«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЗСУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ

Тәуелсіздікке қол жеткен күннен бері ел тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Қызылжар өңірінде де ауызсуға зәру ауылдар аз емес. Өзекті мәселені шешуге қомақты қаражат жұмсалып, көптеген жұмыстар атқарылуда. Биыл облыста 207 шақырым су құбырын қалпына келтіріп, 310 колонка орнату міндеті тұр.

Облыстық энерге­тика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшы­сы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, қазіргі уақытта өңірде 253,9 мың тұрғыны бар 396 ауыл орталықтандырылған су желісіне қосылған. Бұл – жалпы елді мекендердің 62,4 пайызы. Дегенмен, 56,9 мың тұрғыны бар 239 ауылға таза ауызсу жетпей отыр. Қазір елді мекендердің 62,4 пайызына орталықтандырылған су тартылған. Десек те, бұл салада шешімін күткен мәселелер әлі де болса аз емес.
– Былтыр су желілерінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлінді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 48 ауылда су құбырлары қалпына келтіріліп, 583 үй орталықтандырылған су желісіне қосылды. Биылғы жылы 7,9 млрд. теңгенің жұмысы атқарылатын болады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Алдағы уақытта 51 мың тұрғыны бар 59 ауылға су құбырын тарту, су желілерін жаңарту жоспарлануда. Сөйтіп, 3,6 мың үйге су жеткізіледі деп күтілуде, – дейді Әділбек Әубәкіров.
Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін орталықтандырылған сумен қамту желісіне қосылған ауылдардың санын 62,8 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұған негізінен елді мекендердегі тозығы жеткен су құбырлары желілерін қайта қалпына келтіру арқылы қол жеткізу көзделуде. Аталмыш жұмыстар былтыр 41 ауылда атқарылған болатын. Ендігі кезекте 50 ауылдағы тозығы жеткен су құбырларында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2,8 мың баспанаға су берілмек.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp