«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДА АШЫЛҒАН СПОРТ НЫСАНДАРЫ

Аққайың ауданының Дайындық ауылында заманауи спорт кешені және Есіл ауданының Петровка елді мекенінде жабық хоккей корты пайдалануға берілді. Жаңа нысандар – бұқаралық спортты дамытуға көп көмек. Ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.

«Хоккей кортындағы жүйелі жаттығулардың арқасында тың есімдер пайда болып, өңірімізді төрткүл дүниеге танытады деген сенімдемін. Елімізде бұқаралық спортты дамытып, саламатты өмір салтын насихаттауға үлкен көңіл бөлініп келеді. Өңірімізде қысқы спорт түрлері бойынша спортшыларды тәрбиелейтін орталықтар аз емес. Былтыр 37 спорт нысаны тұрғызылса, 28-і – ауылдық жерлерде. Олар – спорт кешендері, хоккей корттары және шағын футбол алаңдары. Биыл инфрақұрылымды одан әрі жандандырамыз, «Қарасай» стадионын жаңғырту аяқталады. Петропавл қаласында мұз сарайының құрылысы басталады. Сонымен қатар жабық ойын манежі бар футбол академиясы салынады. Осылайша әр тұрғынның спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстануына барлық жағдайды жасайтын боламыз», – деді Ғауез Торсанұлы.

Бүгінде облыс аумағында 18 жабық хоккей алаңы жұмыс істейді. Оның үшеуі былтыр Шал ақын, Айыртау және Жамбыл аудандарында бой көтерді.

* * *

Аққайың ауданындағы Дайындық ауылындағы жаңа спорт кешенін елді мекенді қамқорлығына алып отырған жеке кәсіпкер, ұлттық спорттың жанашыры Біржан Шаймерденов салды.

Нысанның ашылу рәсіміне өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге Парламент Мәжілісінің депутаттары да қатысты.

Ғауез Торсанұлы құттықтау сөзінде әлеуметтік жауапкершілікті өз міндетіне алып, ауылды гүлдендіріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға лайықты үлес қосып келе жатқан ел азаматтарының облыста аз емесін атап өтті.

Облыс әкімі ауданда жүзеге асырылып жатқан маңызды инфрақұрылымдық жобалармен танысты. Мұнда биыл үшжылдық су тарату желілерін жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жаңа сорғы стансасы мен резервуарлар орнатылады. Нәтижесінде 1,6 мың отбасы сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, Смирнов мектеп-гимназиясында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жаңғырту жүргізілді. Технология, бейне-студия, робототехника, телестудия, STEM сияқты заманауи кабинеттермен толықты. Бюджет қаражаты есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өңір басшысы аудан орталығындағы өрт сөндіру бөлімінде болды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp