«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«АУЫЛДАРДА АВТОБУС ҚАТЫНАСЫ ЖОҚ»

Тайынша ауданындағы Краснополян ауылдық округі – түрлі этнос өкілі қоныстанған мекен. Ауызбіршілігі жарасқан тұрғындар туған жерлерін көркейтуге өз үлестерін қосып келеді. Нәпақаларын еңбекпен тауып, ең бастысы жан баласына жалтақтамай ғұмыр кешіп жатқан елді мекеннің бүгінгі жағдайын білу үшін ауылдық округ әкімі Талғат Жомартовпен кездестік.

– Талғат Базарбайұлы, сіз­дерге келе жатқанда Доброжа­новка ауылының жанынан өттік. Санаулы ғана үй қалыпты, жолы да нашар көрінді. Жалпы Красно­полян ауылдық округінің құра­мында қанша ауыл бар?

– Округтің құрамына Крас­ная поляна, Доброжановка, Краснодольское, Озёрное, Степ­ное, Черниговское, Южное ауылдары кіреді. Глубокое ауылы өткен жылы таратылды. Жасы­рып қайтейін, халық саны аза­йып бара жатыр. Қазіргі таңда округте 1135 адам тұрады. Ха­лықтың сәл де болса тұрақтауы­на ауылдардағы агроқұрылым­дардың үлесі бар. Ауылдық ок­руг орталығында «Зеленые луга», «Таң», «Краснополянс­кое» ЖШС, Южное ауылында «Южное», «Васьковское» шаруа қожалығы, Степное ауылында «Степное» өндірістік коопера­тиві, Озерное ауылында «Озер­ки» серіктестігі, Черниговкада «Фауна» шаруа қожалығы жұ­мыс істеп жатыр. Тұрғындардың денін осылар жұмыспен қамтып отыр. Еңбекақылары уақытылы төленеді. Ауылдағыларды жем-шөппен қамтамасыз ету мәсе­лесі де шешілді. Бұл шаруашы­лықтар өз жұмысшыларына жан-жақты көмектеседі. «Зеле­ные луга» ЖШС алдағы уақытта жұмысшыларына арнап үй салу­ды жоспарлап отыр.

– Кейбір ауылдардың маңын­да төрт қабырғасы ғана қалған бұрынғы мал қоралары көп екен. Олар онсыз да құты қашқан ауылдардың сиқын кетіреді, әрі жанға да, малға да қауіпті. Неге сүргізіп тастамайсыздар?

– Біз шаруашылықтарға қа­раусыз қалған қораларды бұзу керек екенін айттық. Екеуін бұ­зып алды. Қалғандарын да алда­ғы уақытта бұзатын шығар. Заң бойынша, шаруашылықтар бұ­зып алмаса ірі көлемде айыппұл салынады. Алайда кейбір мәсе­лелерді шешу үшін шаруашы­лықтардың көмегіне жүгінеміз, керек кезде техника беріп бір жағынан шығысып жатады. Ауылды көркейтуге атсалысады. Сондықтан бұл мәселеде олар­дың да жағдайына түсіністікпен қарап, «ат құйрығын кесіспейік» деген көзқарасты ұстанып отыр­мыз.

– Өзіңіз алты жылдан бері ең­бек етіп келе жатқан округтің бүгінгі әлеуетін қалай бағалайсыз?

– Соңғы бес жылдың ішінде ауыл қарқынды дамып келеді. Былтыр «Зеленые луга» 1 млрд. теңгеге жуық инвестиция са­лып, тауарлы-сүт фермасын ке­ңейтті. Сол жылы Краснополян орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл­дарды ауызсумен қамту үшін ке­шенді блок-модульдер орнаты­лып жатыр. Осыдан 2-3 жыл бұ­рын біздің ауылдарда қара жол ғана болды. Мұндай жолдар жауынды күндері қандай бола­тынын өзіңіз де білесіз. Тұрғын­дар тілерсектен саз кешіп жүрді. Бұл жолдарға алдымен қиыр­шық тас төсеп, үш жылдай күттік. Қазір кейбіріне асфальт төселді. Соның өзінде де жолдар бұзылып жатыр. Жалпы біздің округтегі жолдардың дені жөн­делді. Мәселен, биыл аудан бо­йынша үш ауылдың жолына ас­фальт төсеуге қаржы бөлінді. Соның бірі – біздің округке қа­расты ауыл. Алдағы уақытта Красная поляна – Краснодольс­кое – Южное ауылдары бағы­тындағы 16 шақырым аудандық жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Қажетті жобалық-сметалық құжаты дайын. Егер 2026 жылы бұл жобаға қаржы бөлінсе, онда округтегі жол мә­селесін толық шешеміз.

Ауылдардағы заңсыз қоқыс орындарын жойдық. Үш ауыл­дың көшесін жарықтандырдық. Былтыр «Краснополянское» ЖШС Мәдениет үйінің ғимара­тын сыйлады. Екі қабатты ны­санды жөндеу керек. 432 млн. теңгенің жобалық-сметалық құжатын жасадық. 2026-2027 жыл­дары «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасы аясында жөнделе ме деген үмітіміз бар.

– Красная поляна ауылдық округтің орталығы болғасын оның жайы жақсы екені түсінікті. Қал­ған алты ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?

