Үстіміздегі жылдың қаңтар айында “Жас Отан” жастар қанатының облыстық филиалының мұрындық болуымен Петропавл қаласында “PetroLeague” аула футбол лигасы басталған болатын.
Облыстағы барлық аула және әуесқой командалардың басын біріктіріп, өңірде әуесқой футбол қозғалысын құруды көздеген спорттық сайысқа 17 құрама командадан өтініш түссе, Петропавл қаласы мен Аққайың, Қызылжар және Мамлют аудандарының құрама командалары ғана іріктеуден өтті.
Еске сала кетсек, 2015 жылдың жазында “Жас Отан” жастар қанаты мен “Қазақстан болашағы үшін” СҚБ аула командалары арасында “PetroCup” турнирін өткізген болатын. Оған 2000-ға жуық адам қатысып, бәсекелі сайыста “Динамо” командасы жеңімпаз атанды. Егер өткен жазда ойын кубоктық жүйе бойынша ұйымдастырылса, биыл айналым жүйесі бойынша өтеді. Жеңімпаз жиналған ұпайға байланысты анықталады. Бірақ алдымен командалар турнирдің іріктеу кезеңінен өтулері қажет.
Алғашқы ойында “PetroCup” ойындарының жартылай финалистері “Динамо” мен “Қызылжар Су” ЖШС-нің “Таймас”, “Әділет” пен “Бескөл” құрама командалары кездесті. Бұл ойындардың нәтижесінде “Динамо” 7:3 есебімен басым түссе, “Бескөл” командасы 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Осы орайда “Намыс” командасымен болған кездесудің бірінші таймында екі доп айырмашылығымен жеңіліп жатып, жеңіске жеткен “Мамлютка” құрамасын атап айтуға болады. Ал аққайыңдықтар болса, “Фортуна” құрамасын тізе бүктірді.
Көрермендердің көзайымына айналған “Тұлпар” командасы да үздіктердің қатарында.
Лига ойындары наурыз айында аяқталады.
Мұса ТАНАҚҰЛОВ,
“Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы.