт аман болсын!”, “Тату-тәтті болыңдар!”, “Біреудің ала жібін аттамаңдар!” дегенді жиі айтады.
Біздің отбасымыз үшін 9 мамыр – ерекше күн. Әулетіміз жиналып, атамды құттықтаймыз. Атам бала болса да Жеңіске жету үшін маңдай терін төкті. Сондағы соғыс ызғарынан көп қиындық көрді. Бұл күні атам көзіне жас алса, біз ол мұңның астарында не жатқанын жақсы білеміз.
Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері аз қалды. Тыл еңбеккерлерінің де қатары сиреп барады. Бірақ ерлердің есімдері ұрпақ үшін ұмытылмайды. Жеңіс күні ауыл ортасындағы ескерткішке барып, гүл-шоқтарын қою дәстүрі әлі жалғасып келеді. Сол ескерткіштерге жазылған азаматтардың есімін оқи отырып, оларға бүгінгі бейбіт өміріміз үшін алғысымызды айтамыз.
Берік УАШ,
“Парасат” мектеп-лицейінің оқушысы.
Қызылжар ауданы.