– Қазіргі таңда округ орта­лығында–520, Доброжановка­да–48, Краснодольскоеда–91, Озерныйда–262, Степноеда–67, Южноеда–94, Черниговкада–53 адам тұрады. Бұл ауылдардың жағдайын жақсартуға тырысып жатырмыз. Қызылжар өңірі егін және мал шаруашылығымен ай­налысуға қолайлы ғой. Жоғары­да атап өткенімдей, алты ауыл­дың барлығында шаруа қожа­лықтары жұмыс істеп тұр. Олар­дың техникалары бар. Ауылда­ғы күнделікті жұмысты өздері-ақ тындырады. Қысқы уақытта жол ашу керек болса, солардың көмегіне жүгінеміз.

– Доброжановка ауылының жолы қашан жөнделеді?

– Ол ауылдың көшелерін және сіздер көрген 17 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Ол – болашақтың еншісіндегі жоба.

– Әріптестеріңіз «Ауылдық округ әкімі ешкімге тәуелді бол­мауы үшін оның өз техникалары болуы керек» дегенді жиі айтады. Әкімдіктерді техникамен қамтамасыз етудің амалы бар ма?

– Мен бұл пікірмен келі­семін. Ауылдарды абаттандыру­да агроқұрылымдарға тәуелдіміз. Олардың өз жұмыстары шаш етектен. Көктемгі егіс, күзгі орақ кезінде техникалары бос болмай­ды. Жалынып-жалпайып жүріп техника сұрау – бір жағынан ұят, екінші жағынан намыстанасың. Жуырда мемлекеттік сатып алу арқылы трактор алдық. Енді ауылдың шөбі өссе, қоқыс жи­найтын болсақ, ешкімге жалын­баймыз.

Тағы бір айта кететін жайт, біз өткен жылы «Водолей» деп аталатын өрт сөндіру кешенін алдық. Соны алғанымызға әлі күнге дейін ризамыз. Былтыр Красная поляна ауылында үй мен оған жапсарлас салынған дүкен отқа оранды. Келлеровка ауылынан өрт сөндірушілерді шақырттық. Бірақ олар жеткен­ше бәрі кеш болуы мүмкін ғой. «Водолейді» алып келіп, су ша­шып, маңайдағы үйлерді оттан аман алып қалдық.

– Округте бір мектеп қана қа­лыпты. Қалған ауылдардың бала­лары қайда барып оқиды?

– Мен көп жыл мұғалім бол­дым, мектеп басқардым. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметке білім саласынан ауы­сып келдім. Бұл мәселе менің жүрегіме қатты батады. Шы­нында да мектептер жабылып қалды. Озерное мен Красно­дольское орта мектептерін бала­ның жоқтығынан сақтай алма­дық. Қазір маңайдағы ауылдар­дың балалары Краснополян орта мектебінде интернатта жатып оқиды. Балаларды ауылдардан тасымалдау үшін жаңа автобус бөлінді.

– Ауылда шешілмей тұрған тағы қандай мәселе бар?

– Күрмеуін тарқата алмай отырған мәселе жоқ. Алға қой­ған мақсат бар. Ол – ауылда жайлы жағдай жасау үшін инфрақұрылымды дамыту.

– Инфрақұрылым демекші, округ аумағында ұялы байланыс нашар, тіпті жоқ десе де болады. Бұл мәселені қалай шешпексіздер?

– Иә, шынында да округ ау­мағында ұялы байланыс нашар. Өткен жылы Краснодольское ауылына «Beeline» мұнарасын орнаттық. Соның нәтижесінде үш ауыл ұялы байланыспен қам­тылды. Степное, Черниговка, Доброжановкада ұялы байланыс жоқ. Оларға да мұнара орнату үшін тиісті компанияларға хат жазып жатырмыз.

– Округте автобус қатынасы жоқ екен. Тұрғындар алыс-жақын елді мекендерге қалай қатынап жүр?

– Жалпы аудан бойынша ауылдарда автобус қатынасы жоқ. Себебі тиімсіз. Округте осы істі қолға аламын дегендер бол­ды. Бірақ қойылған талаптарды орындауға жағдайы келмеді. Сондықтан округ тұрғындары өз көліктерімен қатынайды не бол­маса «inDrive» қосымшасымен такси шақырады.

– Ауылда дәріхана, медпункт бар ма?

– 2019 жылы бәрімізді әбі­герге салған әлемдік пандемия басталғаны белгілі. Сол кезде ауылдың медбикесі жекеменшік дәріхана ашты. Алайда жұмысы жүрмей, жабылып қалды. Бірақ аудандық орталық аурухана ар­қылы қайтадан дәріхана аштық. Қазір ол жұмыс істеп тұр. Бар­лық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Ауылдық округ аума­ғында 6 медициналық пункт бар. Қазіргі таңда Черниговка, Краснодольск, Южное, Добро­жановка ауылдарына маман қа­жет.

– Бірер жыл бұрын көктемгі су тасқынын бастан өткердіңіз­дер. Тұрғындар көктемді қамсыз қарсы алуы үшін қандай жұмыс­тар атқарылды?

– Шынында да, 2023 жылы облыс бойынша көктемгі су тас­қыны ауыр тиді. Сол жылы қат­ты қиналдық. Былтыр аудан әкімдігімен ақылдаса отырып, ауылдарды қызыл судан құтқа­рудың жоспарын жасадық. Негізгі жұмыстарды өткен жылы аяқтадық. Ұзындығы 1 шақы­рым, биіктігі 2 метр бөгет ор­наттық. Судың бағыты бойынша ауыл ішіне 19 құбыр қойылды.

–Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp